Шымкент қаласында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтарға кәсіби әрі қолжетімді заң көмегін көрсетуге бағытталған «Халық заңгері» республикалық акциясы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Маңызды қоғамдық бастама аясында тұрғындар өздерін толғандырған түрлі құқықтық мәселелер бойынша білікті мамандардан тегін кеңес алып, заң талаптары мен өз құқықтарын қорғау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпаратқа ие болды.
Жуырда қаладағы «Арбат» саябағында ұйымдастырылған кезекті акцияға қаладағы мемлекеттік органдардың басшылары мен мамандары, прокуратура өкілдері, экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері, заң консультанттары палатасының мүшелері, адвокаттар, нотариустар және жеке сот орындаушылары қатысты. Арнайы қабылдау алаңында тұрғындармен жеке-жеке жұмыс жүргізіліп, олардың арыз-өтініштері мен сұрақтары тыңдалды.
Жалпы акция барысында 30-ға жуық маман азаматтарға құқықтық кеңес берді. Шараның басты ерекшелігі – тұрғындардың бір мезетте бірнеше құқық саласының мамандарына жүгініп, өз мәселелеріне қатысты нақты бағыт-бағдар алу мүмкіндігі болды. Қала тұрғындары заңгерлік көмек алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырмай, қажетті ақпаратты тікелей кәсіби мамандардан алды.
Акция барысында жер қатынастарына байланысты мәселелерге сұраныс жоғары болды. Тұрғындар жер учаскелерін заңсыз иелену, жерді алып қою, меншік құқығын рәсімдеу және заңсыз құрылысқа қатысты сұрақтарымен жүгінді. Әрбір мәселе бойынша заң талаптары түсіндіріліп, азаматтарға қандай мемлекеттік органға және қандай тәртіппен жүгіну қажеттігі жөнінде кеңес берілді. Сонымен бірге отбасылық құқық саласына қатысты мәселелер де жиі көтерілді. Алимент өндіру, ата-аналардың балаларымен кездесу тәртібі, ата-аналық құқықтар мен міндеттер жөнінде азаматтарға заң аясында түсініктеме ұсынылды. Кейбір тұрғындар еңбек қатынастарына байланысты сауалдарын қойып, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы құқықтар мен міндеттер, еңбек даулары және заңсыз жұмыстан босатуға қатысты кеңес алды.
Тұрғын үй және азаматтық құқық саласындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Азаматтар баспанаға қатысты даулар, мүліктік мәселелер, келісімшарттық қатынастар және басқа да құқықтық мәселелер бойынша мамандардың көмегіне жүгінді.
Акция кәсіпкерлер үшін де пайдалы алаңға айналды. Шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік сатып алу рәсімдері, тендерлерге қатысу, конкурстық талаптар және тендерлік құжаттамаларды әзірлеу мәселелері бойынша тиісті мамандардан түсініктеме алды. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің заң талаптарын дұрыс түсінуіне және құқықтық тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Мұндай шаралардың қоғам үшін маңызы зор. Өйткені кез келген құқықтық мемлекеттің берік негізі – заңды білу, оны сақтау және азаматтардың өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы. Осы тұрғыдан алғанда, «Халық заңгері» акциясы елімізде жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидатын қоғам өмірінде орнықтыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
«Заң және тәртіп» – тек құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты ұғым емес. Бұл – қоғамдағы әрбір азаматтың заң талаптарын құрметтеуі, өз құқығын заңды жолмен қорғауы және өзгенің құқығы мен мүддесіне жауапкершілікпен қарауы. Заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болған жағдайда ғана берік қалыптасады.
Осы ретте халыққа құқықтық көмектің қолжетімді болуы ерекше маңызды. Азамат өзінің қандай құқығы бар екенін және қандай жағдайда қайда жүгіну қажеттігін білген кезде, даулы мәселелерді заң аясында шешуге мүмкіндік алады. Ал құқықтық сауаттылықтың төмен болуы, керісінше, түрлі түсінбеушіліктер мен заңбұзушылықтарға жол ашуы мүмкін.
Сондықтан тұрғындарға кәсіби заңгерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің тікелей кеңес беруі қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал етеді. Бұл азаматтардың мемлекеттік органдармен ашық байланысын күшейтіп, олардың өз мәселелерін заңды әрі өркениетті жолмен шешуіне жағдай жасайды.
Шымкентте өткен «Халық заңгері» республикалық акциясы тұрғындардың көкейінде жүрген көптеген мәселеге құқықтық тұрғыдан жауап беруге мүмкіндік берген маңызды шара болды. Ең бастысы, акция азаматтарға заң көмегінің қолжетімді екенін көрсетіп қана қоймай, «Заң және тәртіп» қағидатының күнделікті өмірдегі мәнін түсіндіруге де ықпал етті.
Заңды білу, құқықты құрметтеу және тәртіпті сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі. Осы бағыттағы түсіндіру және құқықтық көмек көрсету шаралары азаматтардың заңға деген сенімін нығайтып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.




