
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенімді нығайту. Бұл бағытта Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға арналған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жол қозғалысын реттеу, қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру, апат қаупі жоғары аумақтарды бақылауға алу – осы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.
Соңғы уақытта қала көшелерінде жаңа жол белгілерін орнату, бейнебақылау камераларын көбейту және жол қозғалысын қауіпсіз ұйымдастыру мақсатындағы жұмыстар тұрғындардың оң бағасына ие болып отыр. Әсіресе адамдар көп шоғырланатын және балалар жиі жүретін аумақтардағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, көлік қозғалысына кедергі келтіретін немесе жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін орындар қайта зерделенуде.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде жергілікті тұрғындар полиция қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдіріп келеді. Тұрғындардың айтуынша, полиция қызметкерлері халықтың өтінішіне дер кезінде құлақ асып, көтерілген мәселелерді жергілікті жерде қарап, нақты шешім қабылдап жатыр. Жаңа жол белгілерінің орнатылуы мен бейнебақылау камераларының көбейтілуі тұрғындардың қауіпсіздігіне деген сенімді арттырған.
«Жігіттер келіп, қажетті жұмыстардың барлығын атқарып жатыр. Жол белгілерін орнатып, камералар қойылып жатыр. Қауіпті тұстарды өздері аралап көріп, тиісті шараларды қабылдауда. Осындай игі жұмыстар үшін мың да бір алғысымызды білдіреміз», – дейді тұрғындардың бірі.
Сонымен қатар, Ворошиловка шағынауданында тұрғындардың бірнеше жылдан бері көтеріп жүрген жол қозғалысына қатысты мәселелері оң шешімін тапты. Бұған дейін аудан тұрғындары мен мешіт жамағаты көлік қозғалысының қарқындылығы салдарынан қауіпсіздік мәселесін бірнеше мәрте көтерген болатын. Әсіресе құлшылыққа келетін азаматтар мен жаяу жүргіншілер үшін жолдың қолайсыздығы алаңдаушылық туғызған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы тұрғындармен өткізген кездесуде бұл мәселе ашық айтылып, жергілікті халық бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Азаматтар аталған көшеде біржақты қозғалыс ұйымдастыруды және көлік жылдамдығын төмендететін жол кедергілерін орнатуды сұраған еді.
Көп ұзамай тұрғындардың өтініші назарға алынып, тиісті мамандар жол қозғалысын зерделеп, қажетті өзгерістерді жүзеге асырды. Нәтижесінде көшеде біржақты қозғалыс белгіленіп, қауіпсіздікті арттыру мақсатында жол кедергілері орнатылды. Бұл шешім көлік қозғалысын реттеуге, кептелісті азайтуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік берді.
Жергілікті тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өтініштердің қысқа мерзімде орындалғанын ерекше атап өтті.
«Біз көтерген мәселе назардан тыс қалмады. Мешітке келетін жамағаттың қауіпсіздігі үшін біржақты қозғалыс ұйымдастырылып, жол кедергілері орнатылды. Бұл – тұрғындардың пікіріне құлақ асудың және нақты істің көрінісі. Осы жұмыстарды жүзеге асырған полиция қызметкерлеріне және қолдау көрсеткен барлық жауапты азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз», – дейді аудан тұрғындары.
Қоғам тарапынан айтылған мұндай алғыс сөздер полиция қызметінің тиімділігін ғана емес, халық пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімнің нығайып келе жатқанын көрсетеді. Себебі қауіпсіз орта қалыптастыру – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаменті тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне ерекше мән беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде жетілдіріп келеді. Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, заманауи бақылау құралдарын енгізу және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету – «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты көрінісі.
