Адалдық бар жерде - адасу жоқ

Қысқаша

Адалдық бар жерде - адасу жоқ

1.jpg

Мемлекет басшысы айқындап берген «Заң мен тәртіп» қағидаты – бүгінде ел дамуының басты темірқазығы, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі әділдік пен ашықтықтың берік діңгегі. Қоғамда құқықтық мәдениетті орнықтыру, әсіресе ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзетіп жүрген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін арттырудан басталатыны анық. Себебі халықтың мемлекетке деген сенімі, ең алдымен, полиция формасын киген әрбір азаматтың іс-әрекетінен көрініс табады.

Осы маңызды міндетті басшылыққа алған Шымкент қаласының Полиция департаментінде «Саптағы заңдылық» іс-шарасы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Сала мамандарының басын қосқан бұл алқалы жиынға Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының өкілдері мен департаменттің жеке құрам қызметкерлері толықтай қатысты.

Басқосуда құқық қорғау органдары өкілдерінің қызметтік тәртіпті сақтау мәдениеті, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әдеп нормаларын ұстану мен жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тетіктері жан-жақты сөз болды. Жиын барысында сөз алған сарапшылар мемлекеттік қызметтің ең басты құндылығы – адалдық пен азаматтық ар-ұждан екенін баса айтты. Тәртіп сақшысының әрбір қадамы қоғам бақылауында екенін алға тартқан спикерлер халық алдындағы жүктелген жауапкершіліктің жүгі қашан да ауыр екенін қаперге салды.

Кездесуде, сондай-ақ, қызмет барысында орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу және азаматтармен қарым-қатынас орнатуда кәсіби этиканы сақтау мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Басқосуға жиналған қауым сыбайлас жемқорлықпен күрес тек заңмен шектелмей, ең алдымен, әрбір қызметкердің ішкі мәдениеті мен жеке ұстанымынан басталуы тиіс деген ортақ мәмілеге келді.

Жиын соңында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың мемлекет пен қоғам дамуына тигізер кері салдары бейнеленген арнайы деректі ролик ұсынылды. Басқосу түйінінде жеке құрам өкілдері Антынан айнымай, халыққа адал қызмет етуге, заң талаптарын мүлтіксіз орындауға шақырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік атмосферасын қалыптастыруға бағытталған мұндай профилактикалық шаралар – полиция беделін арттырып, халық пен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтудың сенімді жолы.