
Қоғамдағы тәртіп тек заң талаптарын сақтаумен шектелмейді. Ол адамның айналасына, туған жеріне және ортақ қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілігінен басталады. Көшенің тазалығы, саябақтардың абаттандырылуы, жасыл желектің сақталуы – қоғамдық мәдениеттің айқын көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық жауапкершілікті қалыптастырумен де тікелей сабақтас.
Шымкентте осы бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бастаманың негізгі мақсаты – қаланың тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоғамдық тәртіп пен экологиялық мәдениетті күнделікті өмір салтына айналдыру. Бұл іске коммуналдық қызмет мамандарымен қатар жастар мен еріктілер де белсенді атсалысуда. Қаланың Орманшы тұрғын алабында орналасқан «Тұқымбақ» аумағында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына Шымкенттің бес ауданынан келген коммуналдық мекемелердің 100-ден астам қызметкері қатысып, жасыл аумақты күтіп-баптау жұмыстарына жұмылдырылды. Мамандар шөп шауып, ағаштардың артық бұтақтарын қырқып, арамшөптерді тазалады. Көшеттер өсірілетін аумақтар ретке келтіріліп, алдағы күзгі ағаш отырғызу маусымына қажетті жұмыстар жүргізілді.
«Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Ербол Есіркеповтің айтуынша, тұқымбақтағы жұмыстар маусымдық сипатпен шектелмейді. Мұнда жыл бойы жүйелі түрде күтім жасалады. Жалпы аумағы 12 гектарды құрайтын тұқымбақта қала көшелерін, саябақтарды, гүлзарлар мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға арналған түрлі ағаш және бұта көшеттері өсіріледі. Күн сайын 35 қызметкер көшеттерді суару, жерді қопсыту, арамшөптерден тазарту және өзге де күтім жұмыстарын атқарады. Өсірілген көшеттер кейін қаланың жасыл қорын толықтыруға бағытталады.
Экологиялық бастама жастар арасында да кең қолдау тауып отыр. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен акцияға 14 пен 35 жас аралығындағы 40 ерікті қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, жас мамандар және қоғамдық ұйымдардың белсенділері болды. Әртүрлі ортадан жиналған жастарды туған қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу мақсаты біріктірді. Акция алдында жастармен арнайы кездесу өткізіліп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Қалалық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Қуаныш Серікбай қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Кездесуге прокуратура, полиция және экологиялық қызметтердің өкілдері қатысып, қоғамдық тәртіпті сақтау, табиғатты қорғау және азаматтық жауапкершілік мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мамандар «Таза Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсаты тек сенбілік өткізу емес екенін атап өтті. Негізгі міндет – қоғамда тазалыққа, тәртіпке және қоршаған ортаға деген тұрақты жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Бұл ұстаным «Заң мен тәртіп» қағидатымен толық үндеседі. Өйткені заңды құрметтеу – қоғамдық кеңістікті құрметтеуден, ал азаматтық жауапкершілік – туған жерге жанашырлықтан басталады. Кездесуден кейін еріктілер Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының аумағы мен Абай атындағы саябақта тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Олар қоғамдық кеңістіктерді қоқыстан тазартып, жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтіріп, санитарлық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосты.
Бүгінде «Таза Қазақстан» Шымкентте бір реттік сенбілік аясынан шығып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тұрақты қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Ал коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегі мен жастардың еріктілік бастамалары осы мақсатты нақты істермен бекемдей түсуде.
Таза қала – тек көрікті қала емес. Ол – тәртібі берік, жауапкершілігі жоғары қоғамның айнасы. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатының шынайы мәні әр азаматтың өзінен басталып, ортақ кеңістікті қорғау мен туған қалаға жанашырлық танытудан көрінеді. Тазалықты сақтау – міндет, табиғатты қорғау – жауапкершілік, ал заң мен тәртіпті орнықтыру – баршамызға ортақ парыз.
