
Жақында Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кезекті профилактикалық іс-шара өтті. «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған шараны Тұран ауданы прокуратурасы патрульдік полиция полкімен бірлесіп өткізді. Негізгі мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін күшейту. Іс-шара барысында жол қозғалысына қатысушыларға Жол жүрісі қағидаларын сақтау, қауіпсіздік талаптарын орындау және қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол үстіндегі әр әрекеттің адам өміріне тікелей әсер ететінін ескертіп, жолдағы мәдениет пен тәртіптің маңызын атап өтті.
Сонымен қатар қала аумағындағы барлық LED экрандарда жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы арнайы ескерту хабарламалары орналастырылды. Бұл – тұрғындардың назарын қауіпсіздік мәселесіне аударуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Өйткені қоғамдық орындарда тұрақты көрсетілетін ақпараттық материалдар азаматтардың құқықтық сауатын арттырып, жолдағы жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді.
Жедел-алдын алу шарасы барысында көлік құралын басқару құқығынан айырылған азаматтардың қайтадан автокөлік тізгініне отырған фактілері де анықталды. Құқық қорғау органдары мұндай заңбұзушылықтардың жолын кесіп, тиісті шаралар қабылдады. Мамандардың айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылған адамның көлік басқаруы – тек заң талаптарын бұзу ғана емес, өзге азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнген қатер.
Прокуратура өкілдері жол қозғалысы ережелерін сақтау әр азаматтың міндеті екенін ерекше атап өтті. Себебі жолдағы тәртіп – адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі. Көп жағдайда жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйде көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін тақпау немесе жол белгілеріне немқұрайлы қарау сияқты қарапайым талаптарды сақтамаудан туындайды.
Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Жол үстіндегі тәртіп пен өзара сыйластық – қауіпсіз қоғамның маңызды белгісі. Сондықтан мамандар тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.
Бүгінде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай профилактикалық шаралар қоғамдағы құқықтық сананы нығайтып, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналып отыр.
