
Елімізде кәсіпкерлік ортаны қорғау, бизнестің заңды мүдделерін қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы ашық диалогты нығайту мен құқықтық сауаттылықты арттыру бағытындағы жұмыстарға айрықша назар аударылуда. Осыған орай Шымкент қаласында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жиынға Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Батыр Ергешов, Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры Сабира Адамбекова, Кеңес төрағасы Қайрат Акенов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Басқосу барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Кеңес отырысының күн тәртібінде жарнама саласындағы кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау бойынша қабылданған шаралар, жүргізілген тексерулердің нәтижелері мен анықталған заң бұзушылықтар қаралды. Бұл саладағы мәселелер соңғы уақытта кәсіпкерлер тарапынан жиі көтеріліп жүргендіктен, прокуратура органдары тарапынан арнайы талдау жүргізілген.
Жиында Батыр Ергешов жарнама саласында заң талаптарының сақталмауы салдарынан кәсіпкерлерге 260 миллион теңге көлемінде төлемақы негізсіз есептелгенін айтты. Прокуратураның араласуы нәтижесінде 2 571 кәсіпкер мен жеке тұлғаның құқығы қорғалып, заңсыз шешімдердің күші жойылған. Сонымен қатар заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – экономиканың тұрақты дамуы мен инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды тетігі. Сондықтан бизнесті негізсіз тексерулерден, артық әкімшілік қысымнан қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Кеңес отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту мәселесі де сөз болды. Биыл аталған тізім 19 атаудан 31-ге дейін ұлғайтылып, осы санаттағы өнім өндірушілерді қолдау шаралары қолға алынған. Бұл өз кезегінде ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға және отандық өндірушілерге қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда. Батыр Ергешов әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін электр энергиясының тарифі төмендетілгенін мәлімдеді. Бұған дейін 1 киловатт/сағат үшін 41,06 теңге төлеп келген кәсіпкерлер енді электр қуатын 34,31 теңгеден пайдаланатын болады. Мұндай қолдау шаралары өндіріс шығындарын азайтып, кәсіпкерлердің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жиын барысында Кеңес төрағасы Қайрат Акенов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелері туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, кеңес алаңы кәсіпкерлердің мәселелерін ашық талқылауға және мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Басқосу соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Ашық форматта өткен кездесу бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтып, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің маңызын көрсетті. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай кездесулер елдегі кәсіпкерлік ортаны дамытуға, бизнестің құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға және ашық әрі әділетті экономикалық жүйе қалыптастыруға ықпал етуде.
