Жол қауіпсіздігі - ортақ жауапкершілік

Қысқаша

Жол қауіпсіздігі - ортақ жауапкершілік

Screenshot_12.jpg

Қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету  – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Осыған орай өткен аптада Шымкент қаласының полиция департаменті ұйымдастырған «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Рейдтік шара барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтіп, жүргізушілер арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жедел-профилактикалық іс-шараның екі күнінде 3000-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталған. Бұл – жолдағы тәртіп мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсететін көрсеткіш. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде қарсы бағытқа шығудың 6 фактісі тіркелсе, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту бойынша 17 жағдай белгілі болған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 15 дерегі анықталған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай өрескел құқық бұзушылықтар жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналады. Әсіресе қарсы бағытқа шығу мен бағдаршамның қызыл түсіне өту ауыр зардаптарға әкелетін апаттардың жиі орын алуына себеп болады. Сондықтан полицейлер мұндай заңбұзушылықтарға қатысты бақылауды күшейтіп отыр.

Рейд барысында мас күйінде көлік басқару және жүргізуші куәлігінсіз рөлге отыру бойынша 7 дерек анықталған. Сонымен қатар өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтірудің 78 жағдайы тіркеліп, басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілі болды. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылған. Жол қауіпсіздігі – тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Себебі жол үстіндегі бір сәттік салғырттық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға шақырып келеді. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің пікірінше, мұндай профилактикалық шаралардың тиімділігі тек анықталған құқық бұзушылықтар санымен өлшенбейді. Ең бастысы, жол апаттарының алдын алу, адам өмірін сақтау және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда «Қауіпті жүргізуші» іс-шарасы жүргізушілердің тәртібін бақылап қана қоймай, олардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға да ықпал етуде.

Бұған дейін Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов баспасөз мәслихатын өткізіп, қала аумағында өткен жылдың 4 айымен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 466-дан 450-ге төмендеген. Бұл ретте бірқатар заманауи цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп, жүйелі іс-шаралар атқарылуда. Бұдан бөлек, құқық бұзған жүргізушілерді анықтау бағытында дрондар пайдаланылуда. Автобус парктері мен мектептерде жол ережесін сақтау бағытында 1642 рет түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бейне роликтер көрсетілген. Сондай-ақ, Полиция департаментінің ұсынысымен жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін 430 бейнебақылау ағымдағы жылы іске қосылды. Жаяу жүргіншілерді қағу жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында жалпы 770 жаяу жүргінші өткелдерінің 323-не жаяу жүргіншілер жолағына көріну айқындылығы жоғары жол белгісі (СИ-5) орнатылды.

Бүгінде елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен насихатталып келеді. Бұл бастама жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруда да айрықша маңызға ие. Себебі заңға құрмет пен тәртіпке бағыну – қауіпсіз қоғамның басты кепілі. Құқық қорғау органдары алдағы уақытта да мұндай рейдтік және профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстамақ.

"Рейтинг газеті"