Ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» сынды жобалар және мемлекеттік қолдау бағытындағы бағдарламалар патерналистік көңіл күй мен масылдықты төмендетуге де септігін тигізуде.
Бір ғана мысал, жуырда Түркістан облысында әкіммен кездесу барысында көпбалалы ана қолдау көрсетілсе, үкіметтің атаулы әлеуметтік көмегінен бас тартатынын мәлім етті. «Жер шаруашылығымен айналысамын, 10 қызым, 1 балам бар. Жер берілсе, сол қыздармен өзім-ақ балаларды бағып кетермін. АСП, басқасы да керек жоқ, жер берсе», – деді көпбалалы ана. Осы орайда жергілікті жомарт азаматтың бірі бір гектар жерді тегін бергенін айта кетелік. Ал Түркістан облысы Төлеби ауданында жеке кәсіпкер аталмыш жоба аясында қымыз және саумалымен сауықтыру орталығының жұмысын дамыта отырып, алдағы уақытта сал ауруына шалдыққан балаларды үйретілген аттарға мінгізіп емдеуді жоспарлауда. Деректерге жүгінсек, елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны жыл санап артып отыр. Биыл 18 жасқа дейін мүмкіндігі шектеулі баланың саны 188 мыңнан асқан. Оның ішінде церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың саны 20 мыңға жуықтаған.
Мамандардың айтуынша, сал ауруына шалдыққан балалардың қалыпты жүріп кетуіне әркімге әртүрлі уақыт керек. Себебі ол мидың зақымдалған ошағына қарай реттеледі. Бұл ауруы бар балалар емдік дене шынықтыруды тоқтатса да, өмір бойы спортпен шұғылданып, арнайы курстан өтіп жаттығуы керек. Бүгінде балалар бассейн, гинастика сияқты арнайы спорт түрлеріне барады. Себебі егер ұзақ уақыт оған көңіл аудармаса, бұлшық еттер босаңсып, жүруі қиындап, буындардың қисайюы пайда болуы мүмкін. Зертастық кәсіпкер де «Ауыл аманаты» жобасы аясында сауықтыру орталығын дамыта және мамандармен бірлесе сал ауруына шалдыққан балалардың пайдалы ем алуына өз септігін тигізбек.