Мүсіркеме, мүмкіндік бер

Қысқаша

Мүсіркеме, мүмкіндік бер

Қоғам игілігіне қолжетімділік, кедергісіз орта, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, оңалту, қоғамның саяси өміріне белсене қатыстыру, сондай-ақ теңдік пен бостандық секілді қасиетті ұғымдар мүмкіндігі шектеу азаматтарды жанай өтуге тиіс емес. 

Screenshot_44.jpg

Осы орайда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды, олардың инстанциялар мен қағазбастылық бойынша жүруін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің көрсетілетін қызметті алушылармен байланысын болдырмауды тапсырған болатын.

Осы тапсырманы орындау мақсатында еліміздің барлық өңірінде пилоттық режимде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша жоба іске асырылуда. Биылдың 7 айының қорытындысы бойынша мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде барлық өңірлерден 38,8 мыңнан астам өтінім қаралған. Бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 26,1%-ын құрайды. Қазіргі уақытта жобаға 740-тан астам медициналық ұйым қосылған. Сондай-ақ жыл басынан бері мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 291 млрд теңге жұмсалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 35,9 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылған. 

Ал Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорттық кешенінде мүгедектігі бар адамдарды реабилитациялауға арналған «Қайсар жандар» іс-шарасы өтті. Түркістан қаласы әкімдігі мен «Шапағат» мүгедектер қайрымдылық қорының бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты да айрықша. Ұйымдастырушылар басты мақсат – қайсар жандарды көрсету арқылы қоғамдағы психологиялық күйзеліске түсіп қалған мүгедектігі бар азаматтарды шығармашылықпен немесе спортпен шұғылдануға және қоғамдық белсенді өмір сүруге тарту екенін айтады. Жалпы өңірде ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасау мақсатында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету бойынша кеңейтілген шаралар қолға алынуда. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды оңалту шараларына қаралатын қаржы мөлшері артуда. Биыл бұл мақсатқа 10 млрд теңге бөлініп, ерекше жандардың 90%-н әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 38 618 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды, яғни қажеттіліктің 79,8 пайызы қамтылды. Бұл бағыттағы жағымды жаңалықтардың бірі – Сауран ауданында мүгедектігі бар адамдарды оңалту мақсатында облыстық деңгейде 200 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Орталық 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмысын бастайды. Бұл орталық мүгедектігі бар адамдарға заманауи талаптарға сай қызметтер көрсетеді. Ауданда мүгедектігі бар адамдарға арналған «Сауран клубының» спортшылары Азия және Республика чемпионаттарында, Әлем кубогі үшін сайыстарда дзюдо, Пара жеңіл атлетика, армрестлинг, дойбы, Пара пауэрлифтингтен жүлделі орындар иемденуде. 

Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында өткен жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекеме қатыстырылды. Жұмыс іздеуші 100-ге жуық азаматқа 400-ге жуық жұмыс орны ұсынылды. Бүгінде қала бойынша 18 жастан асқан 33 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4115-і бірінші топ, 15 411 және 13351 азамат екінші және үшінші топ мүгедектері. Еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамту мақсатында қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығы мен "Тең қоғам" орталығы тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 1727 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1300-ден астам адам қамтылды. Сонымен қатар, қалада 50 мекеме квота бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа қабылдайды. Қала әкімінің қаулысына сәйкес, биыл бұл мақсатта 227 жұмыс орнына квота белгіленген. Яғни елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарап, олардың өздерін өзгелермен тең сезінуіне мүмкіндіктер жасау – қоғам алдындағы міндеттің бірі болып келеді. Мұндай теңдікке біздің қоғамымыз да ұмтылуда.