Отандық өнімнің үлесі артуда

Қысқаша

Отандық өнімнің үлесі артуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын.

Screenshot_42.jpg

Осы орайда елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында ауылдарда өз кәсібін ашып, отбасылық табысын арттырғандар қатары көбейе түсуде. 

Мысалы, Түркістан облысы Келес ауданы, Аққорған елді мекенінің тұрғыны, көпбалалы ана «Ауыл аманаты» аясында 2 гектар жер алып, егін егуді қолға алмақ. Өзіне, ұл-қыздарының еңбекқорлығына сенімді, 11 баласы бар батыр ана егін егіп, өз кәсібін дөңгелетуге, ол үшін конкурс арқылы жер алуға ниетті. Жуырда облыс әкімінің есептік кездесуінде көп балалы ана 10 қызы, 1 ұлы барын, өз отбасын асырай алатынын мәлім етті. Батыр ана еңбектенем деген адамға мүмкіндік көп екенін, атаулы әлеуметтік көмектің керек еместігін де мәлімдеді. Жалпы Келес ауданындағы шағын және орта бизнестің саны былтыр 13 мыңға жеткен. Олармен өндірілген өнім көлемі 33 млрд теңгені құрады. Биыл Келес ауданында қосымша 2,5 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Аудан бюджетінің өзіндік кірісі соңғы 3 жылда 34 пайызға артып, былтыр 1,8 млрд. теңгені құрады. Биыл 6 айда бюджеттің өзіндік кірістері 1,6 млрд теңгеге орындалып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 60 пайызға ұлғайған. Ал «Ауыл аманаты» бойынша ауданда 114 жоба бойынша құжаттары мақұлданып, 52 жобаға 258 млн теңге несие берілді. Ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру және халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында іске асып жатқан жобадағы орташа несие көлемі 6 млн болып, сыйақы мөлшерлемесі 2,5% құрайды. Ұлттық жобалар бойынша осы жылы жаңа жұмыс орындарына 273 адамды жұмыспен қамту көзделген. «Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 100-ден астам адам жұмыспен қамтылды. 

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру шеңберінде облыс әкімі аппаратынан жұмыс тобы құрылып, бағдарламаға қатысатын 64 ауылдық округті аралап шыққан. Несие алушылардың арасында 18 сұрақтан құралған анонимді сауалнама жүргізілген. Тұрғындармен сөйлесу кезінде жобаға қатысқан 340 тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығы бағытын таңдағаны анықталған. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жалғасуда. Ауылдағылардың ізденісі, табысын арттыруға талпынысы қуантады. Мысалы, Отырар ауданында асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып отырған, 4 мың мал басы бар «Сызған» шаруа қожалығында кәсіпкер «гуливер» тұқымды қошқарлар сатып алып, қой тұқымын асылдандыруда. Сондай-ақ ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.

Жалпы өңірде өндіріліп жатқан отандық өнім көп. Оған жуырда Түркістанда өткен «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау-көрмесінде көз жеткіздік. Көрмеге азық-түлік, машина жасау, химия, қолөнершілер, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының 80-нен астам тауар өндірушілері қатысты. Отандық өнімдерді қолдау мен отандық өндірісті дамыту, халық арасында сапа идеясын насихаттау мақсатындағы көрме-байқауға қатысушы кәсіпорындар шығаратын өнімдер тұтынушылар арасында жақсы сұраныста. Мемлекет басшысы елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандырудың ең тиімді жолы елдегі шаруаларды қолдау, әсіресе, көкөніс, бақша дақылдарын өсіретін диқандарға мемлекет тарапынан көмек берілуі тиіс екенін айтқан болатын. «Кез келген мемлекет азық-түлік тауарын өзінде өндірмей, сыртқы тәуелділіктен арылмайды. Ал, ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтуға біздің мүмкіндігіміз мол. Бірақ, әлі де соның тетіктері оңтайлы шешілмей келеді. Бүгінгі азық-түлік инфлияциясының шарықтауы соның дәлелі. Сондықтан, «жергілікті шаруаларды қаржыландырып, отандық өнімнің үлесін арттыру қажет» деді Президент. Бұл орайда Үкіметке «Қазақстанда жасалған» Ұлттық жобасын әзірлеу жүктелген-ді. Бүгінде отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық қолдау бойынша өңірде арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтар жұмыс істейді. Ал өңірлік байқау  нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Арыс қаласындағы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын «Mega-Agat agro» ЖШС және керамикалық кірпіш шығару бойынша оңтүстік аймақта көш бастап келетін BATSU кірпіш зауыты жеңіске жетті. Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС, Сарыағаш ауданындағы «Алекс-Сарыағаш» минералды су шығару зауыты және Түлкібас ауданында орналасқан жоғары сападағы экологиялық таза сүттен жасалатын «Майлыкент-сүт» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында топ жарды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша минералды табиғи су шығаратын «Бекзат Бақ» ЖШС, «Asia Brand» ЖК жиһаз компаниясы және аяқ киім фабрикасы «Арай» ӨК жеңімпаз атанды.