Еңбек – адамның рухын оятатын, сана-сезімін жетілдіретін күш. Елімізде жұмыс істеймін деген әр азаматқа мүмкіндік көп. Ал еңбектен қашып, оған өзінен басқаны кінәлап «масыл» болу бұл – арсыздық әрине. Еңбек етпеу – адамның тұлғалық қасиетін, қабілетін жояды. Бұл орайда «масылдық» ұғымын «мұқтаждық» ұғымымен шатастырмау да маңызды.
Мемлекетке, отбасыға масыл болмай, қолдан келген шаруаны дөңгелете алатындардың көптігі қуантады. Ал масыл адамның бойында отанға деген сүйіспеншілік, азаматтық борыш, елге қызмет деген патриоттық сезім-сенім болмайды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп дана Абай айтқандай, масылдық адамды рухани тұрғыда да аздырады. Аға буын өкілдері масылдықтың алдын алу, еліміздің дамуына кері әсерін тигізетін көзқарастан арылу үшін еңбектен ат-тонын ала қашатын «тунеядец» арамтамақты жауапқа тарту қажеттігін айтады. Яғни кеңестік кезеңдегі тәжірибенің нәтиже бергенін еске салады. Табыс көзі төмен, еңбекке қабілетсіз мүгедек жандар, сондай-ақ, жәрдемақымен күн көрушілерді мұқтаж деп санауға болады. Ал масылдық – бұл қылмысқа итермелеуші кері күш. Масыл адамдар оңай табыс, ұрлық, мародерлікке жақын тұрады. Түркістан өңірінің халқы еңбекқор, кәсіпкерлікке бейім екені, тер төгіп адал табыс табуды жөн санайтыны ежелден елге мәлім. Бір ғана ауыл бойынша сөзімізге дәлел келтіре кетейік.
Сарыағаш ауданында негізі 1946 жылы қаланған, аудан орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан Жылға деген ауыл округі бар. Оның құрамына Жылға, Нұрауыл, 49 разъезд, Шеңгелді, Шайхана, Қарақалпақ, Шымырбай және Қызыласу сынды жалпы халқы 9786 болатын 8 елді мекен кіреді. Жергілікті халық негізінен мал шаруашылығы және жер өңдеумен айналысады. Ал енді осы ауыл округында 13 Социалистік Еңбек Ері тұратыны көп жәйтті аңғартса керек. Оған осы ауылдардан шыққан елімізге танымал 11 ғалым мен академикті қосыңыз. Жылғалықтар өте еңбекқор және кез келген салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Ауыл округында 156 652 қой, 9560 ірі қара мал, 3 мыңнан астам жылқы бар. Бүгінде 34 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 203 шаруа қожалығы табысты жұмыс істеп келеді. Үздіктер қатарындағы «Қанатбек» шаруа қожалығында 500 ірі қара мал, 3000 ұсақ мал бағылуда. Ал «Дәурен» ЖШС-ында 3000, «Жаппарбек» шаруа қожалығында 2000 қой бар. «Қызыр Айтқұл» ЖШС-ы фермасында 150 түйеқұс өсірілуде. «Альбарак» ЖШС 1700 гектарға бидай егіп, қолайсыз ауа-райына қарамастан, гектарынан 25 центнер өнім алды. Мұндай көрсеткішке 1500 гектарға астық еккен «Зайнил» шаруа қожалығы да қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ қуаты тәулігіне 150 тонна ұн шығаратын диірмені, қоймалары бар «Жылға агро» ЖШС-ы үлкен диірменді іске қосып 300 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Әрине жоғарыда айтылған және басқа да жетістіктер ауылдағылардың еңбекқорлығының нәтижесі. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші Еңбек Ері атанған аға буыннан үлгі-өнеге алған бүгінгі ұрпақ атадан балаға мирас болған еңбекқорлықты үздіксіз жалғастырып келеді.