Еңбек еткеннің еңсесі биік

Қысқаша

Еңбек еткеннің еңсесі биік

Адамзат баласына еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ.  Сарапшылар ел тарихындағы соңғы реформаларға сәйкес еңбек адамына, жалпы еңбекке деген көзқарас өзгеріп, қамқорлыққа бөлене бастағанын айтуда. Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларының бірінде: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады», деді. 

Screenshot_26.jpg

Иә, еңбек адамының елге берері мол. Мысалы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Мырза» шаруа қожалық иесі Ануар Мырзаев 25 жылдан  бері бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Өзінің мамандығы – агроном. Бау-бақшада алманың 20 түрі, өріктің – 10 , шабдалының – 12, алмұрттың – 6, шиенің – 2, қара өріктің – 5, жүзімнің 5 түрі, анар жемістері отырғызылған. Көкөністен картоп, пияз өсіріп, барлығын сатылымға шығарады. Сонымен қатар, раушан гүлінің бірнеше түрі мен шырша талдарының ерекше сұрыптары бар. Жалпы, 8 гектарды алып жатқан шаруа қожалықтың 1,5 гектарында балық шаруашылығы қолға алынған.  «Алдағы мақсатым – балық шаруашылығының маңайына демалыс аймақтар салу. Арнайы көшет талдарын егуге арналған жерді кеңейту. Еңбек бар жерде береке болады. Әр адамның өз ауласын бақшаға айналдырып, өнім алуына мүмкіндік мол», – дейді қожалық иесі. Алған өнімдерін Кентаудан бөлек, Шымкент, Түркістан, Жезқазған,  Қарағанды, Астана қалаларына жіберетін шаруа қожалығы 25 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Елге үлгі боларлық еңбек адамының тағы бірі – 24 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана 76 жастағы Сапаркүл Әбутәліпова бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Еңбекке жастайынан араласып, ерте есейген ақ жаулықты ананың жастарға  айтатын өсиеті жетерлік. «Адамды адам еткен – еңбек. Жас кезімізден еңбекпен шұғылдандық. Жолдасым Жоламан екеуміз совхоздың малын бақтық. Мал шаруашылығында отағасы аға шопан, мен көмекшісі болып істедім. Отбасылы болып, 24 баланы дүниеге әкелдік. Өкінішке қарай, өмірдің түрлі сынағына тап болып, 12 балам қайтыс болды. Аллаға шүкір деймін, қалғанының барлығын аяқтандырдық, қатарынан кем қылмадық. Немере, шөбере сүйіп отырмыз. Балаларымызды жақсы тәрбиелеуге тырыстық, еңбекті сүйіп өсірдік. Маңдай термен табылған нан қашанда тәтті», – дейді ана. Жетісай ауданының Қараөзек елді мекенінде тұратын көпбалалы батыр ана бүгінде 70 немере мен 20 шөбересінің қызығын көріп отыр. Бір рет үшемді, екі рет егіздерді дүниеге алып келген аяулы ана алғаш «Батыр ана» медалін 1979 жылы 17-ші перзентін дүниеге әкелгенде алыпты. Екінші «Алтын алқа» тәуелсіздік таңы атқан жылы берілген.

Еңбекқор халықты қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар да өңірде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, отбасы табысын арттыруға, тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарта түсуге оң септігін тигізуде. Мысалы, бүгінде жүзеге асырылып жатқан, халықтың табысын арттыруға бағытталған  бағдарлама алғашында 2025 жылға дейін шақталған болатын. Алайда, Үкімет бағдарламадағы іс-шараларды іске асырудың тиімділігін арттыру және бақылауды жақсарту мақсатында мерзімін 2029-ға дейін ұзартты. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаның нысаналы көрсеткіштері 2029 жылға дейін өзектендірілгенін мәлімдеді. «Еңбек қызметінен түсетін кірістердің үлесі жалпы табыстың 86,7% құрайды;  2029 жылға қарай жыл сайын 480 мың адам жұмысқа орналастырылатын болады. Оның ішінде жастар – 420 мың адам; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5%-ға дейін азаяды; жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрайды», делінген Ұлттық экономика министрлігінің түсініктемесінде. Бағдарламаны  іске асыру бағытында елімізде ауқымдар жұмыстар қолға алынған. «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы»  кешенді жоспарын іске асыру мақсатындағы  5 бағыттың бірі –  «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл халқының табысын арттыру. 

Осы  орайда Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылдануда. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 7,9 млрд теңгенің өтініштері қабылданған.  Оның ішінде мақұлданған  жобалар – 5 млрд теңгені, қаржыландырылған жобалар 1,1 млрд теңгені құрап отыр. Жоба шеңберінде аудан, ауыл тұрғындары кәсіп ашып, отбасылық табысын арттыра түсуде. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтініш жолдаған.  Оның ішінде 10 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған. Облыс бойынша алғаш несие алған азаматтар арасында Ақбұлақ ауылдық округының тұрғыны Тұрар  Сүлейменов бар.  Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы саласы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтініш жолдаған.  Нәтижесінде облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңгеге қол жеткізген. Кәсіпкер алған қаржысына Ақмола облысынан 16 сауын сиыр әкелген. Бүгінде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, оны «Натур Продукт» ЖШС-ына өткізуде және алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Ал  Келес ауданының тұрғыны  Райс Тастанов балық өсіру және балық етін өндіру арқылы өз отбасының ғана емес, ауылдастарының да табысын арттыруда. Ақтөбе ауылдық округі, М.Горький елді мекенінде орналасқан шаруа қожалығы балық шаруашылығымен жеті жылдан бері шұғылданады. Инвест жоба аясында балықты қайта өңдеу, кептіру жұмыстарын қолға  алған. «Одан бөлек, бүгінде 19 гектар жерімізде 13 тоғанды көл бар.  Мұнда балықтың сазан, ақ  амур және тағы да басқа түрлері өсіріледі. Осы шаруашылық үшін мемлекеттен үлкен көмек алдым. Конкурстан тысқары мемлекеттік қолдау шарасы аясында қожалыққа 76,2 гектар жер учаскесі берілді. Одан бөлек, қайта өңдеу цехын салу үшін 8 млн 800 мың теңге төмен пайызды несие алдым. Биыл 515 млн теңгеге үлкен жобамды ұсындым.  Ол іске асып жатса, жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік бар. Жоба толық іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда цехта 6 адам жұмыс істейді. Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көп», – дейді Райс Тастанов.  Қазіргі таңда Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады.

Сондай-ақ өңірде кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар ашу бағытына басымдық берілуде. Бұл орайда  20-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – Түркиялық «Isiklar Ambalaj PAZ. AS» компаниясы Түркістан қаласындағы инудстриялды аймағынан қуаттылығы жылына 250-300 млн дана қағаз қапшықтарын шығаратын зауыт салуға ниетті.  Қазіргі таңда жобаның жол картасы бекітіліп, инвесторлар тарапынан тиісті құжаттар әзірленуде.  Жоба 2023-2024 жылдары жүзеге аспақ,  құны – 3,7 млрд теңге, 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал Сайрам ауданында 2023-2024 жылдары қуаттылығы сағатына 20 тонна құрама жем зауыты және қуаттылығы тәулігіне 1500 ірі қара мал қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрама жем зауытын ашу бойынша қазіргі таңда жол салынып, электр желілері тартылған. Жоба құны – 2,5 млрд теңге.  Мұнда 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Ал ірі қара мал қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт жобасының құны – 3,6 млрд теңге, 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Арыс қаласында 35 мың және 10 мың басқа арналған екі бірдей мал бордақылау кешені жобасы жүзеге аспақ. Ал Келес ауданында «Ecoculture-Eurasia» ЖШС 51 гектар жер теліміне жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстарын биыл тамыз айында бастауды жоспарлап отыр. Осы жылдың 4-тоқсанында іске қосу жоспарланған  Отырар ауданындағы қуаттылығы 50 МВт құрайтын күн-электр станциясында 40 адам жұмыспен қамтылады. Түлкібас, Мақтаарал аудандары, Арыс қаласында да бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.