«Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Ақбұлақ ауылдық округының тұрғыны Тұрар Сүлейменов несие алып, өз кәсібін ашып отыр. Яғни «қимылдаған қыр асады» демекші еңбек етіп ешкімге жалтақтамай немесе масыл болмауды мақсат еткен.
Ауыл азаматының бұл әрекеті көпке үлгі болып, патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендетуге септігін тигізері анық.
Жалпы Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат жоба аясында несие алуға өтінім жолдапты. Бүгінде 10 азаматтың жобалары облыстық комиссия қарауынан өтіп мақұлданған. Несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан тұрар Сүлейменов өз жобасын іске асыру мақсатында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңге қаржы берілген. Ауыл азаматы несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауын сиырлар әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, «Натур продукт» ЖШС-на өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Еңбек етіп отбасын асыраумен қатар, ауданның мал шаруашылығын дамытуға, ауылдастарын сүт, ет өнімімен қамтамасыз етуге үлес қосып отырған Тұрар сынды азаматтардың көп болғаны дұрыс. Жалпы елімізде қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің баяндауынша, қазіргі уақытта республиканың АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Талдау нәтижелері саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Малдың барлық түрі тұрақты өсуде. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға, ал осы жылдың 5 айында 3,6%-ға ұлғайды.