Алаяқтардың сall-орталығы әшкереленді

Қысқаша

Алаяқтардың сall-орталығы әшкереленді

кол орталық.jpg

Шымкенттің тұрғыны «мектепке мұғалім боламын» деп, ақшасынан айырылды. 

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғарғы оқу орнында білім алып, қолындағы дипломмен дене шынықтыру пәнінен мектепте мұғалім болуды көздеген азамат алданып, алаяқтық жайтына тап болды.  

Жуырда Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасының «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, бейтаныс азаматша «мектепке мұғалімдікке жұмысқа тұрғызып беремін» деп сеніміне кіріп, алдын ала 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге ақшалай қаражатын алып, екі ай бойы алдап келгенін көрсеткен.

Аталған жайт ҚК-тің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жергілікті жердің тұрғынын анықтап, тиісті басқармаға жеткізді.

Ол Шымкент қаласының 34 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған. Қазіргі кезде ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. 

Шымкент полицейлері сондай-ақ,  алаяқтардың сall-орталығын анықтады. Кеңседе 561 адамның анкетасы табылды 

Интернет-алаяқтар туралы арызымен полицияға Абай ауданының тұрғыны жүгінді. Арызданушының айтуынша, оған белгісіз нөмірден ер адам қоңырау шалып, құны 12 млн теңгені құрайтын жаңа Hyundai Accent автокөлігін ұтып алғанын хабарлап, құттықтаған. Қоңырау шалушы өзін тұтынушылар арасында ұтыс ойынын өткізіп жатқан желілік компанияның қызметкері ретінде таныстырған. Оператор жеңімпазға басты ұтысын алу үшін белгілі бір сайт арқылы оның көрсеткен шотын толтыру қажеттігін айтқан. Осылайша сенгіш азамат 4 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған. 

Аталған жайт бойынша тергеушілер ҚК-нің 190-бабымен қылмыстық іс тіркеді. Күдіктілерді анықтауға Шымкент қалалық Полиция департаметі криминалдық полиция басқармасының интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі жедел-тергеу тобы жұмылдырылды. Қаскөйлердің ізі Таразға әкелді, бұл қала аумағында жедел уәкілдер олардың "кеңсесін" анықтады. Нәтижесінде сегіз адамнан тұратын киберқылмыскерлер тобы ұсталды, арасында ең үлкені 28 жаста, кішісі 18 жаста. Ұсталғандардың барлығы бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталықтарында оператор қызметін атқарғандары анықталды. 

Жұмысқа арналған орынды топ бизнес-орталықтардың бірінен жалға алған. Кеңседен 19 мобильді құрылғы, 13 ноутбук, жалған құжаттарды басқаруға және ақша қаражатын есептеуге арналған жүйелік блок, жәбірленушілермен сөйлесуге арналған жадынама және 561 адамның анкеталық тізімі табылып, тәркіленді. 

Қазіргі таңда қалалық полиция департаменті алаяқтық топтың арбауына алданған басқа да тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізуде. Тәртіп сақшылары жәбірленушілердің тек Шымкентте ғана емес, бүкіл ел бойынша болуы ықтималдығын атап өтті. 

Ал мұның алдында  «қайтарымсыз грант алып беремін» деп, 4 миллион теңгесін алдап алып кеткен алаяқ құрықталған болатын. 

Қаратау ауданы полиция басқармасына жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, алты айдан бергі танысы «қайтарымсыз грант алып беремін» деп, алдын ала 4 000 000 (төрт миллион) теңгесін алып, алты ай бойы уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай алаяқтық жолмен алдап жүргенін көрсеткен.

Полиция қызметкерлерімен күдіктінің жеке-басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шаралар қабылданып, жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жергілікті жердің тұрғыны анықталып, жеткізілді. Азаматшаның жасы-31-де, жоғары білімді. Уақытша жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.

Қазіргі кезде ұсталған азаматша кінәсін толық мойындап, өз ісіне өкінетінін жеткізді. Алған ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.