«Qamqor» баспаналы болуға берілген мүмкіндік

Қысқаша

«Qamqor» баспаналы болуға берілген мүмкіндік

меморандум 2.jpg

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі жақты меморандум негізінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика және БАҚ саласының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие беру мақсатында «Qamqor» өңірлік бағдарламасы әзірленді.

Бағдарлама аясында 150 адамды жеңілдетілген несиемен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен 3 млрд.теңге қаржы қаралды. Несие бойынша мөлшерлеме 5%, алғашқы жарна 10%, 20 жыл мерзімге беріледі. Бүгінгі уағдаласу тұрғын үй кезегіне тұруға жатпайтын, баспанасы жоқ мемлекеттік емес ұйымдардағы дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін пәтермен қамтуға мүмкіндік береді.

Осы күні мегаполистің Асар шағынауданы, Шымсити мекенжайында орналасқан «Asar House» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 

Мерекелік іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек,  "Отбасы Банк" АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова, "Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы" АҚ Басқарма төрағасы Алтай Күздібаев және OKS Development  компаниясының басшысы Асылжан Асылжан Құртаев пен «Asar House» ТҮК директоры Болат Малимов қатысты.

– Бүгін Шымкентте екі қуанышты жаңалықтың куәсі болып отырмыз. Оның бірі «Qamqor» бағдарламасы бойынша қалалық әкімдікпен арнайы меморандум түздік. Бұл өте керемет бастама. Себебі енді алдағы уақытта қарапайым еңбеккерлер баспаналы бола алады. Сондықтан мұның әлеуметтік маңыздылығы басым болып тұр. Екіншіден OKS Development  құрылыс компаниясы «Asar House» тұрғын үй кешенін салып, жаңа пәтердің кілттерін тапсырып жатыр. Келешекте осының жанынан тағы да екінші тұрғын үй кешені бой кетереді. Адамдар пәтерді құрылыс компаниясы қатысып жатқан 70/30 бағдарламасы бойынша алған. Бұдан бөлек бірінші нарықтан үй алуға мүмкіндік беретін 50/50 бағдарламасы бар.  «Qamqor» бағдарламасы Шымкентте жұмыс істейтін барлық тұрғындарға қолжетімді болады. Заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңгеге тең. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме 5%, одан әрі ол жылдық 3,8%-ға дейін төмендейді. Ипотека мөлшерлемесін біртіндеп төмендету – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр. Алғашқы 8 жылда несие бойынша ай сайынғы төлем мөлшері 155 мың теңге болса, кейін ол 87 мың теңгеге дейін түседі. Мұндай мүмкіндік несие төлемін отбасы үшін қолжетімді етеді, - деп түсіндірді «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Отбасы банк жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қабылдап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін құрады. Банк бұл процесті «Баспана маркет» порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Өтініштердің қашан қабылданатыны туралы мәліметтер кейінірек жарияланады.

Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайларды санағанда некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және Отбасы банкінде үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескеріледі. 

Қатысушылар пулы жасақталғаннан кейін үміткерлер Отбасы банкіне несие алуға жолдама алады. Олардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, заем береді. Бұл қаражатқа алғашқы немесе екінші нарықтан баспана сатып алуға болады.

«Qamqor» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар: біріншіден, қатысушының жасы өтініш берген кездегі кезеңді қоса алғанда 63 жастан аспауы керек. Екіншіден, үмткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығындағы тұрғын үйi болмауы қажет. Үшіншіден, соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы талап. Төртіншіден, Шымкент қаласында таңдаған саласы бойынша соңғы 12 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс. Және соңғысы бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

«Asar House» тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатында OKS Development  компаниясының басшысы  Асылжан Құртаев жүз отбасыға жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды. 

«Asar House» тұрғын үй кешені  — бұл жер үсті паркингі мен ішкі ауласы бар 5 қабатты кірпіш үйлер. Тұрғын үй кешені OKS Development компаниясына тиесілі, ол нарықта 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді әрі Шымкентте 200 000 шаршы метрден аса тұрғын үй мен коммерциялық ғимараттар салып үлгерді.

Құрылыс компаниясы салып жатқан үйлердің сапасы мен уақытында тапсырылуына аса мән береді. Дәл қазір  Shymkent City жаңа шағын ауданында OKS Development жер асты паркингі, жасыл желекке оранған ауласы және балалар алаңы бар төрт тұрғын үй кешенін салуда (Asar House Plus, Prime Park, Modern City және Престиж). Сондай-ақ, компания  Seitzhan School деген жаңа жеке меншік мектеп салды, оның ашылуы қыркүйек айына жоспарланған.

«Отбасы Банк» пен «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясының» қолдауымен осы үйлерді салып бітірдік. Былтыр сәуір айында басталған құрылыс жұмыстары биыл дәл қасиетті Ораза айт мерекесінде аяқталып пайдалануға беріліп отыр. Негізінен осы сияқты тағы 5 тұрғын үй кешенін тұрғызып жатырмыз. Көпшілігі Шымкентсити аумағында орналасқан. Ал «Asar House» тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы 6 мың шаршы метр. 100 пәтерден құралған. OKS Development компаниясы тек үздік материалдарды пайдаланады және клиенттердің қолайлы өмір сүруі үшін жайлы жағдай жасайды. Осылайша жоғары сапалы тұрғын үй кешендерін салады. «Asar House» Шымкент қаласында жайлы баспанада тұрып, толыққанды өмір арманын шындыққа айналдырған компанияның жаңа да бірегей жобасы. Бұл тұрғын үй кешені үлестік құрылыс туралы заң шеңберінде салынды. Үлескерлерге үй салына бастаған сәттен бастап құрылыс компаниясымен еш қорқынышсыз шарт жасауға болады. Сонымен қатар қосымша кепілзатсыз «Отбасы Банк» АҚ-да ипотека ресімдеуге мүмкіндік бар. Үлескерлік құрылысқа кепілдікті «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ берді» деді «Asar House» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген OKS Development компаниясының басшысы Асылжан Құртаев.

Шара барысында қонақтарға ойын-сауықтық бағдарлама әзірленді. Бағалы сыйлықтардың ұтысы ойнатылып, дәмді тамақтар мен ыстық палау ұсынылды. Ал бүлдіршіндердің көңілін ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдаған аниматорлар көтерді.

Әйгерім Нұрымбетова көпбалалы жалғызбасты ана. Бес бала-шағасы бар. Үлкені он екіде, кенжесі бесте. Қайнарбұлақ тұрғын алабында пәтер жалдап тұрады. «Asar House» тұрғын үй кешенінің жаңа пәтер иесі. Баспанаға тағдырдың сыйымен қол жеткізді. Ол жөнінде әңгімесін былайша өрбітті: «Ауруханада тазалықшы болып жұмыс істеймін. Айлық жалақым көп емес. Бірақ өзімнің жеке баспанам болса ғой деп армандайтынмын. Жағдайым болмаған соң Асар уме қайырымдылық қорына өтініш жасадым. Бір күні үйіме қордың өкілдері келді. Онлайн пәтер алу мүмкіндігін сынап көрді. Талаптарынан өте алмадым. Көңіл-күйім қатты түсіп кетті. Сөйтсем бұл пранк екен. Артынша  OKS Development компаниясынан адамдар келіп қолыма сертификат тапсырды. Қуаныштан жылап жібердім. Тегін үй алып тұрмын ғой. Компания бүкіл ресімдеу құжаттарын өздері жасады. Мен тек төлқұжатымды апарып тапсырдым. Қайырымдылық қоры жаңа пәтерді жақсылап әрлеп, ішін жиһазға толтырып беруге уәде берді. Кірпіштен салынған әдемі үйдің бірінші қабатынан 2 бөлмелі пәтер бұйырды. Аллаға шүкір өз үйімнің болғанына. Құрылыс компаниясына рахмет. Елдің әлеуметтік жағдайын жасап отырған мемлекетіміз аман болсын» деді Әйгерім Нұрымбетова. 

«Баламнан бес немерем бар. Бірақ ұлым өз үйінде тұрады. Бұл тұрғын үй кешенінен пәтерді болашақ немерелеріме деп алып қойып жатырмын. Өзім мектепте мұғаліммін. Үш-төрт жылдан бері «Отбасы Банкінің» салымшысымын. Үйдің бағасы 26 миллион теңгедей болды. Соның 30 пайыздайын, 8 миллион теңгедейін депозитте жинадым. Енді ай сайын ипотекасын төлеп тұрамын. Келешекте немелерімнің біреуіне қалдырамын. Осылай жағдай мүмкіндік беріп тұрғанда артық баспана алып қойған жақсы. Бәрінен бұрын «Отбасы Банкі» қарапайым адамдарға ақша жинап үйлі болуға көмектесіп жатыр. Бұл халыққа өте үлкен жәрдем. Әйтпесе адамдардың бірден ақшаға үй сатып ала салуға жағдайлары жетпейді. Сондықтан арзан баспанамен қамтитын осы банкке жүгінеді. Қаржы ұйымының алдағы істері сәтті бола берсін»  деді жаңа үйдің кілтін алған тұрғын үй кешенінің келешек тұрғыны Сәбит Құралов.

«Отбасы Банкі» АҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша «Asar House» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің 25 пайызы банк арқылы сатылған. Жалпы «Отбасы Банкі» тұрғын үйдің құрылысы енді басталып жатқан кезеңнен пәтерді сатылымға қоятын бірден-бір қаржы ұйымы саналады. Ең басты шарт «Қазақстандық Тұрғын үй Компаниясы» АҚ-ның оған алдымен рұқсаты болу керек. 

2023 жылы мемлекеттік бюджет есебінен 12,9 млрд. теңгеге 3342 пәтерлі 72 көпқабатты тұрғын үйдің ( 254,2 мың шаршы метр) құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде, арендалық 29 үй (1364 пәтер), кредиттік 43 үй (1978 пәтер) салынады. Жыл қорытындысы бойынша 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді пайдалануға беру қарастырылған. 

Ә.БАЛТАБАЙ