Әскер мықты болса, ел тыныш

Қысқаша

Әскер мықты болса, ел тыныш


Бүгінгі таңда ел шекарасының тұтастығы ең маңызды рөл ойнайды. Шекара бүтін болса халықты да ұйқысы тыныш. Сол халықтың ұйқысын күзететін әскерді заманауи даярлау мемлекеттің мойнындағы міндет. 


82316edc-d0d6-4f14-a56c-87eae46eb022.jpgОсы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық армияның ең озық цифрлық технологиялармен және құралдармен жабдықтаудың маңызды екенін ескертті. Мемлекет басшысы әскери құрылымдарды қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етудің бірқатар басымдығын атады.

 «Әуе қорғанысын күшейту, әскер түрлерінің радоиоэлектронды күрес элементтерін дамыту, әскердің жедел әрекет ету әлеуетін көтеру мақсатында әскери-транспорттық авиация паркін арттыру бағыттарына басымдық беру керек» деді Президент.

Бұл ретте республиканың үшінші қаласында орналасқан әскери бөлімдерде жауынгерлердің даярлығын шыңдау, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бірнеше іс-шара қолға алынды. 

Сержанттар командирлік даярлықтан өтті

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі хабарлағандай мегаполистегі 10216 әскери бөлімінде Әуе қорғанысы күштеріне қарасты әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің рота, батальон санатындағы сержанттар құрамымен командирлік даярлық жиыны өтті.

Сержанттардың әдістемелік және тәжірибелік дағдыларын жетілдіру арқылы жеке құраммен жұмыс барысында жауынгерлік даярлық сабақтарын жүргізуге үйрету, сондай-ақ кәсіби даярлық пен іс-жүзіндегі дағдыларды жетілдіру мақсатында бағытталған жиын екі аптаға созылды. 

Бекітілген оқыту жоспарына және арнайы бағдарлама талаптарына сәйкес жиын барысында сержанттармен саптық, атыс, медициналық, дене шынықтыру және тактикалық  даярлық, әскери топография, жеке құраммен моральдық-психологиялық жұмыс, көшбасшылық сапаны дамыту сияқты оқыту пәндері, сондай-ақ әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша сабақтар ұйымдастырылды.

Жиынды сапалы өткізу мақсатында үздік деп танылған сабақ жетекшілері мен нұсқаушылары тағайындалды. Сонымен қатар, теориялық сабақтарды оқуға арналған сыныптар толық оқу материалдық базаларымен қамтылған. Ал, практикалық сабақтарды өткізу үшін арнайы тактикалық алаңдар, оқу-жаттығу тренажерлері мен атыс алаңдары толығымен жабдықталды.

- Сержанттар – кез келген бөлімшенің негізі. Олар жеке құраммен тікелей жұмыс істейді. Жеке құрамның жауынгерлік міндеттерін дұрыс орындауы сержанттардың қабілеттілігіне байланысты. Сондықтан, жиын өткізудегі басты міндетіміз – әуе шабуылына қарсы қорғаныс  әскерлері үшін білікті кіші командирлер мен мамандарды даярлау болып табылады, - деді жиын жетекшісі бірінші сыныпты сержант Данияр Әбілқасымов.

Айта кетсек, жиында 100-ге жуық сержанттар командирлік даярлықтан өтті. Жиын барысында олар, бір-бірімен тәжірибе алмасып, жауынгерлік дайындық пен бөлімнің күнделікті қызметін ұйымдастырудағы әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Жиын соңында оқу пәндерінен сынақтарды тапсыру қорытындысы бойынша сержанттардың дайындық деңгейі бағаланды. Сондай-ақ, үлгерімі бойынша рейтинг шығарылып, жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер құрмет грамоталарымен марапатталды.

«Табиғат көркі - ағаш»

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұйымдастырған «Парктер шеруі-2023» табиғатты қорғау акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің аумағында «Табиғат көркі - ағаш» ұранымен 55 көшет отырғызып, көгалдандыру іс-шарасы өткізілді.


Табиғатты қорғау акциясы салтанатты митингіден бастау алды. Онда Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Бақыт Айнабеков осындай бастаманың маңыздылығы туралы айтып, «Жас ұлан» республикалық мектебінің ұжымына қоршаған ортаны қорғаудағы белсенді ұстанымы үшін алғысын білдірді.

- «Парктер шеруі» - қорықтарды, ұлттық және табиғи саябақтарды және басқа да қорғауға алынған табиғи аумақтарды қолдау және сақтау идеясы төңірегінде адамдарды біріктіруге арналған халықаралық қоғамдық акция. Біздің елімізде ол 1996 жылдан бері өткізіліп келеді, - деп атап өтті Бақыт Тоқтасынұлы.

Сонымен қатар, Бақыт Тоқтасынұлы мектеп басшылығын алғыс хатпен марапаттап, мектеп тәрбиеленушілеріне саябақ аумағында демалуға 15 жолдама берді.

Салтанатты бөлімнен кейін мектеп оқушылары, офицерлер мен оқытушылар саябақ қызметкерлерімен бірге ағаш отырғызуға кірісті. Олар мектеп аумағында және мектеп маңында ағаш көшеттерін отырғызды. Ағаш отырғызу кезінде саябақтың өкілдері акцияға қатысушыларға ағаш отырғызуды қалай дұрыс жүргізу керектігін түсіндірді. Жалпы алғанда 15 дана боз арша, 10 дана жеміс және 30 дана жалпақ жапырақты ағаштар отырғызылды.

Республикалық мектептің бастығы, полковник Пернехан Орынбеков атап өткендей, ағаш отырғызу балаларға қоршаған ортаға қамқор болуды үйретеді, табиғи байлықты сақтауға және оны көбейтуге шақырады.

- Көшет отырғызудың өзі балалар мен ересектерді біріктіреді. Сонымен қатар, болашақта балалар өз еңбектерінің жемісін көре алатыны жақсы емес пе? Ағаш отырғызу - бұл есте қалатын және басқаларға қуаныш сыйлайтын із қалдыру, - деп қосты полковник Пернехан Орынбеков.

Экоакциялар соңында мектеп тәрбиеленушілері ұлттық саябақ қызметкерлеріне отырғызылған ағаштарға күтім жасаймыз деп уәде берді. 

«Өмірді сақта» 

бағдарламасы Шымкенттің әскери ұжымдарында іске асырылуда

Қорғаныс министрінің бастамасымен қолға алынған «Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру аясында 10216 әскери бөлімінің жеке құрамымен «дөңгелек үстел» жиыны өтіп,  құқық бұзушылықтардың, билікті асыра пайдалану фактілерінің алдын алу, жарақаттануды азайту, сондай-ақ әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының ТжИЖ жөніндегі орынбасары полковник Сергали Әлімқұловтың төрағалығымен өткізілген дөңгелек үстелге Шымкент гарнизоны әскери прокурорының орынбасары әділет подполковнигі Ермек Шалбаев, қалалық дін істері басқарманың теологы, психологиялық диспансер орталығының маман дәрігері, сондай-ақ қалалық әкімшілік полиция басқармасының бастығы қатысты.

«Дөңгелек үстел» барысында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Сергали Әлімқұлов жиналғандарға әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ әскери қызметтің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және әскердегі тәрбие жұмысын жетілдіруге бағытталған «өмірді сақта» бағдарламасы туралы айтып берді.

- Әскерлерде енгізілген сарбаздар мен олардың ата-аналары арасында апта сайынғы «отбасымен бейнеқоңырау» бағдарламасы, сондай-ақ сарбаздардың ата-аналары, олардың командирлері мен тәрбиешілер офицерлерінің қатысуымен мессенджерлерде құрылған чаттар әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған, - деп атап өтті полковник Сергали Әлімқұлов.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында бағдарлама енгізілген сәттен бастап әскери бөлімдердің жұртшылық үшін ашықтығын арттыру бойынша нақты іс-шаралар өткізілгені атап өтілді.

Мысалға, соңғы айда 10216 әскери бөлімінде гарнизонның әскери полиция бөлімінің өкілдері қоғамдық ұйымдардың өкілдерін және осы бөлімнің әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерін шақыра отырып нақты іс-шаралар өткізді. Сонымен қатар, Шымкент қаласы бойынша «Аналардың жүрегі» сарбаздардың аналар комитетінің өкілдері де кенеттен бқлімге келіп, жеке әңгімелесу өткізіп, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайларын бақылай алады.

«Ашық есік күні»

Механикаландырылған бригада аумағында ерекше форматта «ашық есік күні» патриоттық акциясы өтті. Қаланың жалпы білім беру мекемелерінен 150-ге жуық оқушы сарбаздардың тұрмыстық үй-жайлары, ас мәзірі және әскери борышты өтеуге басқа қандай жағдайлар жасалғанын көруге келді.

Бақылау-өткізу пунктінде қонақтарды бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары подполковник Ренат Калидолдин қарсы алды. Ол балаларға әскери қызмет өткерудің маңыздылығы туралы, Отанды қорғау әр азаматтың парызы екенін айтты.

– Отанды қорғау – ер-азаматтың міндеті, ал әскери қызмет әрқашан өз Отанына деген сүйіспеншілік пен борыштың ең жоғары көрінісі болып саналды, – деді подполковник Ренат Калидолдин. 

Жігіттер мен қыздар әскери бөлімнің аумағын кіре салысымен әскердегі өмірдің негізі «тәртіп» екенін түсініп, бірден сап түзеп, бөлімнің аумағында тек саппен қозғалды. 

Бүгінгі сарбаздардың өмірі, қонақтарды өзінің  ыңғайлы ұйымдастырылған механизмімен таң қалдырды. Бір ғана сарбаздар асханасындағы тамақтану рационының өзі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. 

- Алты адамға арналған үлкен және кең орындар. Әр үстелде бірнеше салат түрлері бар екен. Ас мәзіріне сәйкес, біріншіге екі түрлі, екінші екі түрлі ет және үш түрлі гарнир ұсынылған. Тәттілер, әр түрлі жемістер мен шырын сусындар да бар екен. Қалағаныңша тамақтана аласын!, - деді 129 мектебінің 10-сынып оқушысы Сымбат Мырзахан.

Асханадан кейін оқушылар Отан қорғаушылардың демалыс орнымен танысты. Казармада әрқашан мінсіз тәртіп. Оқушылар кереуеттердің біркелкі орнатылғанын, ал сүлгілер болса төсектің бір бетінде жинақы орналасқанынан таң қалды. Олар сарбаздардың күнделікті таңертеңгілік жаттығу жасайтын спорттық формасы бар екенін де бұл күні бірінші білді.

Соңында қонақтар монша-кір жуу кешеніне барып, киімдерді жуу және кейіннен өңдеу процессімен танысты.

Армиядағы өмірді басқаша елестеткен оқушылардың айтуынша, бүгінгі сарбаздың қызмет етуіне жасалған жағдайлармен танысу өте пайдалы болды. Жататын үй-жайлары, тамақтануы мен киім үлгілерімен қамтасыз етілуі, оларда тек жақсы әсерлер қалдырғанымен бөлісті. 

Ә.ҚОНЫСБАЙ