Дәрігерлердің жалақасын көтеру жалғаса береді

Қысқаша

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Шымкентке іссапармен келді


Еліміздің Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Шымкент қаласына жұмыс сапарыменк еліп, бірқатар медициналық объектілерді аралады.

341192934_183634224490039_3545173338812857962_n.jpg

Алғашқы ат басын бұрған нысан 260 төсектік стационары бар қалалық онкология орталығы және  бір ауысымда 150 адам қабылдауға арналған емхана болды. Онкология орталығының құрамында химиотерапиялық бөлімше (50 төсек-орын), радиологиялық бөлімше (46 төсек-орын), паллиативтік бөлімше (25 төсек-орын), радиогинекологиялық бөлімше (35 төсек-орын), хирургиялық бөлімше (30 төсек-орын), маммологиялық бөлімше (25 төсек-орын), онкогематологиялық бөлімше (20 төсек-орын) бар. Сонымен бірге мұнда 30 төсектік күндізгі стационар, клиникалық-диагностикалық емхана, оның ішінде сәулелік диагностика бөлімшесі, цито-гистологиялық зертхана, клиникалық-диагностикалық зертхана орналасқан.

Медициналық ұйымда 85 дәрігер және 200-ден астам орта медицина қызметкерінен құралған үлкен ұжым жұмыс істейді.

Бірінші вице-министр қалалық онкология орталығының жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, клиника басшылығымен шешуді талап ететін проблемалық мәселелерді талқылады.

Әңгімелесу барысында пациенттерді емдеуде енгізілетін инновациялар да сөз етілді. Мысалы, қазіргі заманғы эндобейнехирургиялық кешендерді сатып алумен кеуде, іш және кіші жамбас ағзаларының ауруларына аз инвазивті операциялар жүргізу практикасы белсенді қолданылады. 2019 жылдан бастап мұнда аяқ-қол саркомалары кезінде ірі буындарды бір мезгілде протездеу әдістері енгізілді.

Сүт безі обырында науқастарды психологиялық және әлеуметтік оңалтуда үлкен рөл атқаратын күрделі тері-бұлшықет қиындыларын қолдана отырып, әртүрлі реконструктивтік-пластикалық операциялар жасалады. Соңғы 4 жылда орталықта 80-нен астам осындай реконструктивтік операциялар орындалды. Қазіргі заманғы Phillips AZURION биплан ангиографында-7 онкология орталығының мамандары 1854 рентгенхирургиялық операция жасады.

  Бұдан әрі Т. Сұлтанғазиев 400 төсекке есептелген № 2 қалалық ауруханада болып, өткен жылы аталған клинкада 21 мыңнан астам пациент емделгені баяндалды. Ол медициналық көмек көрсету сапасының, әсіресе емханамен және ауылдық МСАК объектілерімен диспансерлік пациенттерді  есепке алу және емдеу, ҚЖА аурулары кезінде инсульттік науқастарға медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру бойынша тиімді өзара іс-қимыл жасау бөлігінде мәселелеріне назар аударды.

Содан кейін Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары №1 қалалық емхананың жұмысымен танысты, ол 45 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда Тимур Сұлтанғазиев аурулардың профилактикасы, скринингтік зерттеулер жүргізудің тиімділігін арттыру, пациенттерді уақтылы диспансерлеуді жүргізу және ауруларды басқару бағдарламасын орындау бөлігінде жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті, сондай-ақ ол пациенттерді қолдау қызметінің рөлін бастапқы деңгейде жандандыруды ұсынды.

Оңтүстік мегаполистің медициналық ұжымдарымен кездесулерді қорытындылай келе, Т.Сұлтанғазиев онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау бойынша жұмысты күшейтуді, МСАК-тың озық тәжірибелерін кеңінен енгізуді, әкімдікпен бірлесіп медициналық мекемелерді кадрлық қамтамасыз ету мәселелерінің шешімін табуды тапсырды, ұйымдар менеджментінің тиімділігін арттыру, жаңа технологиялар мен жұмыс әдістерін енгізу қажеттігін атап өтті.

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясына барған вице-министр аиталған оқу орнының мұражайына да бас сұқты.  Бұл мұражай 1979 жылы Академия құрылғаннан бергі тарихи деректер мен естеліктерді жинайды және сақтайды. Сонымен қатар, ол медицинаның негізі болып табылатын анатомия дәрісхана мұражайына барып, заманауи муляждармен танысты. Бірінші вице-министр академияның тест орталығында болып, қорытынды емтихандар жүйесінің әдістемелік және технологиялық мүмкіндіктерімен танысты, содан кейін мұражайдың «тілектер кітабына» тілегін жазып қалдырды.

Бүгін жұмыс сапары бағдарламасы шеңберінде Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының базасында халықпен кездесулер, азаматтарды жеке қабылдау және жергілікті өңірлік коммуникациялар алаңында брифинг өткізді.

Қала жұртшылығымен кездесуде Т.Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін күшейтуге, пациенттердің құқықтарын қорғауға, қоғамдағы дәрігерлер мәртебесін нығайтуға бағытталған күтілетін заңнамалық жаңалықтар туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ ведомствоның амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту, кадр саясаты, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы айтып берді, оның шеңберінде 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген.  Осы бағдарламаның қолданылуына байланысты 2022 жылы Шымкентте 413 квота бөлініп, 214 әйел жүкті болды, 90 отбасы бала сүю бақытына ие болды.

Кездесуге қатысушылар емханаларда тіркелу, амбулаториялық - емханалық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді, сондай-ақ қала тұрғындарын оңалту еміне стационарларға жатқызу және емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы бейінді бөлімшеге пациенттерді ұзақ күту, ересек тұрғындарға стоматологиялық көмектің қолжетімділігі мәселелері қозғалды.

Жеке қабылдау барысында азаматтар диспансерлік науқастарды дәрілік препараттармен уақтылы қамтамасыз ету, уақтылы диагностикаламауға және диспансерлік есепке алуға қатысты сұрақтар қойды, атап айтқанда жүктілігі бойынша ерте есепке қою туралы сұрады. Шымкент тұрғындары Министрдің бірінші орынбасарына республикалық клиникалар деңгейінде мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесу, мүгедектік тобын беру және санаторийлік-курорттық емделуге жіберу, онкологиялық диагнозбен емдеуге жатқызу мәселелерімен келді.

–2022 жылы Шымкент қаласында жалпы өлім-жітім 35%-ға төмендегенін, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан өлім-жітім 21%-ға, обырдан-10%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден өлім-жітім 47%-ға төмендегенін атап өткім келеді деді бірінші вице-министр Т.Сұлтанғазиев. – Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын - медициналық-санитариялық алғашқы көмек – бұл халыққа барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет. Халықтың сұрауы бойынша жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету қағидалары бекітілді. Сондай-ақ, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алады және тексеріледі.         Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 78 мың дәрігер, оның ішінде Шымкент қаласында 2 мың дәрігер жұмыс істейді. Өңірде дәрігерлердің тапшылығы 98 маманды құрайды. Өткен жылы ел өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 1 809 түлегі, оның ішінде Шымкент қаласына – 74 түлек бөлінді. Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша былтыр республикалық бюджет есебінен 4700 білім гранты, оның ішінде 1500 резидентура гранты бөлінді. Шымкент өаласының үлесі 74 грантты құрайды. Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттар санының жыл сайын 70%-ға ұлғаюын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған байланысты биыл резидентураға 2 500 грант бөлу жоспарланып отыр. Бұған қосымша осы жылы  сертификаттау курстары арқылы арнайы мамандарды даярлау үшін жаңа білім беру бағдарламалары енгізілетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Парламент Мәжілісінің қарауына медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі заң жобасы әзірленіп, енгізіліп, ол бірінші оқылымда мақұлданды. 2023 жылы Заң қабылданғаннан кейін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесі іске қосылады. Бұл шаралар пациенттердің, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға, медицина мамандығына деген абырой мен құрметті асыруға, сондай-ақ жастарды кәсіп таңдауда денсаулық сақтау саласына қызықтыруға арналған. Сондай-ақ, дәрігерлердің орташа жалақысын 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінікін 20%-ға арттыру жалғасады. Биылғы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен 4.2 мың дәрігерді, оның ішінде 100-ге жуығын шетелде, сондай-ақ 2 мың 650-ге жуық орта медицина қызметкерін оқыту жоспарда бар. Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі еліміздің халқын үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Осы орайда шымкенттік емдеу мекемелерін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 4,6 млрд. теңгеге, ал стационарлық көмекке 4 млрд. теңгеге жуық дәрі-дәрмек сатып алынды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 12 ай бұрын жарналарды төлеу арқылы кірудің баламалы тәсілін енгізу бойынша толықтырулар енгізілді.

Барлық айтылған өтініштер мен сұрақтарға бірінші вице-министр толық жауап қатты, түсініктемелер берді, бейінді департаменттерге жүгінген азаматтарға қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.

Сапар соңында Тимур Сұлтанғазиев жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерінің жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз бейінді мамандарды қабылдау тәртібіне, кадр тапшылығын шешу жолдарына, емханаларды медициналық техникамен жарақтандыруға қатысты брифинг өткізді.