(Мархабат Байғұттың «Шілде» әңгімесіне көркемдік талдау)
Әдебиет – халықтың рухани айнасы. Қай заманда болмасын, шын жазушы – халықтың жаны мен жанайқайын жазып қалдыратын рухани шежіреші. Қазақ әдебиетінде осындай рухани миссияны адал атқарып келе жатқан қаламгерлердің бірі – Мархабат Байғұт. Ал М.Байғұттың шығармаларының шоқтығы биігі – «Шілде» атты әңгімесі.
«Шілде» – жай ғана ауа райын сипаттайтын атау емес. Бұл – қоғамдағы рухани күйдің, жан күйзелісінің метафорасы. Әңгімеде ауылдың берекесіз тірлігі, ішімдіктің уына тұншыққан өмір, тозған құндылықтар мен жойылып бара жатқан ұлттық негіз терең суреттелген. Жазушы бұл көріністерді ешқандай артық бояусыз, қарапайым да шынайы тілмен сипаттап берген. Сол арқылы оқырманды шынайы ойға батырады. «Шілде» – тек кеңестік кезеңнің трагедиясы емес, бұл – бүгінгі қоғамның да көрінісі. Себебі шығармада көтерілген мәселелер мен адам бойындағы мінез-құлықтар уақыт өткенімен, жоғалып кеткен жоқ. Кеңес заманындағы жалтақтық, шындықты айта алмай іштен тынып өмір сүру, бастыққа жалбақтап әділетсіздіктерге көз жұму – бүгінде де бар.
Оқиға шілде айында өтеді, бұл кездейсоқ таңдалған мезгіл емес. Шілде – күйіп-жанған, шөлдеген, тыныс таппай, бұлқынып жатқан табиғат мезгілі. Қаламгер осы шілде аптабын ауыл өмірінің ауыр ахуалымен шебер үйлестірген. Аптап шілдені сезіну арқылы біз ұлттық сана мен болмысқа да үңіле аламыз. Автор табиғаттың күйін ауыл тұрмысының күйімен сабақтастырып, керемет параллель жасаған. Қатты күннің астында қалып, талықсып жатқан ауыл өзінен өзі ажыраған ұлттың символы іспетті. Шығармада сипатталған шілденің ыстығы – өмірдің, тағдырдың, рухтың сынға түскен сәті. Қатты шілде – Қалдыбайдың жан күйзелісінің, ішкі азабының метафорасы. Ол – күйіп бара жатқан сана, жаны жаралы, тілі байланған ұрпақтың сүлдесі. М.Байғұт осылайша көркемдік тәсілмен үлкен әлеуметтік, рухани мәселеге назар аударған. Қалдыбайдың аузынан шыққан әр сөз, әр әрекет – өткеннің сарқыншағы. Бірақ ол толығымен жаман кейіпкер емес. Оның ішінде тынбай бұлқынып жатқан қазақы мінез, шынайы намыс,әрі қарай өмір сүруге деген құлшыныс та байқалады. Жазушы осы қарама-қайшылықты көрсете отырып, оқырманды ойлануға итермелейді: біз қай бағытта келе жатырмыз? Өткеннен не алдық? Бүгін не жоғалтып жатырмыз?
Аймереке ҚҰДАБАЙ,
Мұхтар Әуезов атындағы ОҚЗУ студенті