Ордабасыда мәдениет саласында оң өзгеріс көп

Қысқаша

Жетістіктерге жетіп жүрген өнерпаздар да аз емес

Ордабасы ауданының мәдениет саласында соңғы жылдары алға ілгерілеушілік басым. Мәдениет кез келген ұлттың өмірінен, салт-дәстүріне сыр шертетін киелі ұғым болғандықтан болар, ауданда бұл бағыттағы жұмыстар экономикалық маңызы бар мәселелермен тең тұрғыда қарастырылады. Өйткені мәдениеттің өзі өмірдің тиянақтылығын, дәйектілігін, мәнділігін, табандылығын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін институт болып табылады.

image.png

Қазір ауданда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Аудандық мәдениет үйі», «Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» және «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы»  мекемелері  халыққа  қызмет көрсетіп келеді. Аталған мекемелер аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып, жастардың жан дүниесін, ой-өрісін дамытып, салауатты азамат етіп тәрбиелеу мақсатында дөңгелек үстел басында кездесулер, кітап беташарларын, әдеби кештер, әртүрлі байқаулар, шығармашылық кештер, сайыстар мен пікірталастар секілді мәдени маңызы бар іс-шараларды өз деңгейінде өткізіп жүр.

Ордабасы аудандық мәдениет үйінде бүгінгі күні аудан көркемөнерпаздарынан құралған «Арай» вокальды аспаптар ансамблі, «Ордабасы» фольклорлық ансамблі, 5 әжелер ансамблі, (Темірланда-1, Шұбарсуда - 1, Атамекенде - 1, Ұялыжарда -1, Бөгенде -1) «Темірлан халық театры», «Жас толқын» балалар театры, «Ордабасы» триосы, «Қыздар» триосы, «Ағалар» триосы, Балғабековтер отбасылық ансамблі және «Ай ару» бишілер тобы, «Сарын» хор ұжымы көпшілікті той-жиында өз өнерлерімен тәнті етіп жүр. Ал ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда «Домбыра», «Көркемсөз», «Эстрада», «Би», «Қолөнер үйірмесі», «Әжелер ансамблі» және «Көңілді тапқырлар алаңы» үйірмелері жұмыс істейді.  Сахна деген киелі орында жүрген өнерпаз аудан тұрғындары түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге ат салысып, ауданның мерейін асқақтатып жүр.

image.png

Тек ауданда өткізілетін салтанатты кештерде ғана емес, сырт жақтарға шығып, өзін-өзі танытып, жетістіктерге жетіп жүрген өнерпаздар да аз емес.

Биылғы жылдың 5 айында аудан көлемінде бекітілген жоспарға сәйкес барлығы 452 іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде негізгі іс-шаралар:  Ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай жастар арасында  «Әбу Нәсір әл Фараби оқулары» атты аудандық  байқауы, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілген ақын өлеңдерімен  қара сөздеріне «Абай дара, Абай дана», «Ұлылардың ұлысы – Абай»,  Азияда тұңғыш біртұтас империя құрушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың туылғанына 130 жыл толуына орай «Елім деген ердің ерен ерліктері», «Алаш арысы», «Шоқтығы биік тұлға», «Алаш зиялысы», «Тәуелсіздік жаршысы – Мұстафа шоқай», «Ұлы тұлға» атты  іс-шаралар, Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығаруылуының 31 жылдығына  орай   мәдени  шаралар,   Аудандық мәдениет үйі мен ауылдық клубтарда  ақын Қадыр Мырзалиевтің туылғанына 80 жыл толуына орай, «Атамекен» атты концерттік бағдарламасы, 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай мерекелік салтанатты іс – шарасы,  8  наурыз  Халықаралық  әйелдер  мерекесіне мерекелік  іс-шаралар, және  тағы да сол  сияқты іс-шаралар   қамтылды.

Биылғы жыл тек қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлем экономикасы мен әлеуметін әлсіреткен жыл болды. Оған себеп жаһандық дерт COVID 19 вирусының көз ілестірмей тарап кетуі. Коронавирус індетінің таралуына жол бермеу үшін жасалып жатқан шектеулерге байланысты әлем бойынша түрлі шаралар қолға алынып жатырғаны мәлім. Осыған байланысты бүкіл әлемде театрлар мен музейлерге бару тоқтатылды, музыкалық фестивальдер, спорттық шаралар ауыстырылды, фильмдердің премьералары кейінге қалдырылды. Әрине, бұл жайт Ордабасы ауданыны мәдениет саласына да едәуір өзгерістер алып келді. Дегенмен карантин режиміне қарамастан ұжым қызметкерлері өз қызметтерін жақсы деңгейде атқарып отырды. Бүкіл дерлік биылғы жоспарға енген іс-шаралар онлайн режимдерде өткізіліп, халыққа әлеуметтік желілер арқылы насихатталып отырды.

Төтенше жағдай кезінде мәдениет қызметкерлері Facebook әлеуметтік желісі  арқылы онлайн  түрде  бейнебаяндар ұсынып отырды. Олардың қатарында "Медицина қызметкерлеріне мың алғыс!", «Сақтық шарасын сақтайық!» полиция қызметкерлеріне, 1мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған «Елім менің»  атты  бейнероликтермен қатар 1 мамыр – Қазақстан халық-тарының бірлігі күніне арналған мерекелік құттықтау және мерекелік ән шашу,  9 мамыр – Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз соғысты көрген жоқпыз» көрінісі және Нұргүл Алтынбекқызының орындауында «Ана туралы баллада»  бейнеролигі  жасалып  көрермендерге  ұсынылды. Сонымен қатар «Бауыр қымбат» бейнеролигі, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениет тынысы» бейнебаяны, «Арай» вокалды аспаптар ансамблі онлайн концерті, «Ордабасы» фольклорлық ансамблінің онлайн концерттері де тікелей эфир арқылы өз көрермендерімен қауышты. Ал жуырда өткен 1-маусым халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мәдениет қызметкерлерінің бірігіп жұмыс істеуімен «Ұры мен Ұлы», «Ажал мен Ұста», «Өміріңді өзгерт» бейнеролигтері жасалынды.

Сондай-ақ, аудан   кітапханашылары  да әлеуметтік  желі  арқылы  онлайн  түрде  оқырманға  қызықты, пайдалы контент ұсынып отырды. Аудан аумағында жалпы 31, ауылдық мәдениет  үйлері мен  клубтарда - 8, жеке ғимаратта- 1, ауыл округі әкімдігінде-4, ескі ФАБ ғимаратында-4, ескі мектеп ғимаратында-3,   жеке-меншік жайда-11  кітапхана жұмыс істейді. Олардың бәрі дерлік онлайн түрде халық игілігі үшін жұмыс атқарды. Атап  айтқанда наурыз  айының 20-шы  жұлдызынан  бастап,  ғұлама  ғалым  Әбу Насыр Әл-Фарабидің туылғанына 1150 жылдығына арнап - 15 шара,  Ұлы  ақын Абай  Құнанбаевтың 175 жылдығына  арнап - 40  шара,   Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай - 16 шара,  сонымен қатар қазақ хандығына 555 жыл, жазушы Сәбит Мұқановтың 120 жыл, сазгер, домбырашы,  дирижер Нұрғиса Тлендиевтің туғанына 95 жылдықтарын тойлау іс-шаралары, ақиық ақын М.Мақатаевтың, алғашқы қазақ опера әншісі Күләш Байсейітованың, ақын Ханбибі Есенқарақызының, ақын Гүлнар Өмірбектің шығармаларын таныстырумен қатар, өлкелік  ақындар: Дүйсенхан Нақымовтың,  Нармахан Бегалыұлының, ақын Әкім Ысқақтың  журналист, жазушы, ақын Төрекелді Байтасовтың, ақын - сазгер Құрманәлі Жылқыбайдың шығармаларымен  таныстыру мақсатында  онлайн  түрде көптеген материалдар оқырман  назарына  ұсынылды. 

image.png

Бүгінде аудан тұрғындарына кітапханалық ақпараттық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 16 кітапхана компьютермен жабдықталып, 13 кітапхана интернет желісіне қосылған. Кітапханаларды цифрландыру әсіресе соңғы төтенше жағдай Республикалық ақпараттық кітапханалық анықтамалық жүйе «РАБИС» бағдарламасы бойынша 2 аудандық, 9 ауылдық  кітапхана Қараспан,  Шұбар, Қарақұм, Бадам, Бөржар, Төрткөл, Шұбарсу, Бөген, Жеңіс жұмыс жасап келеді. Тек келушілерге ғана емес, кітапханаға келуге мүмкіндігі жоқ тұрғындарға да тиісті жағдайлар жасалынған. Мәселен үйге және мекемелерге кітап апару, яғни стационардан тыс қызмет көрсету түрлері де бар. Осы бағытта аудандық орталық кітапхана аудандық аурухана, аудандық оқушылар үйі, «Арайлым», «Бүлдіршін», «Рахия Ана» балалар бақшалары қызметкерлеріне жоспарға сай, ауылдық кітапханаға келе алмайтын 235 оқырманға әр сенбі сайын үйіне барып қызмет көрсетеді.

Аудан бойынша 10 ауылдық округ болса, бүгінде олардың әрқайсысы жоғарыда көрсетілген мақсаттарда қызмет атқарып келеді. Текті елдің текті ұрпақтарына өткенімізді ұлықтап, келешекке кемел көз жүгіртетін шығармалар, іс-шаралар бұдан кейін де шыңдалып, аудан көркемөнерпаздары биіктен көрінуіне ықпал етері анық.

Әл-Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни, адам мәдениетті жан. Мәдениет саласы адамзат өмірінде елеулі орын алады. Сол себептен де аудан тұрғындарын мәдени тұрғыдан баулып, қызмет етіп кележатқан мәдени сала қызметкерлерінің қоғамдағы алар орны ерекше.

image.png

Мәдениет саласының қызмет ету функциясы тікелей адаммен байланысты, негізгі міндеті адамды тәрбиелеу болуға тиісті. Мәдениет саласы өзіне-өзі қызмет жасамайды, ол қоғамнан бөлек дара нәрсе емес. Қоғам мен мәдениет біртұтас ұғым, ал қоғам жеке адамдардан тұрады, сондықтан адам мәдениетін көтермей, қоғам мәдениеті көтерілмейді. Сондықтан мәдениеттің өрлеуіне ат салысу әр қазақ үшін борыш. Адамдардың басқалардан маңызды өзгешелігі - олардың өзі тұрған қоршаған ортасын өзi жасауы. Демек өзіміз өмір сүретін, өзімізге жайлы қоғамды қалыптастыру жолында әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.

"Рейтинг" газеті