«Балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ»

Қысқаша

«Балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ»

Бүгінгі таңда балалардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы мен қорғалуы, әл-ауқаты, білімі мен әлеуметтік жағдайы – басты назарда. Бұл туралы Президент: «Әлемде балалардың бақыты мен күлкісінен маңызды ештеңе жоқ. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау – әрқашан біздің мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі», - деген еді.

image.png

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен аппараттық мәжіліс өткен болатын. Аталған мәжілісте қозғалған маңызды мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасында суицидті алдын алу шаралары болды. 

Елімізде көптеген отбасы балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту, олардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасай алмай отырғаны рас. Өкінішке қарай, зерттеулердің нәтижесі қоғамда отбасы институты әлсіреп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлтымызға сай отбасылық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалып бара жат­қанын анықтады. Бұл олқылықтың орнын білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп толтырмақшы. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі зор. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, сапалы білімді, патриотизмді, нағыз маман болуды, үнемшілдік пен еңбекқорлықты қалыптастыруға оқушы – мұғалім – ата-ана бірлесе жұмыс атқаруы шарт. Сол себепті министр тәрбие жұмысының рөлін күшейту мақсатында республикадағы мектептерде 1 қыркүйектен бастап ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын ашуды тапсырған еді. 

Жоғарыда аталған мәжіліс барысында қала әкімінің орынбасары С.Құранбек кәмелетке толмағандар арасында суицидті алдын алу шаралары туралы баяндады. Ата-ана – оқушы – мектеп байланысын қалыптастыру мақсатында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» мен «Даналық мектебі» құрылғанын айтты. Одан бөлек білім беру ұйымдарында «Аталар мектебі», «Әжелер мектебі», «Жеңгелер мектебі», «Ағалар мектебі», «Ұлдар клубы», «Қыздар клубы» жобалары іске асырылып жатқанын да сөз етті. 

Балалар өмірі мен денсаулығының аса маңызды екеніне тоқталған қала әкімі жауаптыларға жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар олардың қауіпсіздігін қамтасыз етуде профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. 

Бұдан кейінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер мен балаларды деструктивті діни ағымдардан қорғау болып отыр. 

Қала әкімінің орынбасары жыл басында «Жастар ресурстық орталығында» өткен форумда оқушылардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге діннің де залалы барын алға тартқан болатын:

Жасыратыны жоқ, жұма намазға баратындар арасында жасөспірімдер, тіпті бастауыш сынып оқушылары да көп. Мұсылмандық парызды өтеу дұрыс-ақ, бірақ оқушының басты міндеті сабақ оқу екенін неге ұмытып кетіп жатырмыз. Көптеген ақпараттың ішінде қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату да қиын. Әсіресе жастарға. Әкім орынбасарының айтуынша, сырттан қаржыландыратын радикалды күштер, деструктивті ағымдар сананы отарлау үшін дін арқылы шабуыл жасайды.

«Қазақстанда мешіттің саны үш мыңнан асты. Шымкенттің өзінде жүзге тарта бар. Құрметті имамдар, сіздерден өтінемін, әлі буыны қатпаған жас баланы мешітке шақырмаңыздаршы. Мектебіне барсын. Сабағын жақсы оқысын. Ғылым қусын. Отанның өркендеуіне білімімен қызмет етсін. Сонда ғана біз шын мәнінде зайырлы, құқықты ел боламыз», - деген еді Сәрсен Құранбек.

Міне, осы мақсатта Шымкент қаласындағы «Достық үйінде»  қалалық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының» директоры Г.Раздықова «Деструктивті діни ағымдарға қарсы профилактикалық шараларды қамтамасыз ету» тақырыбында кездесу өткізді.  

Жиынға этнос өкілдері қатысып, кереғар діни ағымдардан сақтану, терроризмге әкелетін зорлық-зомбылық, экстремизм мен радикалданудың алдын алу және оған қарсы күресу жөнінде пікірлер алмасып, өзекті сауалдарға жауаптар берiлген еді.

Мұндай шаралар қаламызда жиі әрі үздіксіз өтіп жатқанын да айтып өткен жөн болар.