Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесті. Қос тарап Қазақстанның 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төрағалығы шеңберінде жоспарланған, елімізде өтуге тиіс іс-шаралар жөнінде пікір алмасты.
2024 жылғы маусымға жоспарланған ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысын ұйымдастыру мәселелерін қарастыруға ерекше назар аударылды. Кездесу барысында ұйым аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, соның ішінде саяси өзара іс-қимылды дамыту, қауіп-қатерлерге қарсы тұру мәселелері талқыланды, - деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында. Қазақстан Ресеймен қандай саяси іс-қимылдарды дамытуы мүмкін?
Айта кетері, биыл 1 қаңтардан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға өтті.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйым 1992 жылы Ресейдің бастамасымен Ташкентте құрылған әскери ұйым. Сол кезде ұйымға Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан кірді. Кейіннен әскери одақтың құрамына Әзірбайжан, Грузия, Белоруссия қосылды. Бес жылдан Өзбекстан, Грузия және Әзірбайжан шығып кетті. Соңғы жылдары бұл ұйымының беделі айтарлықтай төмендегені рас.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері Қазақстан билігінің сұранысы бойынша Қазақстанға келіп, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз еткені белгілі. Сол кезде мұны әлем елдері теріс қабылдады. «Енді орыс әскері Қазақстаннан кетпейді» дегенді батыс сарапшыларының көбісі айтты. Алайда ұйым әкерлері Қазақстан аумағынан мерзімінен бұрын шығарылды.
Кейбір сарапшылар аталған одақтың өте әлсіз екендігін айтып келеді. Дегенмен Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін ҰҚШҰ-ның жұмысында серпіліс пайда болғанын мойындау керек.
Былтыр желтоқсанда ҰҚШҰ-ның Мәскеуде өткен жиынында Иманғали Тасмағамбетов биыл атқарылатын шаруалардың жайын таныстырған болатын. Бас хатшының айтуынша, биыл әскери жаттығу жиындары Қазақстанда, Қырғызстанда, Ресей мен Тәжікстан аумағында өтеді.
Ал осы кезде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Голан жоталарындағы бөлінген жерлерді «БҰҰ-ның бақылау күштері» (SONNR) миссиясына бітімгерлік контингентті жіберу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға бітімгерлік миссияны өз бетінше жіберуге және орындауға мандат берді. Қазақстандық контингенттің құрамында 139 әскери қызметші бар. Біздің бітімгерлер БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындайтын болады.
Миссияны орындау үшін қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның талаптары мен стандарттарына сәйкес мұқият іріктеуден және даярлықтан өтті. Кешенді алты айлық дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында ұйымдастырылды. Әскери қызметшілерді оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысты.
Әскери қызметшілер ағылшын тілін, күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормаларын оқыды. Бітімгерлік базаны қорғау, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, патрульдеу, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, көмек көрсету және эвакуациялау бойынша міндеттер іс жүзінде пысықталды.
Он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүр.