«Этноауыл болып соғылмаған»: Шымкент мәдениет басқармасының басшысы даулы мәселеге түсінік берді

Қысқаша

«Этноауыл болып соғылмаған»: Шымкент мәдениет басқармасының басшысы даулы мәселеге түсінік берді

Шымкент қаласында жылда Наурыз мерекесі қарсаңында шу шығады.  Былтыр ғана "халық игілігі үшін" берілген этноауылдың күлі көкке ұшып отыр. Сахна бұзылып, тізіліп тұруы тиіс 60 киіз үйден ештеңе қалмаған көрінеді. 

Screenshot_5.jpg

Бұл туралы қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің фейсбуктегі парақшасында жазған болатын:

"Ол жер жай ғана қарапайым жер емес. 8 соттық жердің өзі 40 миллион теңге тұрады. BI Group компаниясының иесі Айдын Рахымбаев ол жерді алған кезде, бізге ипподромды басқа жерден көшіріп, салып беремін деп уәде берген. Және ол жерді ол кісі тегін алған жоқ. Ол жерді Әйтенов "жесткий торг" арқылы саудаласып, сатып отыр. Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып отыр. Түсінгенімше иесінен сатып алмай тұрып, ол жерге мемлекеттің нысандарын сала бастаған. Енді "барлығын жинап алып кетіңдер" деп жер иесі талап қойып жатыр екен. Қараша айында Бас Прокуратураға, Шымкент қалалық Прокаратураға Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Антикорға видеоүндеу жолдадым. Яғни, әлеуметтік желіге салынған видеоүндеу арыз-шағым болып тіркелу керек. Алайда маған жергілікті прокуратура видеоны алып тастау керек екенімді ескертті. Менің тарапымнан жазылған шағымыма Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап берген жоқ. Менде сұрақ: мемлекеттің тарапынан бөлінген 285 миллион және кәсіпкерлерден жиналған қаражат қайда? Оның есебін кім сұрайды?",- деді ол. 

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты Өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте осы мәселенің анық қанығын журналистер қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының басшысы Бауыржан Орынбасарұлынан сұраған болатын. 

"Өздеріңіз де білесіздер, бізде Шымқала тарихи мәдени кешені орналасқан. Сол кешеннің жанында этноауыл бар. Сол этноауылды биыл жаңарту, жаңғырту мәселелерін қарастырып отырмыз. Сіздер жаңадан салынған ипподромның қасындағы жерді айтып отырсыздар ғой. Мен шынымды айтайын, одан хабарсыз екенмін. Бірақ, ол этноауыл болып соғылмаған, менің түсінуімше. Ол жерде былтырғы жылы Наурыз өткізілді. Ол жеке адамның жері болып есептеледі, менің түсінуімше. Бірақ, этноауыл ретінде соғылмаған",- деп жауап берді басқарма басшысы. 

Қызметке жаңадан келгенін алға тартқан басшы бұл жағдайлардан хабарсыз болып шықты. 

Бұдан бөлек, биылғы наурыздың ұйымдастырылуы туралы журналистердің сауалына:

"Біз биыл наурызды 10 күн атап өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Жоспар бойынша қазір 84 миллион қаржы бар. Биыл орталықтағы алаңда атап өтуді шештік. Бұдан бөлек әр 5 аудан өз локацияларында атап өтетін болады",- деп жауап берді Бауыржан Орынбасарұлы.

Screenshot_2.jpg