Жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін біз бар күшімізді жұмылдырып, тез қимылдауымыз керек. Осыған байланысты аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органнан нақты іс-қимылдарды талап етемін. Бірінші, «Самұрық-Қазына» қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр 15 мамырға дейін барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтау қажеттігін баса айтты.
«Екінші. Өңір әкімдері 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблеманы шешуі тиіс. Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын осы жылғы 1 тамызға дейін аяқтау қажет. Астана және Алматы әкімдері 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде инвесторлардан сатып алынатын 9 мектепті пайдалануға беруді қамтамасыз етсін», - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы үшіншіден, Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз ету тиістігін айрықша атап өтті.
«Объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру қажет. Цифрландыру министрлігі мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз етсін. Ішкі істер және Оқу-ағарту министрліктері жайлы мектептердің, оның ішінде іргелес жатқан аумақтардың қауіпсіздігі мәселесін ерекше бақылауға алуы қажет. Біз ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылатын болады», - деді Олжас Бектенов.
Үкімет отырысында бұған дейін жиындарда Бектеновтың тарапынан берілген тапсырымалардың барысы қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында өнімсіз позицияларды анықтау үшін қосымша тексеріс жүргізілгенін баяндады.
Осының негізінде мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын қысқарту (форумдар мен зерттеулер, іссапарлар), аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау (әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары) және т.б. ұсынылады.
Нәтижесінде оңтайландыруға 300 млрд теңгеден астам қаражат ұсынылады, ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі секторларын қаржыландыруға бағытталатын болады. Сонымен қатар Нұрлан Байбазаров бүгінгі таңда Президенттің экономиканы кешенді ырықтандыру туралы Жарлығының жобасы әзірленгенін айтты. Онда экономикалық процестерге мемлекеттің араласуын кезең-кезеңмен азайту бойынша жүйелі шаралар көзделген. Жарлықтың жобасы үш бағытты көздейді: нарықтық бәсекелестікті дамыту, тиімді жекешелендіру және квазимемлекеттік секторды кешенді реформалау. Үкімет басшысының айтуынша, республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру бойынша ұсынылып отырған шаралар қолдау табуда.
«Үнемделген қаражатты оңды-солды шашпай, экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз. Бұл жұмысты жалғастыру керек. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде осы жұмыстың нәтижелерін ескеру қажет», — деді Олжас Бектенов.