Пара берген кім, алған кім? Мақсұт Исахов Шымкенттің сотына сенбейді

Қысқаша

Пара берген кім, алған кім? Мақсұт Исахов Шымкенттің сотына сенбейді

 Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, былтыр шілдеде жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен ұсталған Мақсұт Исаховтың ісіне қатысты тың деректер шықты.

Исаховқа аса ірі көлемде пара берді де айып тағылған болатын. Оның ісі қаңтар айында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотына түсті. Егер экс-орынбасардың кінәсі дәлелденсе, ол ұзақ жылға сотталуы мүмкін. Қылмыстық кодексте аса ірі көлемде пара беру бабы бойынша он жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Әрине, егер сотта оның кінәсі дәлелденсе деңіз. Соңғы кездері экс-орынбасардың жазадан құтылып кетуі мүмкін деген әңгімелер айтыла бастады. Айта кетері, оның үстінен бұған дейін қозғалған бір қылмыстық іс қысқартылған болатын. Кейінгі істің де алдыңғы істің кебін кимесіне кім кепіл?

photo_114632.jpeg 

Бұған дейін ақпарат құралдарында жазылған мәліметтерге қарағанда, 2020 жылы Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша жылу жүйелерін ауыстыруға тендер жариялаған. Лотқа қойылған ақшаның көлемі 685 миллион теңгені құраған. Конкурсқа тоғыз компания қатысып, біреуі жеңімпаз атанған. Алайда мұнымен келіспеген «Старт-Строй» компаниясы сотқа жүгінген. Сот оның талап арызын қанағаттандырып, конкурс хаттамасын жарамсыз деп тапқан. Осыдан кейін Мақсұт Исахов аталған компания  директорының орынбасарын әңгімеге шақырғанға ұқсайды.

Исахов компания өкіліне тендерге қайта қатысудан бас тартуды, оның есесіне 187 миллион теңге берген жағдайда  11 миллирад теңгені құрайтын басқа тендерді алып беруге уәде еткен.  Екіарадағы әңгімені директор орынбасары телефонының диктафонына басып алған.

2021 жылдың желтоқсанында компанияның басшылары Бас прокуратураға арызданады. Прокурорлар істің анық-қанығын анықтауды антикорға, Шымкент қаласының аппаратына, Қаржы министрлігіне жүктеген көрінеді. Алайда бұл іс созбалаңға салынған. Осыдан кейін әділдік таппаған арызданушылар Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барған. ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаменті  «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғайды. Ақыр соңында бұл істен оңайлықпен құтыла алмайтынын түсінген  М.Исахов ҰҚК департаментінің тергеушісіне ірі көлемде пара бермек болған көрінеді.

Былтыр 19 шілдеде тергеушіге арналған  200 мың доллар пара қаладағы дүкендердің біріне қалдырылған. Оның ҰҚК қызметкерлері айғақтық зат ретінде алып, артынша Мақсұт Исаховты ұстаған. Бір қызығы, прокуратура былтыр 30 қыркүйекте Исаховқа қатысты   «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану»  бабы бойынша қозғалған алғашқы қылмыстық істі қылмыс құрамы жоқ деген негізбен қысқартып жіберген. Егер Исаховтың әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы болмаса, ол ҰҚК-нің тергеушісіне параны не үшін берген? Ал  нақты дәлел-Исахов пен компания өкілі арасындағы аудиожазба неге кәдеге аспай қалған?  Бұл жағы  жұмбақ.

Енді міне, өткен аптада Исаховтың ісіне қатысты тағы бір дерек шықты. Шымкентте ҰҚК департаменті бастығының орынбасары ұсталды деген ақпарат тарады. Оның үстінен «лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.  Белгілі журналист М.Козачковтың жазуынша, ұсталды деген орынбасар  ұзақ уақыт бойы шымкенттік шенеуніктерге «қамқорлық» көрсетіп келген. Осындай «қамқорлықтарға» берілген «рахметтердің» көлемі жарты миллиард теңгені құрағанға ұқсайды. Мұны тергеу барасында шымкенттік шенеуніктердің өздері мойындаған дейді.   Ең қызығы, ұсталды деген орынбасар мен Исахов пара берді деген орынбасар бір адам көрінеді. Сонда бұл неғылған қарама қайшылық? Алдымен әкім орынбасарын ҰҚК департаментінің лауазымды қызметкеріне пара берді деген күдікпен ұстайды. Осыдан кейін әлгі лауазымды қызметкердің өзін ұстап, үстінен қылмыстық іс қозғайды.  Сонда параны берген кім, алған кім?   

Ал, Исаховтың өзі былтыр шілдеден бері қамауда отыр. Алғашқы сот отырысында адвокаты Исаховтың денсаулығы сыр бергенін, осыған байланысты оны үйқамаққа жіберуді сұраныпты.  Исахов түрмеде созылмалы гастрит және қан тамырларының кеңеюіне байланысты диспансерлік есепке алынған. Оған ота жасалып, облыстық клиникалық ауруханада ем қабылдап шыққан. Алайда «экс-шенеуніктің денсаулығы жақсы» деген дәрігерлердің қорытындысын тыңдаған сот Исаховты үйқамаққа жіберген жоқ.

Исахов сонымен бірге шымкенттің соты мен прокуратураға сенімсіздік білдіріп отыр. Сот барысында оның адвокаты Исаховтың ісін   Алматы қаласы немесе Жамбыл, Қызылорда облыстарының соттарына беру туралы өтініш білдірген. Ол Шымкенттің соты мен прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне тәуелді екендігін алға тартыпты.  Алайда сот дәлелдердің жоқтығына байланысты, бұл талапты да негізсіз деп тапты. Исаховтың ісі Шымкентте қарала беретін болды.  

Расында да Шымкенттің соты мен прокуратурасы ҰҚК-ға тәуелді деген сөз қисынға келе ме? Егер Ұлттық қаупсіздік комитеті прокуратураны «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаса, Мақсұт Исаховтың үстінен ҰҚК қозғаған алғашқы қылмыстық іс қысқарып кетпес еді ғой.  

Не де болса, әліптің артын бағып көрейік.