Бектенов жұмысын сын айтудан бастады

Қысқаша

Бектенов жұмысын сын айтудан бастады

«Биыл қаңтарда негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскен. Мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді. Инвестициялық штаб жұмысын күшейту қажет, оған жеткілікті өкілеттіктер берілген.

Screenshot_11.jpg

Министрлер мен әкімдердің басты міндеті – инвестициялық жобаларды іске асыруға тиімді әрі пәрменді қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есе ұлғайту туралы ауқымды міндет қойды».

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осылай деді.  Ол атқарушы биліктің алдына кем дегенде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. 

 «Сондықтан, дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыру - негізгі фактор. Инвестиция тартудың біртұтас экожүйесін құру, инвестициялық жобаларға тиімді қолдау көрсету, сондай-ақ жобаларды уақтылы іске асыру үшін жағдай жасау Үкіметтің осы бағыттағы үйлесімді жұмысының көрсеткіші», - деді премьер.

 Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне экономиканы дамыта түсудің жаңа жоспарын әзірлеуге бір ай уақыт берді.

«Әріптестер, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету Үкіметтің биылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді. Осыған байланысты мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ жаңа және іске асырылып жатқан жобалардың салаларды дамытуға қосатын үлесін ескере отырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлерін қайта қарау қажет. Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде биыл 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Жоспарда қаржылай қамтамасыз етілген нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуы тиіс», -деді Премьер-Министр.

Жаңа үкімет басшысы жұмысын осылайша  сын айтудан, министрлер мен әкімдерге қатаң талап қоюдан бастады.