Кейкі батырдың Торғай өңіріндегі “қызылдармен” күресі жайлы 1984-1985 жылдары режиссер Амангелді Тәжібаев «Құланның ажалы» (А.Нұрмановтың романының желісімен) фильмін түсіріпті. Өкініштісі сол, «Құланның ажалы» фильмі көрерменге жетпей тек шетелдіктердің көруімен шектеліп, «Қазақфильмнің» архивінде қалған. «Ол кезеңде ондай жабық тақырыптарды көрсетуге рұқсат жоқ еді»,- дейді режиссер. Бастапқыдағы 3 сағаттық кино 1 сағат 20 минутқа қысқартылған.
Кейкі жайлы жаңа киноға келсек, алдымен батырдың мылтықты көздемей атқаны жасандылау көрінді. Кейкі жайлы екі деректі фильмді салыстыра қарай отырып білген дерегіміз, бір жолы Кейкінің 15 солдатты бір өзі жайратқанын, яғни біресе аттың оң жағына, біресе бауырына тығылып, шапшаңдықпен оқ атқанын көнекөз қарттар әңгімелейді. «Амангелді - көз мерген, Кейкі - қол мерген» деген халық арасында сөз қалыпты. Көздемей-ақ, бағыттаса болды - атқан оғы нысанаға тиеді екен. Мінген атына дейін ақылдылығы сонша жауын жаңылыстыру үшін жартастың тасасында жасырынатыны фильмде көрсетіледі. Ал тарихшы Құрманғали Даркенов «Кейкі туралы фильм шығару идеясы жақсы. Бірақ, бәрі ботқа болып кеткен. Сонау аласапыран заманда шыбын жанын шүберекке түйіп, елін қорғап «жаным арымның садақасы» деп күрескен, қайшылықты кезеңде өзегіне өкініш пен өксік тығылып, екіжүзділік пен сатқындықтың құрбаны болған Кейкі, Аманкелді, Әбдіғапар сынды тарихи тұлғалар бейнесі дұрыс ашылмаған. Әрине, әркім әрқилы баға беруде. Бірақ, архив ақтарып оқиғаның ақ қарасын білетін біздер көретін фильм емес. Егер Кейкінің атын атамай жалпы образбен алған фильм түсірілгенде мүмкін көруге болар еді»,- дейді.
Торғайдың тумасы, тарихшы Амандық Әмірхамзин болса: «Кейкі мерген Аманкелді батырдың қарулас серігі, көмекшісі ретінде патша жазалаушыларына қарсы Күйік, Құмкешу, Доғал, Торғай соғыстарының бәріне қатысып, асқан ерлік көрсеткен, жүрек жұтқан, қайсар да қайратты батыр. Кезінде оның ерлігін, батырлығын, асқан мергендігін ақындар жырға қосқан. Амал не, кеңестік жүйе үстемдік құрған 70 жыл бойы Кейкінің еңбегін жарыққа шығармай, оны бандит, ұры, кісі өлтіргіш деп келді. Кинодағы жас әртістер диалогтарының деңгейі мектеп драма үйірмелерінің дәрежесінде қалғаны мені қынжылтады. Құдды, сол заманның емес, қазіргі әдеби бұрмаланған тілде сөйлеп жүрген сияқты. Торғай қазақтарының 1916 жылғы көтерілісі Орта Азия мен Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістерінің бірегейі екенін ескеріп, оның маңыздылығын барынша ашу қажет еді. Кейкіні әуел бастан саяқ жүргізіп қою қаншалықты дұрыс, оның бөлектенуі Аманкелдінің жұмбақ өлімінен кейін еді ғой»,- деп талдай білген. Болыс сайлауына он-ақ адамның қатысқаны, жалпы, қай ауылға барса да кинода он-он бес адамнан ғана шоқиып жүретіні көрерменнің сенімсіздігін тудырады.
“Әдебиет” порталындағы «Қайта оралған Кейкі батыр» мақаласында Біржан Ахмер: «Бірбеткей Кейкі мерген, асқақ Әбдіғапар, айбынды Аманкелді, сұлу Ақжан, аңғал Қожбан, екіжүзді Хамза образдары жақсы ашылған. Ал орыс қызы Мария, көпестер мен орыс офицерлердің бейнесі толық ашылмай, жасанды ойнағаны көңілді күпті қылды. Фильмде оларды қазақша сөйлетуден гөрі, өз тілінде бейнелесе, образ шынайы болар ма еді?!»,- деген ойын білдіреді. Торғайлық қариялар фильмге көңілдері толмайтынын айтып, режиссерге хат жазған екен. Режиссер Мұрат Бидосовтың өзі былай дейді: «Мергеннің рөлін Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов сәтті сомдады деп кесіп айта аламын. Бір жағынан Дарханның ат құлағында ойнайтыны бар. Ал бұл – басты кейіпкерге керек басты қасиет. Әбдіғапар мен Аманкелді образдарын жақсы таңдай алдық. Ілгеріде Елубай Өмірзақов сомдаған Аманкелді бір басқа, біз Әбілхан Қастеев салған портретке келтірдік. Ал Әбдіғапар – лидер. Актер сериал бойы осы қасиеттен айырылған жоқ».
Дархан Сүлейменов шынында Кейкі батырдың сұсты жүзін, бірбеткей мінезін, кесімді сөз айтатын өткірілігін жақсы алып шыққан. Әбдіғапардың рөліндегі Айдар Наурызбаев Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының актері. Аманкелді рөліндегі Кенен Ақүрпеков «Тар заман» сериалында Ахмет Байтұрсыновты сомдаған. Қазақ әйелінің ұстамдылығын көрсете білген Кейкінің жары Ақжанды ойнаған актриса Жанерке Дүйсебекованың бұл алғашқы рөлі екен.
Кино бір ғасыр бұрынғы аласапыран уақытты көрсете білуімен көпке ұнаған секілді. “Ақтар” мен “қызылдардың” қан майданына айналған қазақ даласындағы оқиғалар, мергеннің кісікиік жүріп шеккен азабы, сол кездегі саяси жағдайды жете түсінбей қиналғаны сәтті түсірілген. Ақжанның әкесі Есенқұл мен анасының, болыс Шымырай мен бәйбішесінің кәнігі әртістер екені көрініп тұр. «Тар заман» сериалындағы Аманкелдіден, бұл жолғы Аманкелді көрерменге жақындау. Әліби Жангелдинді актер Жалғас Толғанбаевтың сомдауында талас жоқ. Ал үнемі тауда жүретін бақсының рөлі түсініксіздеу. Ақжанның інісін ойнаған бала әлі жасөспірім болғасын оны өз рөліне дұрыс дайындамағаны байқалады. Жоғарыдағы көп пікірдің арасынан журналист Махат Садықтың «Сұлтан Бейбарыс» киносын кезінде 3 жыл түсірген» деген пікірін оқыдық. Режиссердің айтуынша, түсірілім жұмыстарына небәрі үш айдан аса уақыт кеткен. «Бұл сериал үшін көп уақыт емес. Тапсыру мерзімі таяп қалған соң бірнеше оқиғаларды қысқартуға тура келді. Әсіресе, мергеннің қашып жүрген кездерін аз қамтыдық па деп ойлаймын. Көркем фильмде басты кейіпкердің жан дүниесін, оның сезімі мен ой иірімдерін көрсету үшін уақыт жеткіліксіз. Көтеріліс хронологиясының толық сақталмауы сондықтан»,- дейді режиссер.
Кинода Кейкіні атып өлтірген соң, денесін арбаға салып әкетеді. Ал өмірі жайлы тарихи дерекке сүйенсек, басын кесіп Торғайдың орталық алаңына бір ай шаншып қояды. Орыс әскеріне қарсы келгендердің ақыры осылай болады дегенді меңзеген. Айы-күні жетіп отырған әйелінің өзін атқанымен қоймай, ішін жарып ұлын найзаға түйреп өлтірген. Кейкінің бірге туған бауырларын да аман қалдырмаған. Бүгінде бес бауырдың екіншісі Қожаннан ғана ұрпақ тараған. Ш. Байділдиннің айтуынша, сол ұрпақтың ішіндегі бір жиен қызы мерген көрінеді. Ал батырдың басын 1926 жылы Санкт-Петербургке алып кеткен. 2016 жылдың күзінде бас сүйегі елге жеткізіліп, арулап қойылып, кесене тұрғызылды. Мергеннің көркемдік тұлғасы Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасында, М.Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында, Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында, Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастанында көрініс тапқан. Ахметхан Байжан «Құлан Кейкі батыр» атты деректі хикаяттар жинағын, туысы Әубәкір Қылышбайұлы «Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң», «Бас кеспек болса да...» кітаптарын жазған.
Желіде фильмнің Торғай жерінде түсірілмегеніне де аз дау айтылмады. Бұл ретте М.Бидосов: «Біз киноны тек Торғай тұрғындары үшін емес, күллі қазаққа арнап түсірдік. Драматургияның заңдылығы бойынша, көркем фильмнің оқиға болған жерден берілуі негізгі рөл атқармайды. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарынан Торғай даласына ұқсайтын жерлерді іздедік. Негізі тарихи деректерді қарасақ, Торғай қамалының, Дуанның дәлме-дәл суреттері жоқ. «Кейкінің үңгірін» өз көзіммен көрдім. Оны қазір көркем фильмге пайдалануға келмейді. Себебі, үңгір реставрациядан өткен. Кірпішпен қаланыпты. Оны көркем туындыға жарату қиындау. Тарихшылардың кеңесімен сол үңгірге ұқсайды-ау деген жерді алдық. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан жеріміз бір-біріне ұқсас келеді. Әрине, Торғайдан бір-екі кадр алуға болар еді. Бірақ, локация мен логистика деген бар. Массовкаға жергілікті өңірден адам табармыз, бірақ, басты образдарды ойнайтын актерлерді сонау Торғайға апару үшін қаншама қаражат керек. Олардың ішіп-жейтіні, тұрып-жүруі бар.Торғайлықтардың ренішін түсінемін. Бастысы, көркем фильм Торғай даласы, соның тұрғындары туралы түсірілді. Соған да риза болайық», - дейді. Ал киіз үйлердің жұпынылығын сынағандарға режиссер: «кинода он екі қанатты үйлердің пайдаланылмағаны рас. Ондай үйлерге тапсырыс беру үшін қазіргі бір үйдің құны кетеді. Жалпы, тарихи фильм түсіргенде декорация мен киім-кешекке көп қаржы жұмсалады. Сол уақытта «Томирис» пен «Қазақ елі» фильмдері бізбен параллель түсіріліп жатты. Бәріміз киімдерді «Қазақфильмнен» жалға аламыз. «Кейкі мергеннің» бюджетін «Қазақ хандығы» немесе «Томирис» сериалдарымен салыстыруға келмейді. Ұлттық арнаның күшімен ғана түсірілді. ¬айталап айтамын, Кейкі мергеннің өмір тарихын Тобыл-Торғайдың жұрты ғана біледі. Ал Аманкелді мектеп оқулықтарында кеңінен жазылған. Сол себепті, әсіресе, жастар үшін Кейкінің бейнесін шама-шарқымызша ашуға тырыстық. «Кейкі мерген» – деректі фильм емес, көркем туынды. Тарихи тұлғалардың өмірін бұрмалаған жоқпыз. Біз тек түрлі нұсқалардың бірін таңдадық» деп түсіндіреді.
М. Бидосов бұған дейін Алашордалықтар жайлы «Тар заман», нәубет кезінде шет ел асқан қазақтар жайлы «Тасөткел» телехикаясының режиссері болған. Оған Р. Әбдірәшевтің режиссерлігімен «Қазақ хандығы» сериалын қоссаңыз тарихи сериалдар түсіруде сең қозғалғандай. Демек, бұдан кейінгілерінің сапасы көш ілгері боларына сенім мол. Сондықтан, аз қаржыға, аз уақытта түсірілгенімен мергенді халқына қайта қауыштырған құнды фильм деуге негіз бар. Жігері жасып, рухы төмендеген кейбір көрермен бойындағы қайсарлықты оятып, ұлттық иммунитетті көтеретін көркем дүниенің маңызы жоғары. Әрі тарихын кітаптан оқымайтын жастардың танымын кеңейтуіне жақсы. Бүгін көрсетіліп ертең ұмытылатын, сапалы болғанмен мағынасыз фильмдердің қасында халыққа жақын.
Рейтинг газеті