Болат Назарбаев зауыт директорынан айына 300 мың доллар алып отырған

Қысқаша

Болат Назарбаев зауыт директорынан айына 300 мың доллар алып отырған

«Almaty steklo» зауытын құрған кәсіпкер Әзім Абдуллаев кәсібіне экс-президенттің інісі Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасап, тең жартысын иеленіп алғанын айтады. Әйнек бөтелке, банкі шығаратын зауыт Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылында орналасқан. Болат Назарбаев зауыт ашылған 2016 жылдан бері Абдуллаевпен бірге жарғылық капиталдағы 50 пайызға ие, деп жазады Азаттық.

Screenshot_6.jpg

Ақпаратқа қарағанда, Болат Назарбаев 31 наурызда Азим Абдуллаевқа ресми хат жіберіп, иелігіндегі акция пакетін үшінші тарапқа – Руслан Шалин деген азаматқа сыйға беретінін хабарлаған. 

Зауыт директоры Азим Абдуллаевтың сөзінше, мәселе зауыт салынып біткен 2016 жылы басталған.

- Қалай бітті, солай шабуылдар басталды. Бізді, мені түрмеге қамамақ болды. Менде басқа амал қалмады. Бірден зауыттың жартысын атына шығарып, бізге тиіспеуі үшін қомақты қаржы бердік. Қысым күшті болды. Оның бәрін Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев ұйымдастырып, басқарып отырды, - дейді Абдуллаев.

Абдуллаев олардың зауыттың жерін алуға, салуға, ашуға көмектеспегенін айтады. Оның сөзінше, "Абдуллаевтар отбасы Болат Назарбаевқа ай сайын 250-300 мың доллардың айналасында ақша беріп отырған".

- Болат Назарбаевпен жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Содан бері сауып келе жатыр. Жалпы көлемі 60 миллион долларға жетеді. Беретін ақшамыз жетпей қалғанда боқтап, тауып кел, түрмеге қамаймын деп қорқытатын, - дейді ол жайлы Әзім Абдуллаев.