Жамантайдың жұмысы...

Қысқаша

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев есеп беруді қоғамдық кеңес пен аудандық мәслихат депутаттарының алдында өткен жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы атқарылар істердің жоспарымен таныстырудан бастады.

83415211_475960486671050_1409457302741712896_n.jpg 

Әкімнің айтқан жетістіктердің бірқатарын атасақ, ауданда 2019 жылдың басында кәсіпкерлерінің өз қаржылары есебінен іске қосқан мал бордақылау алаңдарының саны 145 болса, жыл соңына қарай 160-қа жеткен. Сонымен қатар, ауданда бір жерден екі өнім алу тәжірибесін кеңінен меңгерген 197 шаруа қожалығы 1023 гектардан 39 мың 968 тоннадан астам өнім алған.

 

Өткен жылы ауданда 79,1 мың га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,4 млрд теңгені құраған. Осындай ілкімді істердің нәтижесінде аталмыш саладағы жалпы өнім көлемі 60 млрд. 291 теңгеге жеткен. Мұнымен қоса кәсіпорындар тарапынан өндірілген өнім 7,6 млрд. теңгені құрап, 21,2 мың адамды жұмыспен қамтып отырған шағын және орта бизнес саласы 41,6 млрд. теңгенің өнімін өндірген.

 

Сондай-ақ, аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 823,3 млн. теңге қарастырылып, көгілдір отынды жеткізіп беруге 351,5 млн. теңге бөлінген.

 

Тұрғындардың қарым-қатынасын жақсарту мақсатында республикалық, облыстық, аудандық және елді мекендердің көшелерін жөндеу жұмыстарына 3,2 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толығымен атқарылған.

 

2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 7 млрд. 95 млн теңге бөлініп, 15 900 отбасы шартты және шартсыз көмек алған. Жыл бойына 931 қарт пен 475 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға шипажайларға жолдамалар беріліп, «Инватакси» қызметі арқылы 140 мүмкіндігі шектеулі азаматқа тиісті көмектер көрсетілген. Айта кететін тағы бір жайт – Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекенінде құны 76,8 млн. теңгеге медицина және әлеуметтік салада жұмыс істейтін жас мамандарға 2 қабатты 10 пәтерлі тұрғын үй салынып, «Баспанаға жол» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен демеушілердің есебінен Жетісай қаласынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға 7,5 млн. теңгеге 3 отбасыға баспана берілген.

 

Ауданның құрылыс саласына 4,8 млрд. теңге қаралып өткен жылы 2 мектеп қолданысқа берілсе, тағы 7 мектеп пен 2 тұрғын үй ағымдағы жылға өтпелі. Аталған салаға биыл 842,4 млн. теңге қарастырып, тағы 4 тұрғын үйдің құрылысын бастау көзделіп отыр.

 

Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген халық қалаулылары мен қоғамдық кеңес мүшелері аудан әкімінің алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.

 Рейтинг газеті