Түркістан. 30 қазан. ҚазТАГ - Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша 2019 жылдың 9 айында өңірде 447,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығына 196,6 млрд., егін шаруашылығына 248,6 млрд. теңгесі тиесілі.
Сала мамандарының айтуынша биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға қазынадан 39,4 миллиард теңге бөлініпті.
Бүгінгі таңда облыста 72 126 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтыр ауыл шаруашылығындағы бір жұмысшының еңбек өнімділігі 1 690 500 теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 8,6 пайызға ұлғайту жоспарда тұр.
Биыл өңір шаруалары 826 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Айтуларынша егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 300 гектарға артыпты. Егістікті әртараптандыру бағдарламасына сәйкес мал азықтық дақылдарға басымдық берілген. Осыған байланысты оның егістік көлемі 11 200 гектарға артып, 201 100 гектарға жетіп отыр. Сонымен бірге көкөніс, картоп, бақша дақылдарының егістігі 5 100 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 119 мың гектарды құрады. Керісінше, бидай 3 600, мақта 1 500, мақсары 3 700 гектар алқапқа қысқарды.
Биыл шаруалар дәнді дақылдардан 692 мың, картоп, көкөніс, бақшадан 2 694,3 мың, жеміс-жидектен 120 мың, жүзімнен 74,3 мың, мақтадан 345 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.
Түркістан облысы жылыжай салудан республика бойынша көш бастап тұрғаны белгілі. Тамшылатып суару әдісін де меңгеріп алған мамандар 16,8 мың гектар жерге жаңа әдісті қолдануда. Салынған жылыжайлардың жалпы аумағы – 1 088 гектар. 600 гектарға бау, 336 гектарға жүзім және 352 гектар жерге жаңғақ көшеттері отырғызылды. Облыста бүгінгі таңда 17 955 техника (16 733 трактор, 883 астық комбайны, 339 мақта комбайны) бар. Техникалардың 87,8 пайызы 2009 жылға дейін алынғандар. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары жыл сайын техника паркін 6-10 пайызға жаңалау көзделіп жатқанын жеткізді. Осыған орай 9 айда шаруалар тарапынан 775 жаңа техника сатып алынды.
2019 жылдың 1 қазанына дейінгі мәлімет бойынша облыста 155 мың тонна ет, 575,2 мың тонна сүт, 145,3 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Қаржы институттарының қолдауымен 3 089 аналық ірі қара мал облысқа сырттан сатып әкелінді.
Өңірдегі ауылшаруашылық саласындағы тағы жағымды жаңалықтардың бірі экспорт көлемінің артуы. Ресми деректерге сәйкес 9 айда 1 179,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған немесе экспорт көлемі 157,3 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Иран, Бахрейн елдеріне 15 200 тонна сиыр еті, 3 700 тонна қой еті, 83,4 тонна жылқы еті экспортталды. Сонымен қатар, Ресей мен Беларуське 304 300 тонна қауын-қарбыз жөнелтілді.
Бүгінгі таңда өңірдің балық өңдеушілері 2 100 тонна өнімді Ресей, Өзбекстан, АҚШ пен Еуропа елдеріне жіберсе, «Қарқын – 2030» ЖШС Ресей нарығына 19 600 тонна шұжық өнімдерін, «Ордабасы құс» ЖШС 1 700 тонна құс етін шығарды. Сондай-ақ, Оңтүстіктің ақ алтыны әрі мақтанышы мақта талшығының экспорты да жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2018 жылы 43 700 тонна мақта экспортталса, осы жылдың 8 айында 52 500 тонна «ақ алтын» Ресей, Өзбекстан, Белоруссия, Қытай, Түркия, Молдова, Латвия мемлекеттеріне жіберілді. Жалпы биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін 264 млн. АҚШ долларына жеткізу көзделуде.