Көрші мемлекеттің басшылары Түркістанда бас қоспақ

Қысқаша

Көрші мемлекеттің басшылары Түркістанда бас қоспақ

Түркістан. 5 қараша. ҚазТАГ - 2020 жылы көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің Мемлекет басшылары Түркістан қаласында бас қоспақ. Сондай-ақ киелі шаһарда саммит өтуі мүмкін. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев Түркістан жасаған екі күндік сапары барысында жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдеді.
Тұңғыш Президенттің айтуынша жоспарлап отырған кездесуде көрші мемлекеттермен мәңгілік достыққа қол қойылуы мүмкін.
«Түркістан Қазақстан үшін маңызды қала. Дәстүріміз, тарихымыз бен бірлігіміз шайқалмаған жер. Түркістанды облыс орталығына айналдыру бір күнде қабылдана салған шешім емес. Бұрыннан ойымызда болған. Елордамызды тұрғызғасын Түркістанға көңіл бөлуге мұрша болмады. Енді міне, сәтін салып өткен жылдың ортасында менің Жарлығыммен Түркістан – облыс орталығы атанды. Шаһарда алдағы уақытта барлығы 500 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Құрылыс нысандарын аралап шықтым. Барлығы да ауқымды, ірі нысандар. Қазірдің өзінде біраз шаруа атқарылыпты»,- деді Елбасы.
Кездесу барысында Н.Әбішұлы қалада халыққа қажетті аурухана, мектеп, заманауи әуежай секілді нысандардың салынатынын атай келе халықты мазалаған су, жол мәселесі оң шешімін табатынын қадап айтты.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстарымен танысып шыққан Елбасы мұндағы тындырымды тірліктерге риза болды.
Айта кетейік, сапар кезінде Ұлт көшбасшысы Түркістандағы жаңадан ашылған Неке сарайына барып, жастармен бейресми кездесу өткізді. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмысымен танысып шықты. Тапсырыс беруші Қостанай облысы болып табылатын Неке сарайының құрылысы шілдеде басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «B-A Contractors SA» ЖШС-і жүргізіп, қазанда аяқтап отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығын салуды Павлодар облысы міндетіне алған-ды. Нысан құрылысы жоспарланған мерзімде аяқталды. Ал еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі «BI Group» холдингі Түркістанда бірнеше нысанның құрылысын аяқтап, әкімшілік-іскерлік орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы және «Алатау» медиа орталығын пайдалануға берді.