Түркістанда ерекше субұрқақ іске қосылды

Қысқаша

Түркістанда ерекше субұрқақ іске қосылды

Screenshot_12.jpg

Қазақ халқының қонақжайлылық қасеитіне тамсана да қызғана да қарайтындар көп. Біздер қонақ келсе дастархан жайып, кесемен шәй, қымызымызды  ұсынып жатамыз. Күллі түркі жұрты көз тіккен Түркістан қаласында жақында осы бір ұлттық бояуымызды бейнелейтін ерекше субұрқақ ашылды. Туристер көп аяқ басатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында орналасқан «Гүлдер саябағындағы» субұрқақ қазақы шәйнек үлгісінде жасалған.  Ұлттық оюмен өрнектелген шəйнектен кесеге құйылған шәйдің көрінісін бірден аңғаруға болады. Креативті дүние арлы-берлі өткеннің таңданысын туындатып жатқаны да жасырын емес.

  Түркістан қаласының жазғы климаты өте ыстық болғандықтан, тұрғындар бойұсынса да, келушілердің əрдайым көңілі ауатын құбылысы – ауа-райы. Сондықтан да, демалыс орындарын жандандыруды көздеген рухани мекенде міндетті түрде субұрқақтар саны артатын болады. Нəтижесінде, бой сергітіп отыруға келген тұрғындарға жайлылық пен ыңғайлылық сыйлайды.

  Айта кетейік, бұл жоба қала əкімі Рашид Аюповтың бастамасымен іске асып отыр. “Түркістан жарық-тазалық” ЖШС мердігерлік еткен ерекше субұрқақ дəстүрге сай, заманауи əрі елімізде алғаш рет бой көтерді. Мыстан жасалған жаңа фонтанның биіктігі 6 метр, ал ені 7 метрді құрайды. Қағаз бетіне түсірілген тың дүниені шынайы үйлестіруде 15 жұмысшы қызмет етті. Жақын арада толықтай аяқталып, түнгі уақытта түрлі түске еніп, кешкі қаланың ажарын айшықтай түспек.