Бірлік пен татулықтың нышаны болған Ордабасы ауданына биыл 55 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам уақытта аудан өркендеп, өсіп, дамып келеді. Өңірде жаңа заманауи аурухана, емхана, мектеп, бала-бақша өзге де халыққа қызмет көрсететін нысандар бой көтеруде. Аудан орталығы Темірлан елді мекені де күн санап көркіне көрік қоуда.
Мәселен жақында аудан орталығында Орталық саябақ пен Дендросаябаққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Таяуда аудан әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы аталмыш демалыс орындарының абаттандыру жұмыстарымен танысып шықты. Аудан басшысы сондай-ақ ПМК аумағында құрылысы жүріп жатқан ашық спорт алаңшасымен, "Самал" мөлтек ауданында пайдалануға берілетін екі қабатты тұрғын үйлердің жағдайымен танысты. Ауданның құрылғанына 55 жыл толуына орай ұйымдастырылатын ауқымды ісшараларға дейін үлгеруді алға тартып, жұмысты жылдамдатуды тапсырды. Абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты салаға жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, дер кезінде орындалуын талап етті.