Ескі жыл сіз үшін несімен есте қалды?

Қысқаша

​Еліміз, ежелден «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» -деп келер жылдан үлкен үміттер күтіп, тек жақсылықтар тілеген.

prazdnik-novyy-god-new-year-5856.jpg

Тарихтағы айтулы оқиғаларды жасаған Доңыз жылы көпшіліктің санасында ерекше естеліктерімен қалары сөзсіз. Себебі, 2019 жыл еліміздің саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық ахуалына айтарлықтай өзгерістер алып келді. «Жастар жылы» атанған бір жылғы мерзім жастар үшін көп мүмкіндік берді. Мәдениет саласына ерекше ден қойылып, еліміздің саяси өмірінде елеулі оқиғалар орын алды. Ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алғалы тұрған әрбір адам ескі жылға қорытынды жасап, өз өзіне есеп берері сөзсіз. Ал, 2019 жыл түрлі салада жүрген мамандар үшін несімен ерекшеленді? Осы сауал төңірегінде түрлі сала мамандарымен сауалнама жүргізіп көрген едік.    

 

 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ, журналист, профессор, композитор:

Бекжигит.jpg 

Оң өзгерістер көп болды

 

 

   Біз еліміздің саяси өмірінде маңыздылыққа ие болған кезең 2019 жылды тарих қойнауына шығарып салғалы отырмыз. Доңыз жылына дән ризамыз. Себебі, 2019 жыл біз үшін оң өзгерістерімен есте қалды. Оның ішінде, басты оқиға Түркістан облысы биыл бір жылдығын атап өтті. Күллі түркі жұртының қасиетті мекені саналған ордада бүгінде жаңашылдық басым. Жаңа ғимараттардың бой көтеруі, Медиа орталықтың ашылуы, әуенді фонтанның және Арбат демалыс орынының салынуы облыстағы тың серпіннің куәсі іспеттес. Сондай-ақ, Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп атаған болатын. Бұл жыл жастар үшін дамудың, алға жылжудың жаңа мүмкіндіктерін ашып берді. Көптеген отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ, тағы бір айта кететін жайт. Биылғы марапаттау рәсімі де өзгеше дәстүрде жүрді. Бұрындары тек қана жоғары лауазымды азаматтар марапатталған болса, бүгінде әртүрлі салада жүрген қарапайым азаматтардың да еңбегі, нәтижелі ісі еленіп жатты. Бұл оқиғалардың ішінде, айрықша айтатын маңыздысы бар. Ол - Тәуелсіздік күні. Биылғы жылы жақсы бір дәстүр қолға алынды, яғни, тәуелсіздік күні аталып өтілмей жаңа жылдық безендірулер бірде - бір қалада, бірде-бір мекемелерде жүргізілмеді. Бұл тәуелсіздікке, желтоқсан боздақтарына деген құрметтің ерекше көрінісі. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп күтемін. Жалпы, 2019 жылды, жастардың белсенділігі артып, жаңашылдық пен өзгерістерге ұмтылған шағы деп атасақ та болады. Келер жылы игі істер мен жағымды жаңалықтар көп болсын! Ел ырысы еселеніп, табысты жетістіктерге жете берейік! 

 

 

Жәудір САРЫПБЕКОВА, Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актрисасы:

 Жаудир.jpg

 

Толайым табыстарға толы жыл

 

 

    Артта қалып бара жатқан он екі айға көз салар болсақ, бұл жыл жағымды жаңалығы мол жыл ретінде есте қалады. Себебі, 2019 жыл мен үшін ұжымда да, жеке өмірімде де толайым табыстарға жетуіме себепші болды. Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша, әрбіріміз өз жұмысымызға есеп беріп, жасаған істерімізге баға беріп отырамыз. 2019 жыл мен үшін қуанышты жаңалығымен, маңызды марапатымен басталды. Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Әмина Өмірзақова атындағы «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын алдым. Биыл тәуелсіздік мерекесіне орай, мұзға оранған боздақтарымызды еске салатын «Тозақ шеңбері» қойылымында басты рөлді сомдадым. Жыл басында режиссер Серік Таласовтың «Гарантия» атты толықметражды фильмі көрермендерге жол тартқан болатын. Осы фильмде жолдасым Руслан Нұрман екеуіміз басты рөлде ойнадық. Біз көбінесе қысқаметражды фильмдерге, әлеуметтік роликтерге түсеміз. Олардың қатарында «Байлық» қысқаметражды фильмі мен жолдасым Руслан екеуіміздің төл туындымыз саналатын, жақында ғана әлеуметтік желіге жаңалық болып келген «Оян» қысқаметражды фильмі бар. Бұл фильм толықтай жолдасымның идеясынан туындаған дүние. Алдағы уақытта, өнер жолындағы жетістігіміз молая түсетініне сенімдіміз. Төрімізге озғалы отырған Тышқан жылынан күтер жаңалығымыз өте көп. Өткен жылға дән риза болып, келер жылға бәріміз таза ниетпен, нық қадаммен аттайық. 2020  жылы елмен бірге жаңа табыстарға жете берейік! Жалпы, өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.

 

 

 

Наркенже СЕРІКБАЕВА, дәстүрлі әнші:

 Наркенже.jpg

Арманым осы жылы орындалды

 

 

Жылды өткердік. Әне - міне дегенше сықырлаған сары аязбен қатар, ескі жылды қорытындылайтын сәт те келіп жетті. Сынаптай сусыған уақыт та өте шықты. Әрбір адам өткенге есеп беріп, ертеңіне мақсат қоюы тиіс. Доңыз жылы мен үшін жағымды жаңалықтарға, қызықты сәттерге толы уақыт болды. Бұл жылғы басты оқиға Алматы қаласында «Ақ қанат арман» атты жеке концертімді бердім. Иығымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Қанша уақыттан бері армандап келе жатқан осы бір жоспарымды 2019 жыл жүзеге асырудың сәті түскені үшін де қуаныштымын. Сондай-ақ, «Жүрегімде жүрсің сен» атты үнтаспам жарыққа шықты. Ән жинағының атауы болған «Жүрегімде жүрсің сен» атты әніме түсірілген бейнебаян әлеуметтік желіге салынған аз күннің ішінде миллион қаралым жинады. Бұл мен үшін тосын сый және жылдың ең жағымды жаңалықтарының бірі ретінде танылды. Жалпы, келер жылы жақсы жаңалықтарымен келеді деп сенемін. Барша қазақстандықтардың отбасына тышқан жылы құт берекесімен, жағымды хабарымен келсін. Ескі Жылдың қайғы-мұңын, өкпе-ренішінің барлығын артқа тастап, кіріп келе жатқан Жаңа Жылды көтеріңкі көңіл-күймен, таза, тың ойлармен қарсы ала білейік. Себебі, әрбір жыл өзінің дайындап отырған қуанышымен, бақытымен, сыйымен келеді.

 

 

Сапар ӘБДІРАХМАН, жас кәсіпкер:

 Сапар.jpg

Әр жыл енген сайын бір жылдық мақсатыңыз бен стратегияңызды жасаңыз

 

 

Өткен жыл еліміздің әр саласы үшін табысты жыл болды. 2019 жылы республика көлемінде атқарылған маңызды істерге бажайлай қарасақ, біршама шаруаны игеріппіз. Доңыз жылы енген сәттен бастап жаңалығы мол уақыт болды. Әсіресе, өзім секілді жастарға қатысты жағымды жаңалықтар көп десем де болады. Жалпы, менің жас кәсіпкер ретінде өзіндік ұстанымдарым бар. Әр жаңа жыл енген сайын бір жылдық жоспар және стратегия жасауға тырысамын. Себебі, жоспарлы түрде жасалған барлық іс, жақсы нәтижесімен аяқталады. Биылғы жылы еліміздің әрбір өңірінде интернет-маркетингті толықтай үйрету жобасын қолға алып, еліміздің бес үлкен қаласында тренинг өткіздім. Ондағы басты мақсатым – еліме, жұртыма өзім меңгерген заманауи технологияның қыр - сырын үйрету. Түркістан облысының 16 ауданында жастармен кездесіп, 100-ден астам кәсіпкерлердің маркетингін жүргіздім. Мұндағы бастысы мақсат, жоспар, әрекет. Іс-әрекет болған жерде сіз қиын деп тапқан мәселелердің түйіні өзі-ақ шешіле береді. Бастысы, тынбай жасалған нәтижелі еңбек. Осылардың арқасында біршама жетістікке жеттім. Сондай-ақ, мен үшін бұл жылғы ең маңызды жаңалық, ұлды болдым. Аңсар есімді ұлымызды аман-есен қолымызға алдық. 2019 жылы өзгерістер, жетістіктер өте көп болды. Алайда, мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алдағы уақытта, әлі де жағымды жаңалықтар көп болатынынына сенемін және жүзеге асырамын. Жаңа жыл – бақыттың бастауы, ынтымақ пен берекенің ошағы, елімізге құт дарыған, бейбіт және тыныш жыл болсын! Әр жылдың өз ерекшелігі бар. Келер жыл сіз үшін де, біз үшін де табысты жыл болғай!