Ұлтының ұмытылмас ұлы тұлғасы

Қысқаша

Осыдан тура 125 жыл бұрын, 1894 жылдың 26 желтоқсанында қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов дүниеге келген.

 Қайтпас қайсарлығымен танылған ұлт көсемінің қазақ елін құруда жасаған ерен еңбегі қайта жаңғырды. Қоғам қайраткерінің өнегелі істерін ұрпағы тағы еске алды. Ұлт қайраткерінің өмірдерегі мен еңбек жолын зерттеуші ғалымдар мен тұрартанушылар бас қосты. Екі күнге созылған маңызды іс-шара әуелі Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ елінің ұмытылмас ұлы тұлғасы» атты Халықаралық ғылыми конференциясынан басталды. Аталмыш шараға Тұрар Рысқұловтың немерелері мәскеулік Владимир Рысқұлов пен Алматыдан Адель Рысқұлова келді. Сондай-ақ, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразәлі Сәбден, экономика ғылымдарының кандидаты Зауытбек Тұрысбеков, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері Айгүл Қарымсақова қатысты.

«Тұрар Рысқұлов ғылым мен білім саласына ерекше көңіл бөлген. Мәскеу мемлекеттік университетінде дәріс оқып, Ленинградта, Самарқанда және өз елімізде жоғары оқу орындарын ашуға тікелей атсалысқан. Ұлт қайраткерінің мұндағы басты мақсаты: қазақ елінен білімді халық жасау. Тек білімді орта ғана азаматтық қоғамды құра алады. Әрі қарай бара алады. Ал, білімсіз ортаны басқару жеңіл шығар. Алайда, прогресс болмайды. Алаш қайраткері соны көздеген», - дейді профессор Оразәлі Сәбден.   

 

   Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шара, әуелі Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

 

   Конференция барысында сөз алған ғалымдар ұлт қайраткерінің өнегелі өмірі мен саяси қызметі, елі үшін жасаған ерен еңбегі мен азаматтығын баяндады. Ел дамуымен қатар Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясының және Моңғолияның экономикалық дамуына ерекше қосқан үлесін атап өтті.  «Ғылыми конференцияның мақсаты – Тұрар Рысқұловтың бейнесіне тағы да бір тоқталу болды. Оның бастамасымен елімізде Түркістан-Сібір, яғни, Түрксіб теміржолы салынған. Сондай-ақ, қуатты өндірістік орталықтар Қарағанды қаласының көмір өндіру және металлургия кешені, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ саласы өндіріске енгізілді. Қазақстан мен Орта Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар ұйымдастырылды», - дейді ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова.

 

    Жиын барысында О. Қоңыратбаевтың «Тұрар және Түркістан» атты   монографиясының тұсаукесері өтті. Ғалым Оразалы Сәбден Тұрартану ғылыми-зерттеу институтын ашу, тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдинов 1931-1932 жылдардағы ашаршылық құрбандарының тізімін жасау жайлы ұсыныс жасады. Сондай-ақ, ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының тәуелсіздік үшін күресі және Түркістанның саяси дамуының маңыздылығы туралы, жалпы Қазақстан мен Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі сапалы ғылыми зерттеулерінің жаңа бағыттары мен ынталандырылуы және Еуразияның мәдени-тарихи мұрасы үшін Түркі әлемінің құндылықтары бойынша жаңа ғылыми зерттеулер таныстырылды.    

 

    Ұлт көсемінің 125 жылдығына арналған жиын «Тұлпарлар туып, сұңқарлар қонған жер», тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түркібасы жұртында жалғасын тапты. «Қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұлов бейнесі жылдар өткен сайын ұлтжанды ұрпаққа жақындай түсуде. Оның азаматтығы, халқының болашағы үшін батыл да қайсар, қажырлы да қайратты болғандығы ұлтын сүйгендерге қашанда үлгі- өнеге. Тұрар атамыздың 100,110 және 120 жылдығы ауданымызда кең көлемде аталып өтілді. Тұрар Рысқұловтың 125 жылдық мерейтойын қасиетті Түркістан өңірінің халқы ерекше құрметпен атап өтуде. Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе», - деді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев.

 

 «Өңірдің ұлы тұлғасы» атты конференцияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Мархабат Байғұт жүргізді.  Жиын барысында ұлт қайраткерінің өнегелі өмірі мен саяси қызметі, елі үшін жасаған ерен еңбегі мен азаматтығы баяндалды. «Қазақтың, бүкіл түркінің қарашаңырағы атанған Қаратау үш бұтақтан тұрады. Жамбыл облысында бір бұтағы, Қызылорда облысында бір бұтағы, ең негізгі жотасы, биік, ұлы бұтағы - Түркістан облысында. Ақсүмбемен басталып, Ақсу Жабағылыдан аяқталады. Ақсүмбеде Қасиетті Қаратаудың басталар жерінде бір алып - Сұлтанбек Қожанов, Ақсу Жабағылыда бір алып - Тұрар Рысқұлов. Екі жағында екеуі заузаңғар болып, бүкіл алашқа, күллі қазаққа мұрат - мақсаттарын арнап, ой ерлігін жасаған ұлы тұлғалар», - деді Мархабат Байғұт.

 

   Аталмыш шарада, тұрартанушы ғалымдар мен белгілі тұлғалар бас қосты.  Тұрар Рысқұловтың немерелері Мәскеуден келген Владимир Рысқұлов және алматылық Адель Рысқұлова да арнайы келіпті. «Мен Қазақстанға төртінші рет келіп тұрмын. Алғашқы рет, Қазақстандағы экономикалық университетте болдым. Одан кейін Тұрар Рысқұловтың туылған жерінде. Сосын Тараздағы Тұрар атам жұмыс істеген жер Әулиеатаға барғанмын. Ол кезде Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығына арналған конференцияға қатыстым. 2014 жылы Мәскеуден делегациямен бірге келіп, Тұрар Рысқұловтың өмір сүрген, жұмыс істеген жерлеріне барып, атамызға арналып салынған ескерткіш алдында суретке түстік. Бүгін біз Түлкібасқа келіп мұражайды, мектепті, мәдениет үйін көрдік. Түлкібаста өтіп жатқан жиын Тұрар Рысқұловқа жасалған құрметтің үлкен көрінісі. Мен оған қуаныштымын», - деді Владимир Рысқұлов.

 

   Конференция барысында Тұрар Рысқұловтың елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыруда атқарған жұмыстары мен халық ағарту жұмыстары, ел дамуының негізінде бітірген істері турасында баяндамалар оқылып, пікірлер айтылды. «Жалпы Тұрар Рысқұлов Орта Азияға ғана емес әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткерлерінің бірі. Біз Ленин, Сталин, Куйбышев сынды мемлекет қайраткерлерін айтқан кезде, олардың қатарында Тұрар Рысқұловтың да аты аталуы тиіс. Қазір ойлап қараңыздаршы, Куйбышевтің, Фрунзенің есімдері мемлекеттік деңгейде аталып жатқан жоқ. Өйткені, олардың ешбірі Тұрар Рысқұлов секілді халқының алдында зор жұмыс жасай қойған жоқ. Революцияға атсалысты, Қырғыз жастар одағын құрды. Өзгелердің мақсаты Совет үкіметін орнату болса, оның мақсаты оларға қарсы тұру болды. Екінші кезең Түркістандық кезең. Бұл кезең Тұрар Рысқұловтың ең күрделі, шыңдалу кезеңі болды. Ол кезде комиссариаттың төрағасы, Түркісібтің председателі болды. Ол кезде Тұрар Рысқұловқа қарсылық көп еді. Лениннің өзі «Тұрар Рысқұлов жасаған жоспар-жобалар қабылданбасын», - деді. Бұл Тұрар Рысқұловтың қоғам қайраткері ретінде қайсар тұлға болғандығын көрсетеді», - деді Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мұхтар Қазыбек.

 

    Жиын соңында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында «Өңір мен Ұлы тұлғалар» атты жас қаламгерлердің аудандық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқау екі номинация бағытында өтті. Бірінші: эссе, әңгіме, суреттеме, өлең мақалалар бойынша, екіншісі ұлы тұлғалардың шығармаларын жатқа айту және монолог оқу. «Мархабат - Мирас» қоғамдық қоры мен аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен өткен байқау жеңімпаздарына диплом мен ақшалай сертификаттар табысталды.