241 орынға лайықталған 6 қабаттық ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған. Нұрсәт мөлтекауданында орналасқан жаңа қонысқа алдағы уақытта жаратылыстану факультетінің студенттері жайғасатын болады. Студенттерді қуанышымен құттықтау үшін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов жаңа ғимаратқа арнайы ат басын бұрды. «Жатақхана Шымкент қаласы үшін өте күрделі мәселе. Елбасы Н. Назарбаев жалпы студенттерді қажетті жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін алға тартқан болатын. Талдау жасап қарасақ, Шымкент қаласында 48 оқу орны болса, соның ішінде жоғары оқу орны 11, 37-сі колледж, 123 мыңнан астам студент оқиды екен. Бүгінгі таңда қалада 40 жатақхана бар, 7500 студент қамтылған. Әрине, бұл өте аз көрсеткіш. Әлі де 8 мыңға жуық студенттерге жатақхана қажет екен. Екі жылдық жоспарымыз бар. Келесі жылы мыңға жуық орынмен 4 жатақхана салынады. 2021 жылы 6 мыңға жуық орынды 7 жатақхана салынбақ. Бұл біздің жүйелі түрде жоспарымызда бар. Бәрі жоспарлы түрде іске асатын болса, екі жыл ішінде бұл мәселені толығымен шешеміз деген ойдамын. Екі мерекенің ортасында игі іске куә болып отырмыз. Құрметті студенттер жатақханаларыңыз құтты болсын!» - деді қала әкімі Ерлан Айтаханов.
Аталмыш оқу орнының жаңа жатақханасында арнайы жаттығу залдары мен студенттердің нәтижелі білім алуы үшін кітапхана ашылған. Бұл педагогикалық университеттің №5-ші жатақханасы. «Жастар жылы» біздің оқу орны үшін табысты аяқталды. Бұл университет студенттеріне арналған бесінші жатақхана. Тұңғыш Президентіміздің бастамасы арқасында оқу ордамыздың 241 студенті сәулетті, заман талабына сай қоныста тұратын болады. Яғни мемлекет жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасап келеді», - деді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Анар Қайырбекова.
Рейтинг газеті