Параның көлемі де көрсеткіш

Қысқаша

Өзбекстанның Қашқадария облысы Шахрисабз ауданы әкімінің орынбасары парамен ұсталды.

паранын.jpg

Өзбекстанның Қашқадария облысы Шахрисабз ауданы әкімінің орынбасары парамен ұсталды. Шенеуніктің алған парасының көлемі 100 долларды құрайды.


 Бас прокуратураның өкілі Хает Шамсутдиновтың мәлімдеуінше, 29 қазанда аталған аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы саласына жауапты маманы жергілікті бір тұрғыннан 100 доллар көлемінде пара алады. Пара тұрғынның жылыжайға қатысты мәселесін оң шешіп беру үшін берілген көрінеді.  Маман параны алу барысында қолға түскен. Бірақ парақорларды ұстау операциясы мұнымен бітпеген. Сол күні ұсталған маманнан 100 доллар параны алу барысында аудан әкімінің орынбасары құрықталған. Қазіргі уақытта осы іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Әрине, бөтен елде бір шенеуніктің парамен ұсталғаны оншалықты маңызды ақпарат болмауы мүмкін. Бірақ бізді параның көлемі қызықтырады.

Аудан әкімі орынбасарының 100 доллар парамен ұсталуы Қазақстанда кездесе бермейді. Бізде аудан әкімінің орынбасары жоқ дегенде мың доллармен құрықталар еді. Аудан әкімінің ставкасы 1 миллион теңгеден жоғары. Ал министрлер параны жүз миллиондап алады. Яғни,  мемлекеттің қазынасындағы қаржы ұлғайған сайын параның көлемі де көбейе береді деген сөз.  

Қазіргі уақытта Өзбекстан экономикасы шапшаң дамып жатқанымен,  әлеуметтік жағдай оншалықты мәз емес. Жергілікті халықтың айтуынша, Мирзияев билікке келгелі жаппай қымбатшылық басталды. Халықтың алатын жалақысы күнкөрістен аспайды. Өзбекстанның жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, күнкөріс үшін шетелге жұмыс істеуге кеткен өзбекстандықтардың саны 3 миллионға жуықтайды.


Рейтинг газеті