«ҚазАгро»-ның жұмысы жұмбақ. «Бермуд үштағаны» десе де болады, ақша компанияға барғанымен, ешбір нәтижесіз жоғалып тынады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы компаниядағы жағдайды реттеу керектігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда саладағы мәселелерді фермерлер де көтеріп келеді. Осы жағдайды ретке келтіріңіздер».
Естеріңізде болса, осыдан екі аптадай уақыт бұрын Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа осылай деген еді.
Жалпы «ҚазАгроның» тек шығынмен жұмыс істеп келе жатқаны, осындағы көптеген құрылымдарда ауыл шаруашылығы саласына қатысы бар шенеуніктер мен олардың туысқандарының үлесі бары бұрыннан айтылып келе жатқан «жыр» болатын. «ҚазАгро» қолға алған жобалардың жиі сәтсіздікке ұшырай беретіндігі де көп қозғалатын. Алайда осы уақытқа дейін «ҚазАгроны» тексеріңдер, осы ұйымның ішіне тығылған шенеуніктер мен олардың туыстарының аты-жөндерін ашық жариялаңдар», деген біреу болды ма? Егер Тоқаев тапсырмаса, бәрі «жабулы қазан жабулы күйінде» қала берер ме еді? Тоқаев тапсырғаннан кейін ғана «ҚазАгроға» қатысты біраз ақиқаттар айтыла бастады. Солардың бірін жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында келтіріпті.
Министр ең алдымен «ҚазАгро» холдингінің қарыздары қашан және қалай жиналғанына, холдинг осындай күрделі жағдайға неге тап болғанына қысқаша тоқталыпты.
-Биылғы жылдың басында нақты жағдайды анықтау үшін біздің шақыруымызбен KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы холдингтің қызметі мен қаржылық жағдайын тәуелсіз бағалады. Бағалау нәтижелері бойынша 2019 жылдың басындағы оның жалпы шығыны 399,1 миллиард теңгеге жеткені анықталды. Бұл 2015 - 2018 жылдар аралығында жиналып қалған қаражат. Оның бәрі холдингте валюталық позицияны басқару тәжірибесінің болмауынан қаржылық тәуекелдердің туындауы, холдингтің қаражаты орналастырылған бірнеше отандық банктің дефолтқа ұшырауы, компанияның еншілес ұйымдарында несие беру процесінің ашық жүргізілмеуі, тағы басқа да себептердің салдары, - дейді министр.
«ҚазАгроның» тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарағаны белгілі. Министр холдингтің жұмысына тікелей жауапты болды. Ал 2015 - 2018 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы министрлігінің тізгіні кімде еді?
2011-2016 жылдар аралығында бұл лауазымды Асылжан Мамытбековтің атқарғаны белгілі. Депутаттардың талай мәрте тоқпағын көріп, ең ақыры Елбасының да сынына іліккенімен, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында дәл Асылжан Мамытбеков сияқты Ауыл шаруашылығы министрлігін ұзақ жыл басқарған ешкім жоқ. Ол бұл креслода бес жылдан астам уақыт отырды. Әлі де отыра берер ме еді, егер жер сатуға қатысты митингілер болмаса. 2016 жылдың мамырында бұл орын Асқар Мырзахметовке бұйырды. Ол бұл қызметті бір жарым жыл атқарып, 2017 жылдың желтоқсанында босатылды (естеріңізде болса, бір айға жуық бос жүріп, кейін Жамбыл облысына әкім болып барған Мырзахметов туралы осы кездері түрлі қауесет қаптап кетті). Келесі министр Өмірзақ Шөкеев болды. Шөкеев те бұл орында бір жылдан астам уақыт қана отырды. Яғни, Омаровтың жоғарыдағы сөздерін тәпсірлесек, «ҚазАгроның» қарызға белшесіне батып, берекесіз тірліктерге ұрынуы дәл осы үш экс - министрдің кезінде болған. Бірақ министр ешкімнің аты - жөнін ауызға алмайды, ешкімнің түсін түстемейді. Қайта керісінше, өткенді қазбаламауға кеңес береді.
-Бүгінде кейбір адамдар агросекторды сынағысы келсе, бірінші кезекте «ҚазАгро»-ны айтады. Меніңше, мәселені қаузай бермей, шешуге тырысуымыз керек. Екі ай ішінде Үкіметпен бірлесіп дағдарыстан шығу жоспарын қарастырдық. 2020 жылдан бастап «ҚазАгро» шығындарды генерациялауды тоқтатады, болашақта пайда әкелетін ұйымдардың біріне айналады. Несие портфеліндегі проблемалық несиелердің үлесі 22%-дан 15%-ға дейін төмендеуі тиіс. Реформаның мақсаты – «ҚазАгро»-ны толық жақсы жағына өзгерту. Бюрократиялық аппарат, сыбайлас жемқорлық және адами факторлар өткеннің еншісінде қалуы керек,- дейді министр.
Яғни, министр осы уақытқа дейін «ҚазАгрорда» сыбайлас жемқорлық пен бюрократияның билеп-төстеп келгенін мойындап отыр. Ал адами факторлардың арғы жағында кімдердің тұрғаны туралы тағы да тіс жармайды.
Министрдің айтуынша, қазіргі негізгі міндет – мобильді шағын холдинг құру. Реформа аясында холдингтің 7 еншілес ұйымының 3-еуі ғана қалады. Желтоқсан айына дейін «ҚазАгроКепіл» АҚ мен «Қазагромаркетинг» ЖШС жабылады. 2020 жылдың сәуір айында «ҚазАгроӨнім» АҚ Аграрлық несие корпорациясына қосылады.
Шамасы осындай қайта құрылымдаулар, ары-бері лақтырулардан кейін жең ұшынан жалғасқан жемқорлар мен бір-бірімен байланысқан бюрократтардың ұзақ жылғы заңсыз тірліктері жабылса керек-ті.
Рейтинг газеті