Шаруалар тиімді технологияларды игеруде

Қысқаша

Түркістан облысының шаруалары жыл санап әлемдегі тиімді технологияларды игеруде.

 шаруалар-1.jpg

Осындай жаңашылдықтың арқасында бүгінде республикадағы жылыжайлар мен тамшылатып суару әдісі енгізілген егістіктердің 70-80 пайызы бір ғана Түркістан облысына тиесілі болып отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығы енді жаңбырлатып суарудың заманауи технологиясын және суды қажет етпейтін бақша дақылдарын егуді қолға алуда.

 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен израилдік инвесторлар және «BS-Agro Produst» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері арасында тәлім егістікте суды қажет етпейтін бақша дақылын егу мәселесі бойынша кездесу өтті. Аймақ басшысы қазақстандық «BS-Agro Produst» компания басшылары, құрылтайшылары және Израиль елінен келген инвесторлар мен ауыл шаруашылығы саласының майталмандарымен өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамыту және әріптестік таныту жайын талқылады. Облыс басшысы суды қажет етпейтін бақша дақылын егуді Ордабасы ауданы, Тоқсансай ауылында жүзеге асыру тиімді де қолайлы екендігін атап өтті. Шетелдік инвесторлар бұл салада өз үлестерін қосатындығын, әріптестік танытуға дайын екендігін жеткізді. Бүгінде «BS-Agro Produst» ЖШС-і 130 гектар жерге жаңа технологиямен суғарусыз әдісі арқылы қарбыз егумен айналысуда. Қарқынды жобаны 2020 жылы қосымша 700 гектар жерде іске асыру көзделіп отыр. Шаруа қожалығы сонымен қатар қарбыз, гүл, жүгері, ноқат егумен айналысады. Кәсіпорын 2013 жылдың қараша айында іске қосылған. Биыл олар 130 гектар жерге қарбыз егіп, жалпы көлемі 40 тонна қарбыз дәнін жинап алуды жоспарлап отыр. Дәл осы тәсілмен егілген қарбыздың дәні шетелдік косметология саласында үлкен сұранысқа ие.

 шауралар-2.jpg

Ал Түркістан қаласының маңында диқандар егістікті АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суара бастады. Мамандардың айтуынша, бұл – өте тиімді тәсіл. Осы бастама арқылы өнім түсімі екі-төрт есеге дейін артады деп жоспарланып отыр.

 

Бүгінде «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Кешенді жоспар аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар  алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық берілуде.

 

Биыл жыл басында «Түркістан Агро ХХІ» ЖШС-нің бастамасымен 131 шаруа қожалық бірігіп, нәтижесінде «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылды. Бүгінде аталған кооперативтің 733 гектар алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суғару технологиясы машинасын орнату жоспарланған. Жобаның құны – 500 миллион теңге. АҚШ-тың «T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Сондай-ақ мұнда 600  миллион теңгеге «МТС құру» жобасы іске асырылуда. Жобалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мақұлданды. Бұл құрылғыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, шаруаларға үлкен қолдау көрсетіліп отыр.

 

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбол Бадырақовтың айтуынша, бүгінде Түркістан қаласы маңында 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасы орнатылған.

 

«Қазір бұл алқапқа күздік бидай егіліп жатыр. Келесі жылдың мамыр айында сүрлем жүгері егу жоспарланған. Жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Мысалы бидайдан орташа өнімділік гектарына 15 – 20 центнер болса, технология арқылы ол 40 – 45 центнерге жетпек. Дәндік жүгеріден әр гектардан 48,5 центнер алынса, жаңа технология арқылы өнім түсімін 115-130 центнерге дейін жеткізуге болады. Жалпы, келесі жылы Түркістан қаласының айналасындағы алқаптарда жаңбырлатып суару әдісі енгізіледі. Осы арқылы азық-түлік белдеуі қалыптасып, елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп қана қоймай, қаланың экологиясы ахуалы да жақсарады», – дейді басқарма басшысы.

 

Рейтинг газеті