Рогозин: «Менің ойымша, бұл жақсы перспектива».
"Роскосмос" басшысы Дмитрий Рогозин Түркияны Ресей мен Қазақстанмен бірге Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану жөніндегі жобаға қатысушы болуға шақырды, деп хабарлайды РИА Новости.
- "Роскосмос" Түркия өзінің ғарыш аппараттарын шығаруына мүмкіндік жасап, өз зымырандарын ұсынуға дайын. Және мұны түрік территориясынан жасаудың қажеті жоқ. Оның орнына біз үш елге жоба жасап, Байқоңырдың бірегей инфрақұрылымын пайдалана аламыз, - деді ол сұхбатында.
Рогозиннің пікірінше, мұндай жобаның қатысушылары Түркия - ұшыруды ұйымдастырушы ел ретінде, Ресей - "технологияларды беруге жәрдемдесетін" және өзінің бірегей ғарыш айлағын ұсына алатын Қазақстан бола алады.
- Менің ойымша, бұл жақсы перспектива, - деді ол.
Осыған дейін, БАӘ Ресеймен және Қазақстанмен бірге "Союз-2" зымырандарын ұшыру үшін ғарыш айлағының стартын модернизациялауға қатысуға келісті.