Күзде сайлау...

Қысқаша

Көп шаруа Байбекпен байланысты болып тұр

14446466561qeif.jpg

 

Елдегі кейбір ақпарат құралдарының жасаған сәуегейлігіне сенсек, дәл қазіргі уақытта каникулда жүрген  депутаттар күзде Парламент партасына қайтып отырмауы мүмкін. Күзде Парламенттің алтыншы шақырылымы таратылып, мерзімнен бұрын сайлау өтеді. Қайталап айтайық, бұл болжам ғана. Әзірге...

 

-Бұған себеп  жоқ емес. Ең алдымен, жақында ғана мерзімнен тыс президенттік сайлау өткізіп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші ел басшысын сайлап алдық. Екіншіден, сайлауды мерзімнен тыс өткізу – қазақстандық сайлаулардың «сәніне» айналғалы қашан?! Жақында сайлау науқаны өтеріне тағы бір темірдей факт – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. 29 шілде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдаған Назарбаев сөз арасында сайлауға дайындалыңдар дегенді айтып қалды,-деп жазады жауырыншылар.

 

Б.Байбекті қабылдау барысында Елбасы былай деген:

 

«Партия халыққа жақын болып, оның мұң-мұқтажын білуге және оған қолдау білдіруге тиіс. Сондай-ақ, партиямыздың кадрлық құрамын мұқият зерттеу қажет. «Nur Otan» өз жұмысын одан әрі жетілдіруді жалғастыра беруі керек.

 

Алда бастауыш партия ұйымы басшыларының кездесуі бар, саяси кеңестің кездесуі бар, болашақта өңір-өңірлерді аралап, партияны алдымызда келе жатқан электоралды мәселелерге дайындауымыз керек».

 

Қазақстан тарихында Мәжіліс ешқашан мерзімінің соңына дейін отырмағаны  белгілі. «Күзде мерзімінен бұрын сайлау өтеді» деген қисынға қаншалықты келеді? Конституция бұған рұқсат ете ме? Рұқсат ететін сияқты. Ата Заңда  «кезекті президент сайлауы Парламент сайлауымен тұспа-тұс келмеуі керек» деп жазылған. Бұдан басқа шектеу жоқ. Президент сайлауын маусымда өткізіп алғанымыз белгілі. Яғни, күзде енді Мәжілісті жаңалап алуға толық мүмкіндік бар деген сөз. Бірақ әзірге бұл жаңарудың қалай жүретіні, қандай сценариймен өрбитіні белгісіз. Ел арасында Парламент палаталарының саны екеуден біреуге қысқарады деген әңгіме айтылады. Бұл құлаққа қона ма? Мұндай реформа жасау үшін Ата заңның біраз баптарын қайта жазуға тура келеді. Сенатты жойып, тек партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы Парламент құру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың позициясына әжептәуір соққы болып тиетіні айтпаса да түсінікті. Президент Сенаттың 15 депутатын өзі тағайындайтыны белгілі. Жоғары палатаның жойылып, тағдыры толығымен «Нұр Отан» партиясының құзырына өтетін Парламентті енді кімдердің билеп-төстейтінін аңғару қиын емес. Осыдан кейін  Елбасы ерекше сенім артқан кадр - Бауыржан Байбектің Алматы қаласының әкімдігінен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары (төраға Елбасы)  болып баруы біреулер ойлағандай өшу емес қайта керісінше өсу екендігіне күмәндануға болмайды. Сайлаудан кейін Байбекті қай креслодан көрер екенбіз?

 

«Ұзынқұлақтан» жеткен әңгімелерге қарағанда, биліктің партиясына қайта оралған Б.Байбек соңғы кездері тым белсенді әрекетке көшкен. Өзіне дейінгі бірінші орынбасардың тірлігін түкке алғысыз қылғаны айтылуда. Байырғы команданы көзге ілмей, қарамағына жігерлі, жалынды жастарды жинап жатқан көрінеді. Рас болса, Байбектің қаһарына іліккен партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың орнына да жақын арада бір жас жігіт тағайындалғалы жатқанға ұқсайды.   

 

Қалыптасқан дәстүрге сай Мәжіліс сайлауымен мәслихат сайлауы да өтеді. Бұл жолы алғаш рет мәслихаттар партиялық тізім бойынша жасақталады. Яғни, депутаттардың түгелдей билік партиясынан сайлануы, араға «бөтендердің» кіріп кетпеуі бұрынғыдан да қатаңырақ бақыланатын болады деген сөз.

 

Бұл туралы әңгімелер әлі алда айтылады...

 

Рейтинг газеті