Қоғамдық көлікте түс ауасы кетіп барамыз. Шымкенттегі ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің қабырғасындағы «Қызғалдақ жолы» граффитиі елең еткізді. «Неткен әдемі» деп дауыстап айтсам керек, жолаушылардың біразының назары ауды. Орта жастан асқан әйел кісі «Осыған да таңырқап... Қаладағы бетімен кеткен жастардың ісі де, бұзақылар!» деп зірк етті. Санамда сауал туындады. Шын мәнісінде, граффити өнер ме, әлде вандализм ба?
Граффити (итал. graffіtі - тырналған, сызылған) — ғимарат қабырғаларына, металл бұйымдарға, сауыттарға т. б. жазылған арнау мәніндегі және магиялық - тұрмыстық сипаттағы жазулар. Көптеген елдердегі көне не орта ғасырлардан қалған қалалар мен елді мекендерде жүргізілетін археологиялық қазбаларда көп кездеседі. Граффити өнерінің жаңғыруы ренессанс суретшілері Пинтуриккьо, Рафаэль, Микеланджело, Гирландайо, Филиппино Липпидан бастау алған. Тарихи деректер бойынша, олар қираған Нероның алтын үйінің қабырғаларына өз аттарын ойып жазған. Тіпті, мысырлық пирамидалардан да Наполеон бастаған француз жауынгерлері қалдырған граффитилер табылған. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен кеңес әскерлері де Рейхстагтың қабырғасына ойып жазып граффити қалдырған.
Граффити мен стрит - артты ұқсас деп тауып, синоним ретінде қарастыратындар көп. Алайда, екеуінің мақсаттары әркелкі болғандықтан, жекелей сала деп таныған дұрыс. ТМД райтерлерінің (граффитимен айналысатын адам) түсінігінше, стрит - арт қандай да бір (әлеуметтік, саяси) мәселелерді креативтілікпен қамтиды. Ал, граффити туынды авторының «менімен» астарлас. Стрит - арт мағыналық ауқымда ой салса, граффитиді түсіну қиынырақ. Ғимарат қабырғасына сурет салу жанры Нью-Йоркта 1930 жылы дамыса, поезд бен метродағы «бейнелеу өнері» 1960 жылы пайда болған. Батыста 1970 жылдардың ортасына қарай граффити өнер ретінде мойындалып үлгерді. Алайда, 1980 жылы қала мэрі болып сайланған Дэвид Ганн граффитиді вандализм, бала кезінде кіші қылмысқа барған өскін үлкейгенде одан зорын жасайды деп бағалайды.
Елімізде 1990 жылдардан бастап граффити пайда болды. Бүгінде елімізде граффити салумен айналысатын 50- ден аса топ бар. Шымкент қаласында қабырғадағы суреттерді «Cross граффити» студиясы салады. Қалалық райтер Азамат Халықовтан граффитиді үшінші мегаполис тұрғындары қалай қабылдайтыны жөнінде пікірін сұраған едік.
Азамат Халықов, «Cross раффити» студиясының райтері:
Граффитиге
қызығатындар көп
- Ең алғаш салған граффитиіңіз есіңізде ме?
- Мен алғаш рет баллонды 8 жыл бұрын, 18 жасымда қолыма алдым. Ол туынды Шымкеттегі Мәделі қожа көшесінің бойында салынған еді. Қарапайым мульт кейіпкерін бейнелесем де, бойымды қорқыныш биледі. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен мәселе туындар ма екен деп қорықтым. Бұл істі қауіпсіз салдары бар деп қарастыру мүмкін емес еді. Себебі ел оны тек вандализм деп түсінетін. Бұл көпттеген мықты райтерлердің өзін тұншықтыруға себеп болатын фактор. Біздің қоғамда «райтермін» дегеннен «муралистпін» деген оң қабылданады. Муралист- монументальдық кескіндемемен айналысады, стрит - артпен айналысатындарды райтер деп біледі.
- Граффити мен мурализмде айырмашылық бар ма?
- Терминдік шекара бар. Екеуінің ортақ тұстары өте көп. Мурализм өнер ретінде өзін қалыптастырған жанр. Сюжеттік және мағыналық тұрғыда мурализмде сапа жоғарырақ.
- Шымкенттіктер стрит - артты қалай қабылдады?
- Бастапқыда бұзақылық ретінде бағалап, түрлі мәселелер туындайтын. Кейіннен граффитиді ыстық ықыласпен қабылдайтындар табылды. Қала әкімінің экс - орынбасары Данат Жумин «facebook» парақшасында біздің жұмысқа оң пікір білдіргені жағымды әсер етті.
- Граффити хобби ма әлде кәсіп пе?
- Дәл қазір мен үшін - кәсіп. Граффитиге қызығатындар көп. Арнайы тамақтану орындарына, ойын-сауықтық орталықтарға тапсырыспен сурет саламыз. Мен бұл шаруаны халық дұрыс қабылдауы үшін көп тер төктім. Өзім балонды қолыма әр алған сайын шығармашылық еркіндікті және жауапкершілікті сезінемін.
- Көп адамдар граффитиді бұзақылық деп бағалайды. Сіз бұл пікірді қайтсек өзгерте аламыз деп ойлайсыз?
- Шынында, граффитиді вандализм деп бағалайтындар аз қазір. Ой саларлық, сапалы жұмыс қаншалықты көп болса, райтердің жұмысына сүйіспеншікпен қарайтын аудитория соншалықты қалыптасады. Қазір біздің студияның еңбегін шымкенттік тұрғындар жақсы қабылдап, қолдау көрсетеді. Әлеуметтік желілерде граффитиден кейінгі эмоцияларын бөлісіп, біздің туындыны салатындар көп.
- Граффити студияларыңызға үйрену үшін келетін жасөспірімдер бар ма?
- Бізде он бес жасар екі райтер бар. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар эмоцияға бейім келеді. Граффитиге ой мен идея керек. Жасөспірімдердің бойынан ұшқыр ой мен қайрат көп табылады.
Стрит-арт пен граффитиді замануи өнер ретінде бағалайтындар, сонымен бірге көше өнері ретінде қарайтындар да бар. Өнер ретінде бағалайтындар граффити суреттері мен жазуларын көше әндері секілді дамып өркендеуге құқылы деп есептейді. Алайда жеке меншігіндегі дүниеге біреу атын жазып, түсініксіз суретін салып кеткенін ешкім де қаламайтыны анық. Мысалы, Нью-Йорк қаласында көше суретшілерімен күресетін мамандандырылған полиция қызметі бар. Қабырғаға сурет салғыңыз келсе, ақысын төлейсіз. Германияда көше өнерімен айналысатын суретшілерді ұстап, бас бостандығынан айыратын заң да бар екен. Мектеп оқушыларының тарапынан қабырғаға жазылған жазулар да граффити болып саналады. Граффитидің өнер емес вандализм деп қабылдануына мектеп жасындағы авторлар көбірек ықпал етеді. Осы орайда, кәмелеттік жасқа толмағандардың қоғамдық орындарға түрлі мағынадағы мәтіндерді не үшін жазатынын білгіміз келіп, психолог Бебіт Қазыбековке бірнеше сұрақ қойдық.
Бейбіт Қазыбеков, психолог:
Қабырғаға жазу жазғыш балалар ұялшақ келеді
- «Жасөспірімдердің «туындылары» шығармашылық жетілу барысындағы еңбек пе әлде психологиялық күйзеліс кезіндегі антистресс пе?
- Мектеп жасындағы балалардың партаға, қоғамдық орындарға жазу жазуы бұрыннан бар құбылыс. Әр психолог өзінше талдау жасайды. Биховеристік және когнитивті психология өкілдері бұл әрекетке оң қабақ танытады. Фрейдизм бұл теорияны мойындап жарытпайды. Ақын М.Шахановтың Гүлдәурен әнінде:
« Сездіруге батпадым да,
Бала махаббатымды,
Терезенің жақтауына
Ойып жаздым атыңды.»,- деген жолдар бар ғой. Қоғамдық орындардағы баланың шығармашылығы оның ішкі сырымен астасып жатыр.
- Бұл типтегі балаларға қоғамдық орындарда өзін ұстау әдебін меңгеру қажет пе, әлде жайлы орта табуға көмектескен абзал ма?
- Мұндай балалардың ойын шектеп, бірден тыйым салмаған абзал. Граффити тек қабырғаға ғана емес қағазға да бейнеленеді ғой. Қағазбен жұмыс істеуге ұсыныс жасап көру керек. Бас салып «жасама!» деу баланың дарынын өлтіреді. Қарсы алдыңызда болашақ Әбілхан Қастеев тұрған болуы мүмкін ғой. Сырласып, шер тарқату жөнінде балаға бірден айтпау керек. Ата-анасымен байланыс жасап, сұқбаттасқан дұрысырақ. Ұлы тұлғалардың көбі жалғыздықты ұнатқан ғой. Оларға жалғыздық шығармашылық үшін қажет болуы мүмкін. Орта қалыпастыруды үйретуге күш салған Дейл Карнегидің өзі жалғыздықты жақсы көрген. Сол себепті кез келген ересек адам баланы күштеп жетістікке сүйрей алмайды. Гүлге көп су құйса, солады. Балаға көп қысым жасаса, күйрейді.
- Баланың бейәдеп сөздер жазу әдетін қалай қойдыруға болады?
- Баламен жақсылап сөйлесу керек. Жыныстық сипаттағы сөздерді қоғамдық орындарға жазушы авторлар жыныстық жетілуді бастан өткеріп жүрген шақтағы өскіндер. Ал егер этикадан тыс сөздерді жазған бала болса, әңгімелесу барысында бейәдеп сөздерді қолданатын, яки қолданбайтынын жеңіл сұрақ-жауап барысында анықтайсыз. Қабырғаға жазу жазғыш балалар ұялшақ келеді. Ата-анасына айтпай, баланы жасытпай шешім табуға болады. Кей балалармен 13-14 жастағы жасөспірім кейпіне еніп сөйлесетін кездер болады. Олар бұзақы әрекетке бармай келер жолы кабинетіңнің есігін қағып, сыр бөлісетіндей фактор қалыптастыруға тырысу керек. Бұзақылыққа толыққанды емес отбасынан шыққан балалар барады деген қоғамдық стереотип, тәжірибесіз мамандардың ақталу үшін жасаған әрекеті. Бұл типтегі балалар саналық жетілуді ерте бастан кешіреді. Және жауапкершілігі жоғары болады. Оларға БАҚ арқылы «бұзақылық толыққанды емес балалардың тарапынан жасалады» деп соққы берген дұрыс емес. Жерден жеті қоян тапқандай ерекше қамқорлықты талап ететін балаларды жасытатын аудиторияны мүлде түсінбеймін. Балаға әр қадамда қолдау керек. Ата-анадан ала алмаған психологиялық ресурсты бала бәрібір табады. Суға шомылып жатқан адам «су астында ауа жоқ» деп тұншығып өлмейді ғой. Тиісінше судан басын көтеру үшін әрекет етеді. Балалардың психологиялық қолдау іздеуі де осы тектес құбылыс.
P.S. Қабырғадағы суреттің бейнелеу өнерінде түрлі жанрларға бөлініп қарастырылатынын аңғарған боларсыз. Балалардың жай ғана жазған жазуы құқықбұзушылықтан өнерге дейінгі ауқымды қамтиды. Өнер ауқымына жетуі үшін қоғамның қолдауы қажет. Тасқа қашап тарихын жазған иісі түркіге граффити жат емес. Райтерлердің оза шапқанын стрит - артта «патша» деп атайды екен. Қаламыздан да әлемдік деңгейде бейнелеу өнерімен айналысатын «патша» шығады деп үміттенеміз. Францияда әуелеген Әміренің үні іспетті бір қарадомалағымыздың граффитиі халықаралық көрме төрінде сап түзеріне сенеміз.
Рейтинг газеті