Шымкентте қолөнер орталығы ашылмақ

Қысқаша

​Шырайлы Шымкент өнердің ордасы деп жатады. Ол негізсіз емес.

e2ca0b9a4daf3e020c87bcb086f1f668.jpg

Қаланың тарихына үңілер болсақ, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан әсем шаһарда ұлттық өнер айтарлықтай дамыды. Ағаштан, темірден түйін түйген ұсталар мен саздан құмыра, ыдыс жасаудың шеберлері сол заманда талайды тамсандырған. Бертін келе де өңірде өнеріне бас иген қаншама қолөнер және қылқалам шеберлері дүниеге келді.  Елімізде қолөнердің «Хас шебері» атағы бар-жоғы төрт адамға берілген. Соның біреуі  осы  Шымкенттің тұрғыны, он саусағынан өнері тамған Бибажар Симова.  Сондай-ақ Бейсбековтердің қайталанбайтын бірегей туындылары да елдің көңілінен шығып жүр. Отбасымен ұлттық өнерді дәріптеп келе жатқан шеберлер ұлттық өрнектегі киім-кешек, киіз, алаша, кілем мен түрлі кәдесыйларды жасайды.

Бүгінгі күні  күнгейлік шеберлердің қолөнер бұйымдары өз маңыздылығын жоғалтпай келеді. Халық арасында үлкен сұранысқа ие.  Енді шымкенттік қолөнер шеберлері туындыларын насихаттау барысында қиналмайтын болды. Себебі  Шымкентте бірегей қолөнер орталығы ашылмақ.

Жақында  жергілікті қолөнершілер мен алматылық «Qazaq Oner» ұлттық қолөнер орталығы мүшелерімен кездесу өтті. «Атамекен» бизнес орталығында өткен басқосуға кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері қатысты. Олар Алматыдағы «Қазақ өнер» ұлттық қолөнер орталығының жұмысымен танысып, сондағы мамандармен тәжірибе алмасты. Шымкенттіктер жасаған кәдесый өнімдері де енді бірыңғай стильде ұсынылмақ. Сондай-ақ, қолөнершілердің жұмысын оңтайландыруға арналған тарихи-мәдени орталық ашу көзделуде.

«Шымкент қаласында қолөнершілер мен кәдесый бұйымдарын жасайтын азаматтардың бизнесін дамыту, одан әрі ілгерілету және Алматы қаласының тәжірибесі негізінде қолөнершілерді біріктіретін шеберхана ашуды мақсат етіп отырмыз», - деді жиында  Шымкент қаласының туризм басқармасының  басшысы Тұрар Ахметов. Кездесуде кәсіби мамандар кәсіпкерлер мен қолөнершілерге өз ісін ашып, дөңгелетіп алып кету үшін қажетті іс-шараларды, түрлі жеңілдіктерді түсіндіріп, ұсынды.    «1С-Битрикс Қазақстан» қамқоршылық бөлімінің жетекшісі Мөлдір Оспанова: «Қолөнерді әлемдік деңгейде дамыту керек.  Ол үшін интернет-сауданы дамытып, интернет-дүкен ашу қажет. Мәселен, бүкіл Қазақстан қолөнершілер сайтының каталогын жасауға болады»,-  дейді.

Енді ұлттық өнерді дамытуды көздеген шымкенттік шеберлер үшін барлық кедергілер жойылады.

Рейтинг газеті