Әр ауданның әлеуметтік картасы жасалады

Қысқаша

Алдағы уақытта Шымкент қаласындағы төрт ауданның әлеуметтік картасы жасалатын болады. Мұндағы мақсат қаланың шеткері аумақтарында орналасқан елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін өзектілігіне қарай тиімді шешу.

caf86f4385b92c06d123dd1dee35324b_XL.jpg 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов төрағалық еткен жиында қалаға соңғы жылдары қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жүктеді. 

 

Бұдан бөлек, әкім шеткі аймақтардың инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарына жеке инвесторларды да қатыстыру қажеттігін атап өтті. Тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру әкімдіктің басты мақсаты екенін айтқан қала әкімі ең алдымен мегаполисті қоқыстан тазартуды, сонымен қоса шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін тұрақты түрде көшпелі медицина қызметі мен жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мем–лекеттік қызметтерді ұйымдастыруды тапсырды.  

 

Аппарат отырысында сонымен қатар, жылу беру маусымына дайындық барысы мен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Осы салаға жауапты мамандар жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтып, 20 тамызға дейін медициналық мекемелер мен мектептер қысқа дайын болатынын мәлім етті. Қала басшысы жылу маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырып, штаб отырысын аптасына екі рет өткізу қажеттігін айтты.  

 

Сонымен қатар әкім өткен жылғы жіберілген кемшіліктерден сабақ алуды, биыл ол жағдай қайталанбау керектігін ескертті.

 

Қала әкімі Шымкенттің аудандарын аралап, елді мекендердің проблемаларымен танысуда. Әкім Абай ауданындағы Жаңаталап, Игілік тұрғын алабтарының инфрақұрылым жүйелерімен және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, қоғамдық көлік, ауызсу, газбен және сапалы электр жарығымен қамту сынды мәселелерін тыңдады. 

 

Тұрғындар көтерген мәселе орынды екенін айтқан қала әкімі қала бюджеті бірінші кезекте шалғайдағы аудандардың инфрақұрылымын дамытуға бөлінетінін атап өтті. Сонымен қатар, түйінді мәселелердің уақтылы шешілуін жеке өзі қадағалайтынын жеткізді.

 

– Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елді мекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, «көгілдір отын» мен тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десек те болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылды жерлерге үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналды мәселелерді рет-ретімен шешеміз, – деді Е.Айтаханов. 

 

Қала әкімі, сонымен қатар, ауданда заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азаматтардың жұмысына назар аударды. Тиісті сала жетекшілеріне осы жұмыстардың заңдылығын анықтап, шара көруді тапсырды. Сондай-ақ, өз мақсатында пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.

 

Ерлан Қуанышұлы Абай ауданының әкімі Б.Пармановқа және сала басшыларына елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, ауданға жасаған жұмыс сапары барысында әкімдерге күрмеуі шешілмеген ең өзекті проблемалы нысандарды көрсетуді атап өтті.

 

Рейтинг газеті