Арыс қалпына келтірілді

Қысқаша

Оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласында бір ай ішінде бүлінген ғимараттардың 90 пайызы қалпына келтірілді. Оның ішінде 6,5 мыңнан астам тұрғын үй жөндеуден өтті. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. Ал 62 әлеуметтік нысан,

Укимет арысты.jpg

Үкімет жетекшісі әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап, И. Журба атындағы мектепті, қалалық аурухананы, теміржол вокзалын, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сапар барысында кеңес өткізді. Кеңесте қорғаныс министрі Н. Ермекбаев, Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ. Өскенбаев, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Б. Сандықбаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары О. Ордабаев өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша баяндама жасады.

 

– Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында еліміздің барлық өңірлері, ұлттық компаниялары, ірі бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысты. Бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды, қаланы қалпына келтіруге 10 мыңнан астам құрылысшы қатысты, – деді А.Мамин жиында.

 

Үкімет басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге атсалысқан барлық отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдіріп, тиісті құрылымдарға тапсырмалар берді.

 

Біріншіден, өңірлер бекітілген секторларындағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын аталған мерзім ішінде толығымен аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс. Бұған дейін де айтылғандай Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, әр сектордағы құрылыс жұмыстарын жүргізу әр облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына бөлініп берілген. Бірақ кейбір өңірлердің тірлігі шабандау. Премьер-министр Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы бекітілген секторларында жұмыс қарқынын күшейтіп, құрылыс барысын қатаң бақылауға алуы қажеттігін айтты.

 

Екіншіден, Түркістан облысының әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, Арыс қаласының және қала маңындағы елді мекендер тұрғындарына бір реттік өтемақы төлеу жұмыстарын толығымен аяқтауы тиіс. Қазіргі уақытта тұрғындарға 100 мың теңгенің банк карточкалары үлестіріле бастады. 100 мың теңге тіркеуде тұрғандарға түгел таратылады. Анықталған 55 мыңнан астам адам 12 тамыздан бастап қаражатқа қол жеткізеді. Қызылорда, Жамбыл және Шымкенттен «Халық банкінің»120 қызметкері Арысқа арнайы келіп жұмыс жүргізуде.

 

Үшіншіден, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, қаланың барлық коммерциялық нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауы керек.

 

Төртіншіден, Қорғаныс министрлігі бекітілген Жол картасы бойынша қоймалардағы қару-жарақтарды шығаруды жүйелі түрде қамтамасыз етіп, Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әскери қалашықтағы әскерге қатысы жоқ 58 отбасының мәселесін пысықтауы тиіс.

 

Қазіргі таңда зардап шеккен 7516 жеке үйдің 6611-і немесе 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалған 905 бірқабатты жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау қажет. 67 көпқабатты үйлерді, сонымен бірге барлық 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру жұмыстарын  20 тамызға дейін бітіру керек. Осыған орай, штабтардың жұмысы 20 тамызға дейін жалғасады.

 

А. Мамин Үкіметтің  Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын атап өтті.

 

Рейтинг газеті