12 перзенттің анасы

Қысқаша

Бәйдібек ауданының Боралдай атырабында жергілікті халықпен бірге бірнеше этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.

12 перзент.jpg

 

Тағдыр талайымен туған жерлерінен еріксіз қоныс аударылған этностардың ішінде күрд ұлты да бар. Боралдай атырабына қарасты Амансай елді мекеніндегі Уардак Бархударова Қазақстанға табан тірегенде небәрі алты жаста ғана екен. 1937 жылы Әзірбайжан елінің Нахчиванский ауданы, Кигач селосынан депортацияланған ұлт өкілдері Жамбыл облысындағы Талас ауданына келеді.

 

- Ол кезде оң мен солымды білмейтін бала едім. Ата-анам 4 перзентін алып, саясаттың толқынымен қазақ жеріне келді.  Міне 82 жыл болыпты қазақ жерінде, қазақ деген дархан халықпен бірге өмір сүріп жатырмыз. Алты жаста келген менің өзім қазір өсіп - өніп, ақ шашты әже болдым. Әке-шешем арып-ашып келгенде құшағын жая қарсы алған қазақ халқына өмірден өткенше риза болып кетті,- дейді бүгінде 88 жасқа елген Уардак әжей.

 

Ол кісі 1949 жылы Али Бархударов есімді жігітке тұрмысқа шығады. Бәйдібек ауданына 1956 жылы қоныстанып, құдай қосқан қосағы, марқұм Али Жамбылдағы мұғалімдер даярлайтын педучилищені, одан кейін Шымкенттегі пединститутты бітіріп, Амансай ауылындағы мектепке мұғалім болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыпты Али мен Уардак 12 перзентті өмірге әкеліп, өсіріп тәрбиелеген үлкен отбасы атанады. Қазір құрсағынан өрбіген 5 ұл, 7 қызы бір-бір шаңырақ иесі. Олардан өрбіген 45 немере, 71 шөбере Бархударовтар отбасын үлкен әулетке айналдырған.

 

- Күйеуім дүниеден ертерек кетті. Балаларымның үлкені Исмайыл іні-қарындастарына қамқор болды. Бүгінде оның да жасы жетпіске таяп қалды,- дейді Батыр ана –Уардак әжей.

 

Қара шаңыраққа ие болған Исмайлдың қолында немере, шөберелер ортасында отырған кейуананың тілегі тек тыныштық.

 Рейтинг газеті