Көпқабатты тұрғын үйлер жаңа кейіпке енеді

Қысқаша

Кентау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы дерлік кондоминумға тіркелген. Қаладағы 74 үй 2020 жылы, 73 тұрғын үй 2021 жылы күрделі жөндеуден өткізілмек.


 Яғни жөндеу жұмыстары әр жылы жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер жаңа кейіпке енетін болады.

Бұл жұмыстардың барлығы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының» тұрғын үй қорын жаңғырту бағыты аясында атқарылады. Осы орайда 2019 жылға Кентау қаласындағы 44 көпқабатты тұрғын үйлердің ішінен 14  үйдің қаржысы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған.  Қалған 30 көпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізуге Түркістан облыстық мәслихатының бюджеті нақтыланып, қаржы қарастырылды. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда жүргізіліп жатқан қаржы бөлу мәселесі шешімін тапқан соң шілде айының 3-онкүндігінде аталған 30 көпқабатты тұрғын үйдің ортақ мүліктеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Шатырасты ағаш конструкциялы және профнастил жабындымен ауыстыру, сыртқы подъезд есіктерін металл код құлыптарын,  кіреберіс ағаш терезелерін ПВХ материалдарына ауыстыру, подъезд жөндеу,  су, кәріз, жылу құбырларын жөндеу, фасад бойынша бірқабатты сылақ және бояу жұмыстары қолға алынбақ. Бұл орайда тұрғындарға 3 түрлі нұсқа ұсынылып, жұмыстар таңдалған нұсқа бойынша жүргізіледі.