Жалпы Арыс қаласында 8409 жеке, 104 көпқабатты тұрғын үй бар. Жарылыс кезінде мүлдем жарамсыз күйге түскені – 186 жеке, 8 көпқабатты үй, ал зақымдағаны – 7178 жеке, 95-сі көпқаббатты үй екенін еске сала кетейік. Бұдан өзге Арыс қаласындандағы 14 мектеп, 2 аурухана, 28 балабақша, бірнеше мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына зақым келген. Арыс қаласында 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіру «Самұрық – Қазына» әл-ауқат қорына тапсырылған. Оның 54-і білім нысандары, 8-і денсаулық сақтау, 4-уі спорт нысандары. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 66 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаладағы 300-ге жуық кәсіпкерлік нысандар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен жөндеуден өткізілетін болады. Өзге өңірлер мен аудандар да өз үлестерін қосуда. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы мен Мақтаарал ауданының әкімдігі бірлесіп, Арыс қаласының 8-ші секторында 5 үйдің құрылысын қайта бастап, 437 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін Шығыс Қазақстан облысынан 10 құрылыс компаниясы келіп, барлығы 370 маман құрылыс жұмыстарына тартылған. Cондай-ақ, бүгінге дейін 22 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталған.
Құрылыспен қатар жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелері, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етілуі де облыс әкімдігінің назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, жуырда облыс әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде Түркістан облысындағы 50 шақты тауар өндіруші 200 тоннаға жуық өз өнімдерін ұсынды. Тауарлар қала тұрғындарына базар нарқынан 30%-ға төмен бағада сатылды. Жиналған өнімдердің жалпы құны 67 млн. теңгеден асады.
Рейтинг газеті