Сұлтанның сегізінші жеңісі

Қысқаша

6-шы шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында «Top Rank», «MTK Global» және «MTK Kazakhstan» промоутерлік компанияларының ұйымдастырылуымен үлкен бокс кеші өтті.

Слтан.jpg

 Тартысқа толы он кездесу жоспарланған кештің үш жекпе-жегінде чемпиондық белбеулер сарапқа салынды. «Барыс-Арена» спорт кешенінде өткен байрақты бәсекеде Шымкент бокс мектебінің екі бірдей тәрбиеленушісі бақ сынады.

 

 Жеңіл салмақта (61,2 келі / 135 фунт) жұдырықтасатын жерлесіміз Сұлтан Заурбек сегізінші жекпе-жегін Грузиядан келген Георги Гачечиладзеге қарсы өткізді. 8 раундқа жоспарланған кездесу 7-раунда Сұлтан Заурбектің пайдасына шешілді. Қарсыласын техникалық нокаутпен жеңген ол өз мансабындағы сегізінші жеңісіне қол жеткізді. Айта кетейік, әлемнің вице-чемпионы кәсіпқой рингке 2018 жылдың қазанында ауысқан болатын. 23 жасар былғары қолғап шебері «МТК Global» ұжымымен келісімге отырғаннан кейінгі 9 айда 8 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. 2 жүздесуде төрешілер шешімімен жеңіс тұғырынан көрінген Сұлтан 6 кездесуді уақытынан бұрын аяқтаған.

 

– Қарсыласым өте шыдамды, соққы көтере алады. Сонымен қатар, өз еліңде жұдырықтасу да үлкен жауапкершілік. Алдыңғы жекпе-жектерімнің барлығы сырт алаңда болды. Бұл жолы өз елімде болғасын көрерменнің ерекше ықыласы бар, сол үшін де біраз қиынға соқты. Жанкүйерлердің барлығы нокаут күтті. Қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Мамыр айындағы бәсекеде сол қолымды жарақаттап алған болатынмын. Сол себепті бұл жекпе-жектен бас тартуды ойладым. Бірақ, менеджерлер кездесу туған жерімде өтетінін және мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын айтты. Рақмет, мен ризамын! Қыркүйек айында Лондонда жекпе-жек болады, соған дейін демаламын. Жыл соңында титулдық жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол WBC нұсқасы бойынша ұйымдастырылуы мүмкін, – дейді кәсіпқой боксшы Сұлтан Заурбек.

 

Бокс кешінде екінші орта салмақта бәсекеге түскен жерлесіміз Абай Төлеш ауғанстандық Дада Рахимиді жеңді. 6 раундқа созылған кездесу төрешілер шешімімен Абайдың пайдасына шешілді. 2018 жылдың сәуірінде кәсіпқой боксқа ауысқан ол, осыған дейін қос жекпе-жек өткізіп, екеуін де нокаутпен аяқтаған.

 

Қазақстан, Франция, Мексика, Аргентина, Ирландия, Венесуэла, Бразилия, Грузия, Әзірбайжан, Ауғанстан, Индия, БАӘ және Украинадан келген боксшылардың жекпе-жегін әлемнің 60 елі тікелей эфирде тамашалады. Америкалық ESPN телеарнасы тұңғыш рет Орта Азиядан тікелей эфирде бокс кешінен трансляция жасады. Қазақстанда турнирді QazSpоrt телеарнасы тікелей көрсетті.

 

Ауқымды шараның басты кездесуінде отандасымыз Жанқош Тұраров пен аргентиналық Мауро Годоймен WBO Іnter-Contіnental чемпион белбеуін өзара сарапқа салды. 10 раундқа жоспарланғанымен жекпе-жек 3-раундта уақытынан бұрын аяқталды. Осылайша, Жаңқош Тұраров кәсіби рингтегі 24-ші белесін бағындырады. Ол енді бірінші жартылай орта салмақта WBO тұжырымы бойынша интерконтинентал чемпионы.

 

Рейтинг газеті