Өнеркәсіп көлемі екі есе артып, 60 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады. Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай мәлімдеді.
Әкім тұрғын үй құрылысын дамыту бағытына тоқталды. Бас жоспарға сәйкес әкімшілік әрі іскерлік «Шымкент сити», «Тұран» шағынаудандарындағы жер телімдері мен Қошқарата өзенінің жағалауы көпқабатты тұрғын үйлер салу үшін белгіленіп отыр. Кешенді жоспар аясында аталған аймақтарға инженерлік жүйелер тартылуда. 2023 жылға дейін 20794 пәтерлі 319 көп қабатты тұрғын салынады деп жоспарланып отыр.
Мегаполис басшысының мәлімдеуінше, қаладағы демографиялық өсімге байланысты жыл сайын оқушылар саны 10 мыңға артады. Бүгінгі таңда 19 мектептің үш ауысымға өту қауіпі бар. Осыған қарай 23500 оқушыны қамтитын 15 жаңа мектеп ғимараттарын салу қарастырылған. Сонымен қатар, жекеменшік мектептер санын арттыру көзделуде. Денсаулық сақтауды дамыту аясында жеке инвестициялар есебінен 1000 төсек-орынды көпбейінді аурухана салу жоспарланған.
Ғабидолла Рахматоллаұлы 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында таныстырған болатын. Үкімет басшысы бағдарламаны қабылдады. Осы отырыста Шымкенттегі туризм саласының болашағы да сөз болды. Бұл ретте «Цитадель» қалашығын қайта жөндеу және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау туристердің қосымша ағынын қамтамасыз етеді. Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін мен синергетикалық әсер береді.
Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД мәдени астанасы болып жарияланды. Осы ретте мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың әзірлігін уақытылы қамтамасыз ету тапсырылды.
– Кешенді жоспарды іске асырудың арқасында Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 2018 жылғы 2 трлн теңгеден, 2023 жылға қарай 3,5 трлн теңгеге дейін жеткізіледі, – деді Асқар Мамин Ғабидолла Әбдірахымовты қоштап.
Рейтинг газеті