100 млн. доллар инвестиция!

Қысқаша

Шымкент мегаполис атанғалы сыртқы инвестиция көлемі күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда бірқатар ауқымды жобалар шетелдік компаниялардың қаржыландыруымен жүзеге асып отыр.

непал.jpg

 Непалдық миллиардер Шымкентте аквапарк салады. Бұл жайлы Үкімет отырысынан кейін тілшілерге Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті.

 

 «Chaudhary group» (GG Global) халықаралық холдингінің негізін қалаушы кәсіпкер Бинод Чаудхари Шымкент қаласындағы «Happy land» отбасылық ойын-сауық кешенінің құрылысына инвестиция салуға дайын отыр. «Happy land» аквапарк, SPA & Resort қонақүйі, аттракциондар паркі, жабық ойын-сауық орталығы, табиғат паркі және гольф-клуб секілді алты сегменттен тұратын ең ірі заманауи, отбасылық ойын-сауық кластері саналады.

 

– Инвесторларды іздестіру кезінде Шымкентке Непалдан миллиардер келді. Ол біздегі осы жобаға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі кезде оның компаниясы Дубайдағы аквапарктің жобалаушыларымен келліссөздер жүргізіп жатыр. Олар өздерінің командасымен 13 шілде күні Шымкентке келіп, үш күн бойы жобаны пысықтайды. Біз 100  гектар жерді бөлдік, ол жерде тиісті коммуникациялар бар». Жалпы жобаның құны 100 млн долларды құрап отыр. Оны іске қосуға екі жыл уақыт керек болады», - деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

 

Шымкент қаласына инвестиция салуға ниетті «CG Global» қожайыны Бинод Чоудхари 2013 жылы Forbes тізіміне енген. Әлемнің 30-дан астам елінде 11 түрлі бағытта жұмыс істейтін 80 компаниядан құралған (6 мың қызметкер) корпорацияны құру үшін оған 40 жыл қажет болды. Бүгінде оның байлығы  1,6 млрд долларды құрайды.

 

Рейтинг газеті